Ассамблеяның XIX сессиясы өттi

Среда, 15 Июнь 2016 05:22 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 3736 раз

Шымкенттегі орыс драма театрында «Тәуелсіздік тұғыры – «Мәңгілік Ел!» тақырыбында Оңтүстік Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясы өтті. Мәжіліске облыстық мәслихат депутаттары мен аудан, қала әкімдері, қоғамдық бірлестік төрағалары мен кәсіпкерлер және еңбеккерлер қатысты.

Жиынның ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов аймақта этностардың өз мәдениеті мен тілін, сонымен қатар, дәстүрлерін жаңғыртуға барынша қолдаудың жасалғанын атап өтті.
– Бүгінде облысымызда 20 облыстық және 51 аудандық этно-мәдени ұйымдарға біріккен 100-ден астам ұлт пен ұлыс өмір сүреді. Бұл өңірде ұлттық саясатын жүргізудің жақсы көрсеткіші, – деді аймақ басшысы.
Сессия барысында өңіріміздегі мемлекеттік этносаясатты дамытуға елеулі үлес қосқан 15 азаматқа облыс әкімінің «Бауырмал» сыйлығы табысталды.
Сонымен қатар, жиын барысында сессия қатысушыларының облыс тұрғындарына үндеуі жарияланды. Онда Ұлы Дала Елінің дәстүрлеріне берік болып, «Мәңгілік Елге» бастайтын Біртұтас Еліміздің қастерлі құндылықтарын сақтауға шақырады.
– Біз, Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғындары, тарихи сабақтастыққа негізделген «Мәңгілік Ел» патриоттары қабылдаған Жеті тұғырды келешегімізді кемелдейтін бағдар етіп айқындадық.
Біріншіден, бұл – Қазақстанның тәуелсіздігі және Астанасы.
Екіншіден, бұл – қоғамымыздағы ұлттық бірлік, бейбітшілік пен келісім.
Үшіншіден, бұл – зайырлы қоғам және жоғары руханият.
Төртіншіден, бұл – индустрияландыру мен инновацияларға негізделген экономикалық өсім.
Бесіншіден, бұл – Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы.
Алтыншыдан, бұл – тарихтың, мәдениет пен тілдің ортақтығы.
Жетіншіден, бұл – еліміздің ұлттық қауіпсіздігі және бүкіләлемдік, өңірлік мәселелерді шешуге жаһандық тұрғыдан қатысуы.
Жасампаздық пен жетістіктің Жеті тұғыры әрқайсысымыз үшін ең қымбат ақиқаттар – отбасымыздың амандығы, қонақжайлық және еңбексүйгіштік, тұрақтылық, қауіпсіздік және бірлік, ертеңге күнге деген сенім ұғымдарын ұстануға үндейді. Осы қарапайым қағидаттарды әр отбасыда ұрпақ тәрбиелеудің ұстыны етуге үгіттейді.
Баршаларыңызды Ұлы Даланың ұлағатын үлгі тұтып, Біртұтас Еліміз – «Мәңгілік Елге» бастайтын қастерлі құндылықтарды сақтап, еселеуге шақырамыз, – делінген Үндеуде.

ОҚО әкімінің
баспасөз қызметі

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.