Қылмыспен күресу – көптің ісі Избранное

Пятница, 17 Июнь 2016 06:16 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 5935 раз

ШЫМКЕНТТЕ ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ҚЫЗМЕТIНIҢ
БЕС АЙДАҒЫ ЖҰМЫСЫ САРАЛАНДЫ

Шымкентте қылмыс деңгейінің көрсеткіші өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 9601-ден 10 777-ге, яғни 12,2 пайызға өскен. Бұл туралы қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың төрағалығымен өткен мәжілісте Шымкент қалалық ішкі істер басқармасының бастығы Арман Бейсенбаев мәлімдеді.

mazhlis

Күн тәртібінде қала аумағында құқық бұзушылықтың алдын алу мәселесі көтеріліп, қалалық Жергілікті полиция қызметінің қоғамдық тәртіпті сақтаудағы жұмыстары сараланды. Шаһар басшысы алдымен қалалық білім бөлімі басшылығына Жанат Тәжиеваның тағайындалғанын жеткізіп, ісіне сәттілік тіледі. Ал білім бөлімінің бұрынғы басшысы Ынтымақ Мәдиев бұдан былай қала әкімінің кеңесшісі қызметін атқаратын болды.
Алдымен жиында Шымкент қалалық ішкі істер басқармасының бастығы Арман Бейсенбаев 2016 жылдың 5 ай қорытындысы бойынша баяндама жасады.

– 2015 жылмен салыстырғанда 1176 қылмысқа артты. Оның 53,1 пайызы бөтеннің мүлкін ұрлау қылмысы, оның 17 пайызы ашылды. Ал алаяқтық 16,6 пайызды құрады. Оның 58 пайызы ашылды. Бүгінгі таңда алаяқтық қылмыстарын тергеу бойынша Шымкент ҚІІБ-да жедел тергеу тобы құрылған. Оның құрамына 15 тергеуші, 3 анықтаушы, 8 жедел уәкіл кіреді. Оларға тікелей алаяқтық қылмыстарын ашуға бағытталған міндеттер жүктелген, – деді Шымкент қалалық ішкі істер басқармасының бастығы Арман Бейсенбаев. 

Өкініштісі сол, 5727 ұрлық қылмысы тіркеліп, 24 пайызға өсіп отыр. Ол – тіркелген 10 777 қылмыстың 53,1 пайызын құрайды. Ал аса ауыр қылмыстардың саны 31 пайызға, қасақана адам өлтіру фактілері 40 пайызға, қарақшылық 41 пайызға, зорлау қылмыстары 29,7 пайызға, бұзақылық 16 пайызға төмендеген.

mazhlis-2

Бұдан бөлек, бес айда 413 жол көлік-оқиғасы тіркеліп, 30 адам өмірмен қош айтысқан. 500-ден астам адам түрлі жарақатпен ауруханаға түскен. Басқарма бастығы жол көлік апаттары айналма жолдарда жиі болатынын, алдын алу үшін түрлі шаралар қолға алынып жатқандығын жеткізді.
Одан кейін Жергілікті полиция бөлімінің басшысы Данияр Мейірхан мен қала әкімі аппаратының құқықтық бөлімінің басшысы Нұралы Қырғызәлиевтың баяндамалары тыңдалды. Жергілікті полиция бөлімінің басшысы Данияр Мейірхан тұрғындарды жол қозғалысы ережесін бұзбауға, ұсақ заң бұзушылыққа нөлдік төзімділік танытуға шақырды. Айтуынша, қылмыстың алдын алуға арналған WhatsApp желісіндегі телефон нөмірге түрлі тақырыптағы 353 хабарлама түсіп, оның 175-і бойынша тәртіп бұзушыларға қатысты шара қолданылған.

Мәжіліс соңында қылмыстық іс-әрекеттердің алдын алу бойынша түрлі ұсыныстар айтылды.

– Қылмыстың алдын алу, полиция жұмысын жандандыру – бәріміздің ортақ мақсатымыз. Бірақ қылмыспен күресудегі нәтиже көңіл көншітпейді. Сондықтан жаңа жүйеге көшіп, жаңа технология енгізуіміз керек шығар, – деген қала әкімі Ғ. Әбдірахымов сала мамандарына тиісті тапсырмалар жүктеді.

Последнее изменение Пятница, 17 Июнь 2016 06:43