Көздегені – сайлаушыларының көңілінен шығу

Среда, 26 Октябрь 2016 06:11 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 4319 раз

Депутаттық мандатын алған халық қалаулыларының қызметін хабардар ету үшін әрі сайлаушыларымен байланысын нығайтып, бірқатар мәселелердің шешімін табуға сеп болу мақсатында газетімізде «Депутат дидары» атты жаңа айдар ашып отырмыз. Өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын, ел алдында орны бөлек, ұлттық спорттың жанашыры Ғани Ахметбаевты жаңа айдардың алғашқы кейіпкері ретінде таңдадық.

Шағынаудандағы оң өзгерістер

20161013 110846Ғани Ахметбаев – 12 сайлау округінен дауыс беруге қатыса алатын 11 мыңнан астам халықтың 8869-ы сенім артқан депутат. Бұған дейін екі рет депутаттық жауапкершілігін абыроймен атқарған.
№12 сайлау округіне қарасты «Таскен», «Ақжайық», «Қайтпас», «Достық-1», «Достық-2» шағынаудандары бар. Тұрғындары қаумалай қоныстанып, көптеген жаңа үйлер түсіп жатқан бұл аумақта атқарылатын инфрақұрылымдық жұмыстар көп-ақ.
– Тұрғындардың артқан сенімі бізге жауапкершілікті жүктейді. Сондықтан биылдан бастап-ақ бюджеттен бөлінген қаражаттарға осы аймақта атқарылатын бірқатар жұмыстар енгізілді. Шағынаудандардың негізгі көшелеріне асфальт төсеу және бірқатар көшелерде жөндеу, тас төсеу жұмыстары қолға алынды. «Ақжайық» шағынауданында бұрынғы 300 орындық №59 жалпы орта мектепке қосымша 600 орындық жаңа ғимарат бой көтеріп жатыр. Бұған 900 млн шамасында қомақты қаржы жұмсалуда. Ал «Достық-1» шағынауданында «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 1200 орындық мектептің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Құрылыс барысын біз жиі қадағалаймыз. Бұл екі мектеп те 2017 жылы пайдалануға беріледі деген жоспар бар. «Таскен» тұрғын алабында келесі жылы жаңа мектептің қазығы қағылып, құрылыстың басталуы кезекте тұр, – дейді қалалық мәслихаттың депутаты Ғани Ахметбаев.

«Таскендегі» тұрғындар өтініші

Қала аумағына қосылған елдімекендердің қатарында «Таскен» тұрғын алабы да болған. Бірақ, қала картасына ауыл толық енбей, екіге бөлінген. Соған байланысты «Таскеннің» тыныс-тіршілігіне қатысты барлық бағытта сұрақтар туындап, құжаттарды рәсімдеу жұмыстарында да бұл жағдайлар көрініс тапқан. Қалаға Таскен ауылының ескі бөлігі енген. Ондағы әлеуметтік нысандардың қызметін пайдалануды ретке келтіру қажет. Мектептің әбден тозығы жеткен, оқушылар үш ауысымда оқиды. Бұл жағдаймен қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов арнайы танысып, тұрғындармен кездескен. Нәтижесінде, жаңа мектеп құрылысына ыңғайлы жер телімі бөлініп, жобалық-сметалық құжаттар рәсімделе бастапты.
Халық қалаулысының айтуынша, «Қайтпас» шағынауданында кәріз жүйесін орталықтандыру жұмыстары жүріп жатыр. Осы магистральді жобалардың жүзеге асуы депутаттық ұсыныстармен кезекке қойылған бірқатар көше, жол құрылыстарын тоқтатуға себеп болып отыр. Өйткені, жаңа асфальт төселгенге дейін жерасты құбырларының жұмысын аяқтау қажет.
Шағынаудандарда балабақша мәселесі де назардан тыс қалмаған. Қажеттілігіне қарай бұл да алдағы жылдардың еншісіне кезекке қойылған.
Сол сияқты, «Достық», «Ақжайық», «Таскен» шағынаудандарында жаңадан қоныстанып жатқан тұрғындардың көптігіне байланысты ауыз су, табиғи газ, сапалы электр жарығын тарту, аяқжол, түнгі жарық мәселесі де жиі туындайды. Кәріз жүйесіне байланысты да тұрғындардан көптеген арыз-шағымдар түскен. Депутат халықтың сұранысын негізге ала отырып, қала әкіміне ұсыныс жолдағанын және ол туралы тиісті мамандарға тапсырма берілгенін атап өтті.

Қабылдау күніндегі қайырымдылық

qabyldau

«Халық сұранысы» демекші, сол күні «Достық» шағынауданының тұрғындары Ғ.Ахметбаевтың қабылдауында болды. Көбіне әлеуметтік жағдайын айта келген тұрғындардың талап-арызын депутатпен бірге біз де тыңдадық.
Көше комитетінің төрайымы Сайдынгүл Түзелқызы «Достық» шағынауданына қарасты коттедждердің бүгінгі жай-күйін баяндап, жолдың оқушыларды автобуспен алып кететін тұсына тас төсеу қажеттігін айтты. Осы кезде біз сайлаушыларын мұқият тыңдаған Ғ. Молдабекұлының
іскерлігі мен жауапкершілігіне ғана емес, қайырымдылығына да куә болдық. Сол сәтте-ақ аталған көшенің жағдайымен танысып, кезек күттірмейтін жағдайда тұрған екі көшеге тас түсіріп беруге және А. Байғазиева мен Г. Серқұлованың тұрмыстық қажеттілігіне жұмсалатын шығынды өтеуге көмектесетінін айтты. Ал Н. Тайбағарова, О. Жаманбекова, М. Әлібаеваның жұмыссыздық мәселесіне байланысты сұрақтарын назарға ала отырып, нақты жауап беретінін жеткізді.
Қабылдауға келгендер Ғ. Ахметбаевтың бұған дейін де жасаған қайырымдылығын тілге тиек етіп, осы жазда отыз ұлды сүндетке отырғызып бергенін атап өтті. Десе де, халық қалаулысы жұртқа жасаған жақсылығын айтып, мақтанғысы келмеді. Аға буын әріптесі Абай Көмекбаевпен бірге «Қайтпастағы» мешітті салуға Ғ. Молдабекұлының атсалысқанын көпшіліктің біле бермейтіні де сондықтан болар.
– Қазақта «қыбырлаған қыр асады» деген жақсы сөз бар. Зор жетістіктер тек қарқынды еңбекпен келеді. Уайымдамаңыздар. Қиындыққа кезіккенде жігерлілік танытсаңыздар бәрі жақсы болады, – деген халық қалаулысының сөзі сайлаушыларына күш-жігер сыйлағанына куә болдық.

Қоғамға қамқорлық 

Ғ. Молдабекұлымен бірге атшабарға бардық. Ондағы жұмысының жай-күйімен танысу үшін. Мұнда жаттықтырушылар В. Рудер мен Ш. Намазов және бірнеше ат баптаушылар дауна синдромымен дүниеге келген, қимыл-тірек аппараты бұзылған және жарымжан балалармен жұмыс істеп жатыр екен.

20161013 111346  20161013 111425 

– Бұл жаттығудың қаншалықты пайдалы екеніне өз тәжірибеммен көз жеткізгенмін. Қызым дауна синдромымен дүниеге келген еді. Дәрігерлер «ұзақ өмір сүрмейді», «бала сүймейді» деген. Бірақ, спорт саласында жүргендіктен «кез келген дерттен спорттың көмегімен арылуға болады» деп ойлайтынмын. Медицина көмектесе алмаған қызымның денсаулығына осы ат спорты көмектесті. Қазір қызым шетелде тұрады, бес баланың анасы, – деген Валентина Рудер өзі күрескен дертті өзгелердің жеңуіне қалай көмектесіп жүргенін түсіндіріп өтті.
– Жасы қаншаға келсе де өз бетінше әрекет жасауға қорқатын науқас балаларды атқа отырғызғанда бойында ерекше күш пайда болады. Ол өзін ешкім ұстамай-ақ биікте отырғанын түсінеді. Содан қолын жан-жаққа жаюды үйретеміз. Атпен жүріп деміккенде мұрнымен тыныс алуды ұғады. Мұнда 10 бала бар, аптасына үш рет әр баламен екі сағат жұмыс жасаймыз. Сондай жұмыстардан кейін аттың бабын жасау керек. Олардың жем-шөбінен бөлек, атты баптайтын қызметкерлерге қосымша жұмыс ақысы бар. Осы орайда, «бұған артық қаражат бөлінген жоқ, болмайды» деп қарсылық танытпай, атты да, атшабарды да пайдалануға берген Ғани мырзаға алғысымыз зор. Үш жылдан бері емдеу-жаттығуларына қатысып жүрген балалардың жағдайы бүгінде жақсарып қалған.

20161013 114528

«Қала – баршамызға ортақ» деп білетін депутат қай шағынауданның тұрғыны болмасын мұң-мұқтажын айта келсе, тыңдауға әзірлігін байқатты. Сайлауға №12 округтен түскенімен қалалық мәслихаттың депутаты болғандықтан әкімдікте көтерілген мәселенің барлығына үн қосу – халық қалаулыларының міндеті. «Shymkent City» жобасынан бастап, «Құрсайдағы» жағдайға дейін, қала көлеміндегі жаңа мектептердің құрылысы, жол жөндеу жұмыстары қазіргі таңда қарқынды жүріп жатыр. Сонымен қатар, Ғани Молдабекұлы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында қала көлемінде салынып жатқан мектептердің қаражатты дұрыс игеруін бақылайтын комиссияның төрағасы және қала әкімдігі жанындағы кәмелетке толмаған жастар мен жасөспірімдердің құқығын қорғау комиссиясының мүшесі. 

Шағынаудандарда жол салу кезінде мердігерлер маңызы бар көшеге ғана дұрыс мән береді де, әр шағынауданда ішкі көшелер сол күйі қалып қояды. Ал жол салу жұмыстары рет-ретімен кезекке қойылып, тәртіппен жалғасқаны дұрыс. Ғ.Ахметбаев депутаттардың алқалы жиынында осы мәселеге көңіл бөлуді алға тартқан ұсыныс хатын қала әкімінің орынбасары Гүлжан Мамытқызы хаттамаға қосқанын айтты.
Ғани Молдабекұлы – депутат ретінде халыққа қызмет етсе, «Ұлттық спорт түрлері бойынша ЖЖБСМ» директоры ретінде атқарған жұмыстарынан ләззат алатынын жасырмады. Ол бізбен болған сұхбатын «Спорт – адамның ой-өрісін кеңейтіп, сергектігін қалыптастырады. Сондықтан, адам қай салада жүрсе де спортпен шұғылдануы тиіс» деп түйіндеді. Ойы сергек адамның қай істе де алда болатыны анық.

Последнее изменение Среда, 26 Октябрь 2016 07:38
Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.