Мораторий 5 жылға ұзартылды Избранное

Среда, 17 Август 2016 06:48 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 3641 раз

Жер реформасы бойынша комиссияның кезекті отырысында мораторийді 2021 жылдың соңына дейін ұзарту керек деген ұсыныс жасалды. Қабылданған шешім енді Елбасының қарауына жолданады.

Жер комиссиясының кезекті отырысы жүйелі ұсыныспен аяқталды. Мораторий мерзімі 5 жылға созылса, осы уақыт аралығында ауыл шаруашылығы жерлері түгенделеді. Яғни, кімнің иелігінде қандай жер телімі бар екені анықталады. Топырақтың құнарлылығы зерттеліп, жекеге беріліп, пайдаланбай жатқан алқаптар әшкереленеді.
– Осы жұмыстардың бәрін реттеу үшін белгілі уақыт керек. Бес жыл ішінде жердің кадастрлық құнына да өзгерістер енгізілмек. Себебі елімізде жер бағасын анықтау жүйесі осыдан 13 жыл бұрын бекітілген. Ал дамыған мемлекеттерде әр 5 жылда бір рет баға жаңартылып отырады, – деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов.
Комиссия жерді қазақстандықтарға 49 жылға жалға беруді сақтауды ұсынды. Бірақ алғашқы 5 жылда жыл сайын тұрақты түрде бақылау жүргізіліп тұрады. Ал еліміздің көсегесін көгертемін деген инвесторларға алдымен қысқа мерзімге беріледі. Сосын оны қалай пайдаланғанына қарайды. Жайылым мен шабындық жерлерін, жекенің иелігіне беруге тыйым салынады. Сондай-ақ 10 сотық жерді алуға кезекте тұрған азаматтардың саны бүгінде миллионнан асты. Бұл мәселені шешу үшін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекеттік мұқтаждықтарға сатып алуға әкімдіктерге құқық берілу керек. Бұл комиссия әзірлеген ұсыныстардың бірсыпырасы ғана. Осындай жаңашылдыққа толы заң жобасын күз айында Парламенттің қарауына ұсыну жоспарланып отыр.
Егер ұсынысты Елбасы қабылдаса, онда комиссияның отырысы тоқтатылады. Іле-шала Ауыл шаруашылығы министрлігі жауапты органдармен бірлесіп, тиісті заң жобасын әзірлеуге кіріседі.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.