Ретсiз саудадан тазартылды
Среда, 30 Март 2016 05:00Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың тапсырмасына сәйкес, жабайы сауда орындары мен заңсыз қызмет көрсетіп келе жатқан дүңгіршектерге қарсы күрес шаралары қызу жүргізілуде. Осыған орай Әл-Фараби ауданы аумағында кезекті рет рейд өткізілді.
Белгіленбеген орында жеміс-жидек сатушылар базар ішіне көшіріліп, ал жаяу жүргіншілер жолында орналасқан дүңгіршектер жүк көлігіне тиеліп, аумақ ретсіз саудадан тазартылды.
Аудан әкімінің орынбасары Серік Нұрмановтың айтуынша, жергілікті полиция қызметкерлерімен бірлесіп, аудан аумағындағы ретсіз саудамен күресті күшейткен.
– Біз «Қырғы базардың» сыртында, көше бойында сауда жасайтын сатушыларға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, 42 сауда нүктесін базар ішіне көшірдік. Ал жыл басынан бері заңсыз тұрған 8 дүңгіршек алынып, 32 хаттама толтырылды. Оның 25-іне айыппұл салынды. Жергілікті полиция қызметкерлерімен бірлесіп, күнделікті бақылап, рейд өткізудеміз. Ретсіз саудамен күрес жұмыстары жалғасатын болады, – деді С. Нұрманов.
Мұхтархан АТАХАН, қолөнершi: «Төл өнерiмiзге адалдық танытсақ»
Пятница, 25 Март 2016 05:44Шымкенттік қолөнерші Мұхтархан Атаханның жасаған туындылары тек елімізде ғана емес, шетелде де сұранысқа ие. Республикалық, халықаралық көрмелерге жиі қатысады. 16 жылдан бері ағаштан ою ойып, осы өнерді өзіне серік еткен ол бүгінде дарынды балаларға арналған «Өнер» мектеп-интернатында ұстаздық қызмет етіп, шәкірттерге бар білгенін үйретіп жүр. Жақында үйінде қонақ болып, тілдесіп қайтқан едік.
– Мұхтархан аға, қолөнерге қалай, қашан келдіңіз? Бұл кәсіпке бет бұруға не түрткі болды?
– Қолөнермен 2000 жылдан бері айналысып келемін. Бірде жұмыстан келіп, ағаш жарып отырсам, Шерхан деген үлкен ұлым көшеден бәкі тауып келіпті. «Мынадан мультфильмдегі кейіпкерді жасап беріңіз» дейді. Балама түрлі кейіпкерді ойып берем деп жүріп, осы кәсіпке ойыстым. Кейін көрмелерге қатыса бастадым. Ал оған дейін құсбегілікпен, атбегілікпен айналыстым. Мемлекеттік қызметте де жұмыс істедім. Адам өзінің неге қабілетті екенін, деңгей-дәрежесінің қаншалықты екенін білмей, меңгермей үлкен нәрсеге жеттім деп ойламауы керек. Бізді кей кезде ардақтап, марапаттап, шебер деп жатады. Дегенмен, біз шебер емеспіз, Алла шебер. Халықтың ықылас-пейіліне рахмет. Біздің жұмысымыз – кешегі бабалардың қалдырып кеткен аманатын, ағаш бұйымдардың формасын өзгертіп, болмаса тағы бір ерекшеліктер қосып түрлендіріп, ұлттық дәстүрімізді дәріптеу.
– Ұлттық өнерді шет мемлекеттерде насихаттап жүргеніңізді білеміз. Жиі көрмелерге қатысасыз. Қандай ой түйдіңіз?
– Венгрия, Болгария, Румыния, Финляндия, Түркия, Грекия, Біріккен Араб әмірліктерінде болдым. Олардың өздерінің төл мәдениетіне аса бір ыждағаттылықпен, құрметпен қарайтынын көріп, риза болып қайттым. Жақында Біріккен Араб әмірлігіне барғанда Египет, Марокко, Ауғанстан, Иран, тағы басқа елдердің зергерлері, ағаш ұсталары келді. Сонда сол шеберлерден біздің шеберлеріміздің деңгей, дәрежесі бір саты төмен емес екенін дәлелдедік. Шаңқобыз тартып-ақ оларды таңғалдыра алдық. Кез келген мемлекет өзінің ұлттық құндылығына қамқорлық жасауы керек. Ал бізде шеберлердің мектебін ашу, тағы басқа нәрселер кенже қалып жатқаны өкінішті-ақ жағдай. Кей кезде әріптестеріммен, басқа жандармен жолығып қалған кезде «Мұхтархан, сенің шеберханаңа барғымыз келеді» дейді. Менде шеберхана жоқ. Бұрын біздің бабаларымызда шеберхана болмаған. Киіз үйді қай жерге апарып тігеді, сол жерде сексеуілдің шоғын қыздырып, көрік басып, зергерлік бұйымдар жасап, ағаш ойып, шеберхана жасап алады. «Басымызға күн туды, басқа жаққа көшеміз» десе бір сағатта, буып-түйіп, жиналып көшіп отырған.
– Сонда сіз осыншама керемет туындыларды қайда жасап жүрсіз?
– Үйімде, «Өнер» мектебінде жасаймын. Бастысы өз кәсібіңе деген ынта-ықылас қажет. Кез келген жұмысты махаббатпен істеуің керек. Бірақ бізде кей жандар «ана жұмыс маған лайық емес» деп пендешілікке салынып жатады. Басшылық қызметтерге ұмтылады. Өмірдегі ұстаздарымның бәріне ризалық көңілмен қараймын. Өйткені «жақсыны көрсең жанынан қалма, шарапаты тиеді» дейді, шарапаты мол азаматтармен дидарласып, сұхбаттасып, соларға үзеңгілес болмасам да, үзеңгісін ұстап, жанында жүрдім. «Жақсы аға көрсең, өкшесін баспа, ізін қу, жақсы іні көрсең, бетінен қақпа, белін бу» деп жатады. Мен осы нәрсені әркез жадымда ұстаймын. Осы өнерді басқа үйренемін деушілерге беріп кеткім келеді.
– Қазір қандай бұйымдар жасап жатырсыз?
– Қарағаштан, қатты ағаштардан астау, түрлі мүсіндер, сондай-ақ, ер-тоқым жасап жатырмын. Сұлулыққа қызығатын жандар іздеп тауып, тапсырыс беріп жатады. Қазір үйімде мезгілін, уақытын күтіп жатқан ағаштар көп. Ақсақ Темірдің Самарханда ұстаға жасатқан есігі бар. Ұста ол есікті дайындауға 25 жылын арнаған екен. Уақыты келгенде жаңа туындыларды тамашалай аласыздар.
– Сізді не мазалайды?
– Қазір біздің керенаулығымыздың, немқұрайлығымыздың, ата-баба аманатына жүрдім-бардым қарауымыздың арқасында ұлттық дүниелерімізге таласып, иеленіп жатқандар бар. Біреулер келіп қол сұғып, көлденең жолыққан көк аттыға мінгесіп кетіп бара жатқан мәдениетімізге ішім ашиды. Француздардың гобелен деп шығарып жатқаны, біздің әже-апаларымыздың басып кеткен текеметі, кілемі. Шетелдіктер қазір киізден, ағаштан жасалған бұйымдарға қызығушылық таныта бастады. Өйткені олар экологиялық таза, зиянсыз өнімдер. Қазақтың кез келген құнды дүниесін өзіміз насихаттамасақ, ешкім келіп бізге насихаттап бермейді. Аманатқа қиянат жасамай, ұлттық төл өнерімізді болашақ ұрпаққа саф, таза күйінде тапсыруымыз керек.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Әйгерім БЕГІМБЕТ
Ұлттық өнерiмiз дәрiптелдi
Пятница, 25 Март 2016 04:31Ұлыстың ұлы күні әз Наурызды Әл-Фараби ауданының тұрғындары да жоғары деңгейде тойлады. Шымкенттегі «Орталық» саябақта ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, ән қалықтады. Өнер ұжымдары мерекелік бағдарламасын ұсынып, жиналғандарға әдемі көңіл күй сыйлады.
Ал сахна төріне көтерілген аудан әкімі Бауыржан Қалжанов тұрғындарды мерекемен құттықтап, ізгі лебізін жеткізді.
– Біздің ауданымызда 150 мыңнан астам тұрғын бар. Әрбір отбасыға қуаныш, амандық, елімізге тыныштық, молшылық тілеймін. Қадам басқалы тұрған жылымыз бақыт пен ырысқа, мереке мен берекеге толы болғай, – деді Б. Қалжанов.
Сондай-ақ, кішкентай сәбидің тұсауын кесіп, ақ жол тілесті. Бұдан бөлек спорттық шаралардан сайыс өткізіліп, жеңімпаздар анықталды. Салт-дәстүр дәріптеліп, көріністер көрсетілді.
Шымкенттіктер «Қошқар Ата сейілі» мерекесін тойлады
Пятница, 18 Март 2016 10:51«Әдемi Life» – Шымкенттiң шырайы
Пятница, 18 Март 2016 06:34Қаламызда кәсіпкерлікке бет бұрған жігерлі, тәуекелшіл жастар көбейіп келеді. М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенттері Ақгүл Мырзахан мен Қаламқас Досанова – сондай жастардың бірі. Апалы-сіңлілі екеуі қала орталығынан «Әдемі Life» атты әсемдік салонын ашып, 12 адамды жұмыспен қамтып отыр.
– Сіңлім Ақгүл кішкентайынан әсемдікке, сұлулыққа құштар болды. Анамыз, туысқан әпкелеріміз тойға, мерекелік іс-шараларға барса, қасы мен көзін бояп, бет-аузын әрлеп, шашын сәндеп беретін. Ал мен құжат жағына ұқыптылық таныттым. Сосын біздер ойласып, сән салонын ашуды жөн көрдік. Бұл ұсынысымызды ата-анамызға айтқанда олар біздің талабымызды қолдап, қуаттады. Қаржылай көмек көрсетті, – дейді Қаламқас Өсерқызы.
Ақпанның бел ортасынан қызмет көрсеткен сән салонына екі апта ішінде 200-ге жуық адам бас сұққан. Көктемнің алғашқы күніне ашылу салтанатын жоспарлаған олар, тұтыншылардың әрқайсысына қоңырау шалып, іс-шараға шақырыпты. Осылайша, Алғыс айту күнінде қала тұрғындарының алғысын алып, оларға түрлі сыйлық ұсынып, сән салонының «тұсауын» кесті.
– Кішкентайымнан өз ісімді жүргізіп, өзгелерге қуаныш сыйлағанды жақсы көретінмін. Бүгінде сол мақсатымды іске асырып, арманыма біртабан жақындап келемін. Болашақта Шымкенттен «Жібек» немесе «Тұмар» деп аталатын қыз-келіншектер институтын ашқым келеді. Алғашқы іргетасынан бастап өзіміз қаласақ деймін. Болашақ аналарға артылар жауапкершілік үлкен ғой. Сондықтан онда аруларымызды отбасылық өмірге дайындап, ас мәзірі, тігін тігу, құрақ құрау, моншақтармен түрлі бұйымдар жасау, шаш сәндеу, тағы да қыз баласына қажетті істер үйретілсе дейміз. Қыз-келіншектер, апа-әжелер клубын құрып, психологиялық қолдау көрсетіп, бала тәрбиесіне қатысты кеңестер берілсе, аруларымыздың бойына ізгі қасиеттерді сіңіретін орталық болса деп армандаймын, – дейді жас кәсіпкер.
Ұлыс күнiн ұлықтады
Пятница, 18 Март 2016 04:57Облыстық «Жастар ресурстық орталығында» Шымкент қаласы мен аудан-ауылдардан жиналған белсенді жастар Ұлыстың ұлы күні – әз Наурызды тойлады. Табиғаттың тосын мінезіне қарамастан ұлттық нақышта киінген қыз-жігіттер көңілді, қол алысып, төс қағыстырып, бір-бірін мәре-сәре құттықтауда.
О баста ашық аспан астында тойланатын болып шешілген шара, толассыз жауған жаңбырдан кейін ғимарат ішінде өтті. Дастархан жайылып, наурыз көжеден дәм татты жиналғандар.
Облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков пен облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Болат Жанәбіл жастарды мерекемен құттықтап, ақжарма тілегін жеткізді.
– Тарихи тамыры тереңге бойлаған әз-Наурыз биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің, көктемгі жаңарудың, махаббаттың, ақ пейіл мен татулықтың мерекесі. Барша жасты осынау мерейі тасыған мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Біздің облысымызда 700 мыңнан астам жас бар. Ол өңір тұрғындарының 30 пайызын құрайды. Қоғамдық істердің жаршысы боп жүрген сіздерге толағай табыс, баянды болашақ тілеймін, – деді Ұласбек Сәдібеков.
Ал жастар болса бар өнерін аянып қалған жоқ. Әннен шашу шашылды, күй де төгілді. Көрініс көрсетіліп, ұлттық өнеріміз бен салт-дәстүріміз дәріптелді.
Жергілікті биліктің жұмысын жетілдіреді
Среда, 16 Март 2016 05:40Айта кетейік, Қоғамдық кеңес – еліміздегі жаңа құрылым. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2015 жылғы 2 қарашада «Қоғамдық кеңестер туралы» заңы жарияланып, биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап заң өз күшіне енген болатын. Шымкент қаласы әкімдігінің жанынан құрылған Қоғамдық кеңесте 27 мүше бар.
– Қоғамдық кеңес ерекше мәнге ие. Негізгі мақсаты – маңызды әлеуметтік-экономикалық, құқықтық, қоғамдық-саяси мәселелерді талқылау үшін азаматтық қоғам институттарын кеңінен дамыту. Өткен жыл қаламыз үшін табысты болды. Қаланың бюджеті де, тұрғындар саны да айтарлықтай өсті. Алда экономикалық өсімді тұрақты ұстау, қоғамдық тәртіпті орнату, қала тұрғындарын мәдениет саласына назар аударту – осы үш бағыт бойынша жұмыстар атқарамыз, – деді Ғ. Әбдірахымов.
Сондай-ақ, қала басшысы өнеркәсіп, ауылшаруашылығы, абаттандыру, қоғамдық көлік, тұрғын үй, тағы басқа салалар бойынша атқарылған жұмыстарды баян етті.
Бұдан кейін Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы Нұрлан Бекназаров пен Кеңес төрағасы Мұхтар Құралұлы қосымша баяндама жасады. Сондай-ақ, кеңес отырысында сәулет, қала құрылысы, көлік және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөнінде; білім беру, медицина, мәдениет, тілдерді дамыту, спорт, әлеуметтік және құқық қорғау мәселелері жөнінде; туризм, ауылшаруашылығы, кәсіпкерлікті дамыту, нормативтік-құқықтық бағыттар мен экономикалық даму мәселелері жөнінде комиссиялар құрылып, олардың төрағалары мен мүшелері бекітілді.
Елбасы Н. Назарбаевтың «Ұлт жоспары 100 нақты қадам» бағдарламасында нақтылағандай, Қоғамдық кеңес жергілікті атқарушы органдардың жұмысын жетілдіріп, әрі халық пен билік арасын жақындастырып, мемлекеттік шешімдерді қабылдау ашықтығын арттыра түседі.
Көркіңнен сенің айналдым еркем...
Среда, 16 Март 2016 05:27Шымкентте «Көктем аруы» байқауы өтті
Шымкент қаласы ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен облыстық опера және балет театрында «Көктем аруы-2016» байқауы өтті. Онда жоғары және арнаулы оқу орындарының бұрымдылары бақ сынасты. Дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын бұл байқауға 32 ару ниет білдіргенмен, шешуші сынға тек 13-і ғана қатысуға жолдама алған.
Сайыс шарты бойынша үміткерлер «Мен қазақ қызымын», «ХХІ ғасырдағы қазақ қызының бейнесі», «Өнерлі өрге жүзер», «Білгенге маржан», «Қыздарға әсемдік жарасады» сынды бес кезең бойынша сынға түсті.
Арулар қиялынан тудырған ХХІ ғасырдағы қазақ қызының бейнесін ақ параққа түсіріп, ұлттық киім үлгісін көрсетті. Әннен шашу шашып, түрлі аспапта ойнады. Салт-дәстүрге қатысты сұрақтарға жауап беріп, білімі мен ойлау қабілетін, ептіліктерін танытты.
Сонымен байқау қорытындысында Аймақтық әлеуметтік инновациялық университетінің студенті Сымбат Қыдыр бас жүлдеге лайық деп танылды. Аталған университеттің тағы бір студенті Нұрилә Сауырбай І орынның иегері атанды. Ал ІІ орын Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік фармацевтика академиясының студенті Балжан Ерманға бұйырса, ІІІ орынды «Болашақ» колледжінің студенті Гүлдар Кәдірбек жеңіп алды.
– Бұл байқауға бір ай дайындалдым. Әр кезеңнің өзіндік қиындықтары болды. Басқа үміткерлер де «Көктем аруы» атануға әбден лайық жандар. Десе де өзімнің жеңімпаз атанғанымды білгенімде қатты толқыдым. Ата-анамның, университеттегі ұстаздарымның, қолдау танытқан достарымның сенімін ақтай алғаныма қуаныштымын, – дейді 4-курс студенті Сымбат Аманжолқызы.
Бұдан бөлек «Көрермендер көзайымы», «Ақылына көркі сай ару», «Ерке ару», «Өнерлі ару», «Көрікті ару», «Бұрымды ару», «Білімді ару», «Ай дидарлы ару», «Дарынды ару» атты номинациялар да өз иелерін тапты.
– Шымкент жастары жыл сайын «Көктем аруы» байқауын асыға күтеді. Дәстүрге айналған бұл байқауда қазақ қызының әдемілігі ғана емес, ибалылығы, салт-дәстүрімізді жетік білетіндігі сарапқа салынады. Әділқазылар алқасы құрамына да өз саласының майталмандарын жинадық. Өнерімен, білім-парасатымен, киім үлгісімен көрерменді тәнті еткен ару көктем көріктісі болып танылды. Жастарды ынталандыратын, биікке талпындыратын осындай байқаулар мен сайыстарды жиі ұйымдастырамыз, – дейді Шымкент қалалық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің директоры Абзалбек Убелтаев.