Елдік дәрежедегі елеулі мерекеге айналған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президент күні – Тәуелсіз, қуатты мемлекет қалыптастырған Нұрсұлтан Назарбаевтың тұлғасын айшықтайтын маңызды мереке ретінде тарих көшіне жалғаса береді.
«Тұңғыш Президент жолын көпке, әсіресе, жас ұрпаққа танытудың мәні зор. Өйткені, Елбасының жолы – Қазақстан тәуелсіздігінің жолымен ұштаса өрілген жол. Ел тарихында болған әр сәтте, қол жеткізілген әр жетістікте Елбасының шешімі, ықпалы, қолтаңбасы бар». Қарағанды, Теміртау – Нұрсұлтан Назарбаев есімін алғаш танытқан қалалар. Өзі қатарлас жалынды жастармен бірге ғасырдың алып құрылысы – Қазақстан Магниткасын салуға келген жігіт жастардың көшбасшысына айналды. Ол осы өлкеде саяси қайраткерлік жолын бастап, ел басқаруда қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделін жасаған бірегей биіктерге көтерілді. «Еңбек – ер атандырады» дейді халық даналығы.
Нұрсұлтан Назарбаевты ер атандырған еңбектің от-қазаны Қазақстан Магниткасында қайнап, ол өзі құйған құрышпен бірге шынықты, адами мінез-құлқы, саяси ұстанымы қалыптасты. Тұлғаның қалыптасуына оған ата-ана берген тәрбиемен қатар білімінің терең, көңіл көзінің ашық, ортасының тілекші болуы орасан зор ықпал етеді. Бұл ретте ізденімпаз, еңбекқор жасқа қарағандылық тәлімгерлерінің көреген де ұлағатты, ортасының қамқоршы әрі қолдаушы болғаны – қазақ жерінде елін өрге бастайтын ұлы тұлғаның қалыптасуына алып келгені сөзсіз. Ендеше, Тұңғыш Президент жолы – бір адамның жүрген жолы ғана емес, ол – болашаққа ұмтылған қоғамның жолы. Ізденістің, еңбекқорлықтың, төзімділіктің, күрестің және жеңістің жолы.
Елбасы жолын баршаға танытып, насихаттау Қазақстанды озық елдер қатарына апаратын жас буынды тәрбиелеу үшін керек. Бұл – туған жері, халқы алдындағы перзенттік парызын, азаматтық борышын өтеймін дегендер үшін баға жетпес сабақ. «Қазақстан Елбасының жетекшілігімен аяғынан тұрған мемлекетке айналды. Менің айтарым, біріншіден, Елбасы әлем «қазақстандық жол» деп атаған Қазақстанды үш кешенді жаңартудың авторы және жүзеге асырушысы болып табылады. Екіншіден, Елбасының жетекшілігімен Қазақстан КСРО-ның шикізатты елінен заманауи, аяғынан нық тұрған мемлекетке айналды. Үшіншіден, біздің еліміз әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің және орташа даму деңгейі бар елдердің тобына енді. Біздің еліміз әлемнің ықпалды және беделді ұйымдарының мүшесі болды. Сондай-ақ, ядролық ең қауіпсіз елдердің қатарында. Қазақстанның бастамасымен БҰҰ 29 тамызды ядролық сынақтарға қарсы Халықаралық күн ретінде белгіледі. Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткенде, ол Орталық Азия аумағы бойынша 10 жыл үзілістен кейін бірінші рет ЕҚЫҰ саммиті өткен ел болды. Қазақстан ТМД аумағындағы Халықаралық арнайыландырылған ЭКСПО көрмесін өз алаңында өткізген тұңғыш ел. Тәуелсіздік кезеңінде Қазақстан 300 милиард доллардан артық шетел инвестициясын тартты. Мұның барлығы да Елбасы есімімен байланысты. Елбасы өз еңбегінде Тәуелсіздіктің 33 табысты нәтижесін сараптай келе, Қазақстан халқы Ассамблеясының еуразиялық масштабта мәдениеттер диалогының үлгісіне айналғанын атап өткен болатын. Өзінің «Тәуелсіздік дәуірі» кітабында Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылы қазақстандықтардың достық пен игілікті таңдауын «бақытты таңдауға» балайды.
Тәуелсіздігімізге 29 жыл ғана болғанымен, біз, қазақ, тарихы тереңнен тартатын байырғы халықпыз! Ұлы даланың лайықты ұрпағымыз! Ата –бабаларымыздың «Алтын адам» болғанын ардақ тұтуға тиіспіз! Тарихи тамыры тереңде, мәдениеттің мәйегі, өркениеттің құт мекені болған, Алтайдан Атырауға, Алатаудан Арқаға дейін көсіліп жатқан кең өлкені жайлаған, мыңғыртып мал айдаған, мәрттігі мен уәдесінен таймаған, алты Алаш ханын сайлаған, шаршы топқа түскенде, шешен болып сайраған, қылышын тасқа қайраған, найзасына үкі байлаған ұлы бабалардың ұрпағы болғаны бақыт екенін ұмытпағанымыз абзал. Амандық болса, бұл ғасыр қазақтың алдына қара салмайтын «Алтын ғасыры» болады. Ұлылығын емес, ұлтын ойлайтын, руын емес, рухын ойлайтын Қазақ елінің әрбір азаматы өз мойнына ел үшін жауапкершілік алатын заман. Өткенге – бабаларымыз, бүгінге – біз, келешекке – жастар жауапты екендігін естен шығармайық!
Данияр МҰСАБАЙ,
А.С.Пушкин атындағы №1 мектеп-гимназиясы
тарих пәнінің
мұғалімі