«QAMQOR» – сіздің баспаналы болуға мүмкіндігіңіз Избранное

Пятница, 02 Февраль 2024 08:28 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 2188 раз

«Qamqor» – мегаполис мамандарын баспанамен қамту мақсатында қолға алған төл бастамасы. Бұл бағдарламаның ерекшелігі сол, мемлекет бекіткен тұрғын үй кезегі санаттарына кірмейтін түрлі сала мамандарын баспаналы етуге бағытталған. Яғни, бұл бастама аясында журналистер, ғалымдар мен спортшыларға да бағын сынап, құжат тапсыруға мүмкіндік туды. Сөйтіп, «Qamqor»-дың қамқорлығымен 30 отбасы баспаналы болды! Бүгінде құжаты бағдарлама талабына сай келген отбасыларға пәтер кілті табысталып, қуаныш иелері жаңа баспанада қоныс тойын тойлады.

qamqor

 

Қала тұрғындарын баспанамен қамтамасыз ететін «Qamqor» өңірлік тұрғын үй бағдарламасы өткен жылы іске қосылды. Оның шарттарында 10 пайыздық алғашқы жарнамен тұрғын үй алуға мүмкіндік берілген, заемның ең жоғары сомасы 20 миллион теңге. Кредит мөлшерлемесі 5 пайызға, одан әрі ол жылына 3,8 пайызға дейін төмендейді. «Qamqor» бағдарламасы бойынша азаматтарды несиелендірудің бірінші траншы – 3 млрд теңге. Қаражат Шымкент қаласы бюджетінен бөлінеді. «Отбасы банк» АҚ Шымкент қаласындағы өңірлік филиалы басшысының орынбасары Еркін
Ахыншаевтың айтуынша, конкурсқа қатысуға мыңнан аса тұрғын өтініш берген.

– Шымкент қаласының тұрғындарынан «Qamqor» жаңа өңірлік бағдарламасына қатысуға өтінімдер 2023 жылдың қыркүйек айына дейін қабылданды. «Отбасы банк» тұрғын үй бағдарламасы бойынша өтінімдерді қабылдап, ұпайларды санап, әлеуетті қарыз алушылардың тізімін қалыптастырды. Аталған жұмыстар «Баспана маркет» порталында цифрлы жүйе арқылы жүзеге асты. Яғни, бағдарламаға қатысушылар туралы барлық деректер автоматтандырылған жүйе арқылы тексерілді. Бұл бағдарлама қатысушыларының пулын қалыптастырудағы адами факторды жойып, ұпай санау уақытын қысқартуға мүмкіндік берді. Жеңілдетілген несиелендіруге үміткерлер пулына көп ұпай жинаған азаматтар енгізілетінін бұған дейін де айтқанбыз. Ұпай санына некеде тұрған жылдары, балалардың саны, жұмыс өтілі, Шымкентте тіркелу ұзақтығы және «Отбасы банкінде» үміткердің депозиті бар-жоқтығы ескерілді. Бағдарламаға мыңға жуық құжат қабылданып, оның ішінде 150-інің құжаты бірінші кезең талаптарына сай келді. Ал, желтоқсан айында төлем қабілетін анықтау барысында табысын растай алған 67 адам екінші кезеңге өтті. Бүгінде 30 отбасы баспаналы болды,– деді Е.Ахыншаев.
Осы салаға жауапты басшы тізімге өткен 150 азаматтың ішінде төлем қабілетін растай алмағандар келесі кезеңге өте алмайтынын айтты. Бұдан бөлек, құжат тапсырып, резервте тұрған азаматтардың баспана алуға мүмкіндігі бар екен. Мұндай жағдайда оларға банк тарапынан қосымша хабарлама жіберіледі.
Жалпы бағдарлама талабына сәйкес, баспаналы болуға дәрігерлер, медбикелер, санитарлар, мұғалімдер, тәрбиешілер, жоғары оқу орындары мен колледждердің оқытушылары, ғылыми-зерттеу институттарының ғылыми қызметкерлері, мәдениет, спорт қызметкерлері, журналистер, қалалық мемлекеттік ұйымдар мен Халыққа қызмет көрсету орталықта-рының қызметкерлері және энергетика саласының өкілдерінің мүмкіндігі бар.
Осы талапқа сай келіп, бағдарлама игілігін көрген жандардың бірі – қала тұрғыны Аида Байменова. Ол баспаналы болуды көп жылдардан бері армандап жүрген. – Осы жылдарға дейін жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламаларымен баспаналы болу үшін ешқандай санатқа жатпайтын едім, – дейді А.Байменова.
–Қала әкімдігінің бастамасымен қолға алынған бағдарлама көп отбасыға қуаныш сыйлады. Себебі, жұмыс өтілі бар, бірақ ескеріле бермейтін мамандарға берілетіндігі бізге зор мүмкіндік болды. Құжаттарымды тапсырғаннан кейін бір айдың ішінде конкурстан өткенім туралы хабарлама келді. Содан соң төлем қабілетін растауға уақыт берілді. Барлық кезеңдерден өтіп, өзімізге ұнаған пәтерді 20 млн. теңге көлемінде таңдап, рәсімдедік. Құжат жинау, тапсыру барысы барлығы онлайн түрде өтті. Бізге ешқандай қиындық тудырмады, – дейді Аида Байменова.
«Qamqor» бағдарламасының қатысушыларына порталдағы жеке кабинеттерінде жинаған ұпай саны өтінімдерді қабылдау мерзімі аяқталған соң, келесі күні жарияланды. Қаражатқа алғашқы немесе екінші нарықтан, сондай-ақ кепілдікпен салынып жатқан тұрғын үйден баспана сатып алуға болады. Бағдарламаға қатысу үшін жас мөлшері 63 жастан аспауы, үміткердің және оның отбасы мүшелерiнiң соңғы 5 жылда республика аумағында меншiгінде тұрғын үйi болмауы қажет. Сондай-ақ соңғы 3 жылда Шымкент қаласында тұрақты тіркеуде тұруы, сала бойынша соңғы 12 айдан кем емес ресми жұмыс өтілі болуы тиіс. Биыл да бағдарлама бойынша конкурс өткізу жоспарланған. Қазіргі таңда қала әкімдігімен «Отбасы банк» бағдарлама мен транш көлемін жоспарлауда.
Атап өтейік, шаһарда мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасының игілігін көріп жатқан тұрғындар саны жыл сайын көбейіп келеді. Айталық, 2023 жылы Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік бағдарламамен тұрғын үй кезегіндегі 168 отбасы арендалық баспанамен қамтылған. Оның ішінде 48 пәтер – көпбалалы отбасына, 25 пәтер – халықтың әлеуметтік әлсіз тобындағы азаматтарға, 47-сі жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, 48-і мемлекеттік және бюджеттік ұйым қызметкерлеріне табысталыпты. Жаңа баспаналар Тұран шағынауданында орналасқан. Бұдан бөлек, өткен жылы тұрғын үй кезегіндегі әр түрлі санаттар бойынша тағы 505 отбасы тұрғын үймен қамтылған. 153 отбасына тұрғын үй сертификаты берілген. Оның 67-і көпбалалы отбасы, 13-і толық емес отбасы, 69-ы ерекше бала асыраушы отбасы және 4-еуі бюджеттік ұйым қызметкерлері.
Мемлекет басшысы әсіресе, еліміздің болашағы жастарға, жас отбасыларға баспанамен қамту мәселесіне жиі тоқталады. Тұрғын үйді жалға алуға берілетін несие өтемін төмендету, түбі жекешелендіруге рұқсат беру шараларын жастардың болашағы үшін жасалып жатқан қамқорлық деп түсінуіміз қажет. Биыл да жеңілдетілген бағдарлама аясында үйлі болатын отбасылар саны артады деп сенеміз.

Гүлнұр БАЛАБАСОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.