Такси қызметi: қауiпсiз әрi талапқа сай болуы тиiс

Пятница, 17 Июнь 2016 07:41 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 7111 раз

«Жол мұраты – жету». Бірақ соңғы кезде жолға шықсақ, аман-есен баруымызды тілейтін болдық. Ақпарат ағыны мол заманда жағымсыз хабарды жиі естіген сайын, қауіпсіздік жайы ойымыздан кетпейді. Десек те, діттеген жерімізге бару үшін қоғамдық көліктен бөлек, такси қызметіне де жүгінетініміз рас. Бірақ көшеден жолай такси ұстауға жүрексініп қалғанымыз жасырын емес. Мамыр айында Сарыағаш ауданында болған сұмдық оқиға елдің есінен әлі шыға қойған жоқ. Ата-анасының үйінен Шымкентке оқуға кеткен студент қызды такси жүргізушісінің өлтіргені дәлелденіп, қылмыс ізі суымай ашылды. Осыдан соң таксимен қала ішінде түнде түгілі, күндіз жүруге сескенетіндер көбейген.

Қайсысы сенімдірек?

Сарыағаштағы қайғылы оқиғадан соң, Шымкент қалалық жергілікті полиция қызметінің бастығы Данияр Мейірханұлы Facebook әлеуметтік желісі арқылы қара жамылған отбасыға көңіл айта отырып, бүгінгі таңда жекеменшік таксилердің азаматтар үшін қауіпті екенін жазды.

ehh-630-woman-taxi-istock-630w

«...Қым-қуыт, үнемі жылжуды қажет ететін тіршілікте тіпті, жеке бас қауіпсіздігімізді ұмытып кететініміз бар. Осыған байланысты, Шымкент қаласының жергілікті полиция қызметі тасымалдау қызметін пайдаланушыларды қарапайым ғана қауіпсіздік ережелерін сақтауды ұсынады. Жеке меншік тасымалдаушылардан бас тартып, (сонымен қатар заңсыз такси қызметі) ресми тіркелген таксиді шақыру керек. Тиісті техникамен, байланыс құралдарымен жəне GPS-навигатормен жабдықталған таксилерде жеке бас қауіпсіздігімен қатар, жүргізушімен дауласудан жəне көліктің бұзылу қаупінен де құтыласыз.
Есте сақтаңыз, мұндай мүмкіндігі жоқ және шалғай ауылды жерлерде көлікке отырғанда, туыстар мен достарыңызға автокөліктің мемлекеттік нөмірін, шамамен келетін уақыты мен жүргізуші туралы жеке мəліметті хабарлауыңыз қажет. Навигациясы бар телефон болған жағдайда, оны жылжу барысында қосу керек. Жеке бас қауіпсіздігіңізге немқұрайлы қарап, бағалы заттарыңыз бен ақшаңыздан айырылып, өміріңізді қауіпке тігуіңіз мүмкін. Өмірімізді бұдан да жақсартуға бірге күш салайық. Жолдарыңыз əрқашан ашық болсын», – деп жазды қалалық жергілікті полиция қызметінің бастығы.

Расында да, ресми тіркелген такси компаниясы «жабайы» қызметке қарағанда, әлдеқайда сенімді. Үйден шықпай-ақ, телефон арқылы қалаған уақытыңызға тапсырыс беріп, шақырасыз. Сонымен қатар, түнгі уақытта кейбірі пәтеріңізге кіргенше, қажет болған жағдайда есігіңізге дейін шығарып салады. Демек, такси жүргізушісі де сіздің қауіпсіздігіңіз үшін жауапты әрі мүдделі. Осы ретте, «қалалықтарға қызмет көрсететін неше компания бар?» деген сауал туындайды.
Vse-taxi.kz сайтының мәліметінше, Шымкентте тасымалдау қызметімен айналысатын 114 компания бар. Онда олардың аты, телефон нөмірлері және қызмет ақысы көрсетілген. Такси қажет болған жағдайда, қалағаныңызды шақыра аласыз. Мәселен, «Тұлпар» такси компаниясының қалалықтар мен оның қонақтары үшін қызмет еткеніне 4 жылдың жүзі болыпты. Осы уақыт аралығында олардың қызметін пайдаланушылар қатары артқан. Компанияның бас механигі Нақып Бердібековтың айтуынша, бүгінде «тұлпарлықтар» үлкен сенімге ие.
– Біріншіден, біздің иммиджіміз қалыптасқан. Барлық көліктерде компания атауы жазылған. Екіншіден, жүргізуші қажетті құралдармен, соның ішінде рациямен, GPS-навигатормен қамтылған. Ал үшіншіден, жүргізушілеріміз қылмыс жасамайды. Өйткені, олардың әрбір қимылы, жол жүру бағыты, тіпті, қандай жылдамдықпен жүргені мен қайда тоқтағанын біліп отырамыз. Сонымен қатар, жүргізушілерді жұмысқа аларда олардың сырт-келбетіне назар аударамыз және үміткерлердің құжаттарын қабылдаған кезде істі болған не болмағанын анықтаймыз. Сотталғандар такси қызметіне жұмысқа тұра алмайды, – дейді Н.Бердібеков.

«Жазылмаған» заңдар

Шымкенттіктер жеке такси жүргізушілерінің де қызметін жиі пайдаланады. Ыңғайлысы сол – кез келген жерде тұрып, қол көтерсеңіз, бір немесе бірнешеуі қатар тоқтай қалады. Тек барар жеріңізді айтып, ақшасын келіссеңіз болғаны. Мысалы, «Нұрсәттен» жолай көлік ұстап, «Қарасу» шағынауданына дейін келісіп, жол-жөнекей жүргізушіні әңгімеге тарттық. Өз есімін айтудан бас тартқан азамат таксист болып, қызмет көрсету үшін бірқатар «жазылмаған заңдардың» барын айтты.
– Клиент жинау үшін таксистердің шоғырланып тұратын жеріне «кіруге» сол жердегі «бригадирге» 5 мың теңге беріп, күн сайын белгілі бір мөлшерде «салық» төлейміз. Өйтпеген жағдайда, жұмыс істеуге мүмкіндік бермейді. Базарлар мен адам көп жүретін орындардағы «ставка» бұдан да жоғары. Қазір қалалықтар бұрынғыдай біздің қызметімізді жиі пайдаланбайтын болды. Дағдарыс әсер етті ме, әлде бізге деген сенім азайды ма, ол жағы белгісіз, – дейді такси жүргізушісі.

Такси шақырудың жаңа түрі

Соңғы кезде «InDriver» мобильдік бағдарламасы халық арасында танымал әрі сұранысқа ие бола бастады. Ол жүргізушілер мен жолаушыларды біріктірген бағдарлама. Оның көмегіне жүгіне отырып, ақшаңызды және уақытыңызды үнемдейсіз. Бірақ тәуліктің кез келген уақытында сіздің қауіпсіздігіңізге ешкім жауап бермейді. Тапсырыс берген сәтте жақын маңда жүрген таксистке хабарлама түсіп, ол сізге қоңырау шалады. Мұндай қызмет түрі Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Армения және Өзбекстанда жолға қойылған. Шымкентте бұл бағдарламаның қызметін көп ретте Алуа Тұрсынхан секілді жастар қолданады екен.
– Қала ішінде кез келген жерге бару үшін «InDriver» – тиімді әрі жылдам орындалатын бағдарлама. Алдымен оны қалта телефоныңызға жүктеп, өз аккаунтыңызды (телефон нөмірі бойынша) енгізесіз. «InDriver» тек онлайн жүйеде жұмыс жасайды. Сіз тұрған орныңыздан баратын нысанаңызды белгілеп, өзіңізге қолайлы бағаны жазасыз. Арнайы жүйе сіздің айналаңызда «InDriver» бағдарламасына тіркелген көліктерге хабар береді. Көп ұзамай 1минуттың ішінде қоңырау келіп түседі. Бағасына келісе алмаған жағдайда, қоңырау уақытын аяқтап, келесі жүргізушімен сөйлесе аласыз. Еш қиындығы жоқ. Тек қалта телефоныңыз интернетке қосулы болуы тиіс, – дейді А. Тұрсынхан.

Жүргізушілер де қауіппен бетпе-бет келеді

Осыдан екі жыл бұрын такси жүргізушілері тек әйелдерден құралған такси өз қызметін жолға қойды. Бұл «елді таңқалдырайық» деген бастама емес еді. Алайда, ол компания көп ұзамай жабылды.
Бұл ретте қызмет көрсетуші мен клиенттің де қауіпсіздігі маңызды. Таксистерге де шабуыл жасалып, олардың да өміріне қауіп төнетін жағдайлар аз емес. ОҚО ІІД баспасөз қызметінің мәліметінше, 2015 жылы облысымызда такси жүргізушілеріне қатысты 14 қылмыс жасалған. Оның 8-і қарақшылық шабуыл және 6-уы тонау. Ал биылғы жылдың 4 айында 1 қарақшылық шабуыл және 1 тонау қылмысы жасалған. Сондай-ақ, баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, қарапайым азаматтар жеке меншігіндегі автокөліктермен адам тасуды кәсіп еткен. Көп жағдайда жеке меншік таксистер қала мен аудан орталықтарында автокөлік тұрағы үшін белгіленбеген жерде шоғырланған. Олар тасжолда жүру ережелерін жиі бұзып, соның салдары жол-көлік оқиғаларына әкеп соғуда. Осы ретте ішкі істер органдары қызметкерлері тарапынан таксистерге қатысты әкімшілік құқық бұзушылық хаттамалар толтырылып, сотқа жолданып отырады.
Осы мәселе төңірегінде қалалықтардың арасында қандай такси қызметін пайдаланатыны жөнінде сауалнама жүргізген едік.
Сауалнама нәтижесі бойынша, халық арасында ресми тіркелген такси қызметіне деген сенім молырақ екенін байқадық. Олай болса, «сақтықта қорлық жоқ» екенін ұмытпаған жөн.

6:fpskvf5fy^ pf4lfh

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.