Жеңісті жақындатқан жеңімпаздар

Пятница, 27 Май 2016 08:52 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 5658 раз

Майдан мен тылдың біртұтас қимыл-әрекеті біздің көксеген ұлы Жеңісімізді әкелді де. Сол бір жылдардың ізі елдің көкейінен бүгінгі күнге дейін өшкен жоқ. Соғыс өртінің шарпуы тимеген шаңырақ бар ма екен, сірә? «Майдан», «тыл» деген жай аты ғана. Әйтпесе, бірі мылтықты, бірі мылтықсыз – екеуі де жанкешті шайқас болы. Ер азаматты оқ қинаған, бала-шағаны жоқ қинаған заманда ата-бабаларымыз күн кешті.  

Шынында да, оқтың азабынан жоқтың азабы кем соқпаған тұстары да аз болмайтын. Қаншама адам қорғансыз, асыраушысыз қалды... Талай тарлан, небір боздақ құрбан болды. Талай жесір көзінің жасын бұлады, талай жетім «әкешім» деп жылады. Бір кездері айдарынан жел ескен ер-азаматтар ауылы ақжаулықтылар ауылына, жайнаңдаған жастар мекені қариялар мекеніне айналған сол бір қасіретті шақтарды ата-әжелердің аузынан естігенде, жүрегің сыздайды. 

Майданда қорғасын жауса, елде «қара қағаз» жауған кез еді ол. Ер-азаматын, баласын жоқтап, аза тұтқан аналар жылап-сықтап, мұң-шерін шүберекке түйіп, ертеңіне көзі іспектей болып жұмысқа барды екен. Олар маңдайдан тер, көзден жас ақса да өз жұмыстарына бекем болған, жарғақ құлағы жастыққа тимей, күн қатып, түн қатып сарыла еңбек еткен. Шаңырағын шайқалтпай, таза сезімнің жылуымен жағылған ошақ отын сөндірмей, балаларына қамқор бола білді.

«Тылдағы еңбек болмаса, майданда жеңіс те болмас еді» деген болатын хас батырымыз Бауыржан Момышұлы....тектен-текке айтпаған-ау. Ал, талайдың ошағына ойран салып, ерін-жерінен, баласын анасынан айырған адамзат тарихында жиырмасыншы ғасырдың орта тұсында бұрын-соңды болмаған қасірет әкелді. Сол қасірет Ұлы Отан соғысының соңғы зеңбірек дүрсілі соғылғаннан кейін биыл міне 71 жыл. Жеңіс салтанаты оп-оңай келген жоқ. Бұғанасы қатпаған бала мен еңкейген кәріге дейін майдан үшін еңбек етті.                    

Ал сол қанды қырғында қазақтың қаншама боздағы қыршыннан қиылып, Ұлы Отан соғысынан бірде-бір Кеңес Одағы Республикаларының қалыс қалған жоқ. Әрбір отбасының бас көтерер азаматтарының бәрін майданға алып, буыны қатпаған бозбаланы, белі майысқан бойжеткендерді тылдың жұмысын істеу дегеніміз Отанға деген сүйіспеншіліктің белгісі.

Құдайға шүкір Кеңестік одақтар тарағаннан кейін әр ел тәуелсіздік туын желбіретіп, егемендік алып, бағымыз арттып, басымыз көбейіп, мемлекетіміз әлемдегі өркениетті елдердің қатарына қосылып, әлемге үлгі болып отырғанын шүкіршілік етуіміз керек. Сол сұмдық алапат соғыста қазіргі деректерге қарағанды атам қазақ «Дем бітпесе өлім жоқ, Отан үшін отқа түс» дегендей өмірдің еш қызығын көрместен, қан майдан ұрыс даласында қаншама арыстарымыз қыршын кетті.

Бүгінгі ұрпақ осынау азатта ғажап өмірі үшін солардың алдында әрқашан да қарыздармыз. Қазіргі кезде келешек ұрпақтың бейбіт те бақытты өмірі жолында бастарын қатерге тіккен майдангерлер қатары жыл өткен сайын сиреуде, ендеше соларға лайық көмек көрсетіп, қызмет көрсете білуміз керек.

Феруза БАЛТАЕВА,
ОҚО кәмелетке толмағандар істері жөніндегі
мамандандырылға ауданаралық сотының судьясы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.