Мемлекет басшысы жер мәселесіне қатысты комиссия құруды тапсырды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен кеңес отырыс өтті. Онда күн тәртібіндегі өзекті мәселелер талқыланды.
– Халыққа ұнамайтын заңның керегі жоқ, бірақ түсіндіру керек, оны алып тастағаннан кейін ауыл шаруашылығына қандай мүшкілдік болатынын. Оны диқандар ғана біледі далада отырған, егін егіп, мал жайып отырғандар. Асфальтта жүріп айғайлағандар емес. Алдымен Үкімет жанынан бірінші вице-премьер Бақытжан Сағынтаев жетекшілік ететін комиссия құруды тапсырамын, – деді Президент.
Елбасының мәлімдеуінше, ол комиссия мемлекеттік органдар, қоғамдық органдарменен осы шаруаны талқылап, нақты түсіндіріп, Жер кодексіндегі даулы мәселелерді айқындап, Парламентке ұсыныстарды беріп, Парламентпен бірге қайтадан қарайтын болады. «Түсінбей жүрген адамдарды шақыру керек. Бұл жұмысты «Нұр Отан» партиясымен бірге, оның жанындағы демократиялық күштердің біріккен коалициясы бар, ауқымды түсіндіру жұмысын жүргізу керек. Оған барлық партия, қоғамдық ұйым, БАҚ тартылуы керек. Оны жасыратын ештеңесі жоқ. Бұл барлық ел істеп отырған экономика», – деп түсіндіріп өтті Нұрсұлтан Назарбаев.