Жағдайы жақсы аудан, дегенмен...

Пятница, 30 Январь 2015 05:48 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 3920 раз

Әл-Фараби ауданының әкімі халық алдында есебін қорытындылады. Қ.Спатаев атындағы №7 мектеп-лицейде өткен әкім есебіне қала басшысы Дархан Сатыбалды қатысып, өз бағасын берді. Сонымен қатар, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, құқық қорғау органы қызметкерлері және қала әкімдігінің әр салаға жауапты мамандары қатысты. Әл-Фараби ауданының  әкімі Бауыржан Қалжанов атқарылған жұмыстарды саралай келе, кемшіліктерді жою алдағы уақыттың еншісінде екенін баса айтты.

Аудан басшысының бұл жолғы есебіне жиналған көпшілікті жол, тазалық пен балалар алаңшасы мәселелері алаңдатады. Өйткені, мінбеге шығып, сөз сөйлегендер де, жазбаша және ауызша сауал жолдағандардың да дені осы мәселелерді көтеріп, өтініштерін аудан және қала әкімдеріне жеткізді.
Өз кезегінде А.Асқаров көшесінің тұрғыны Н. Лалина, қалалық мәслихаттың депутаты Д.Үсенов, Ә.Молдағұлова көшесі, №14 үйдің төрайымы жарыссөзге шығып, аудан әкіміне алғысын білдірді. Мұнан соң,  сұрақтарға жауап берілді. Мәселен, «Таскен» тұрғын алабының тұрғындары №№65, 85  автобустардың бағытын ұзартуын сұранды. Бұл орайда қалалық көлік бөлімінің басшысы Қ.Жұматаев №65 автобустың бағыты өзгермейтінін, ал №85 автобустың бір ай көлемінде ауыл ішіне дейін кіретінін айтты. Әмірова Несіпжан тассайлық бір топ азаматтардың атынан өтінішін жеткізді. Оның айтуынша, Тассай ауылында 75 отбасына пана болған көпқабатты жатақхана әлі күнге дейін жекешелендірілмеген. Ондағы тұрғындар мүліктерін заңдастыра алмай жүр. Жатақхана тұрғындарының басым бөлігі жалғызбасты әйелдер екен. Қала басшысы Дархан Сатыбалды Тассайдағы жатақхана мәселесімен жақсы таныс екенін, заңдастыруға және жөндеу жұмыстарын жүргізуге көмектесетінін айтты. Ал заңсыз отырғандарды жатақханадан шығаратынын ескертті. Аудан әкімінің есебін тыңдауға келгендердің арасында балалар алаңшасына қатысты сауал қойғандар көп болды. Бірі жаңартып беруін сұраса, енді бірі кейбір аулалардың елеусіз қалғанына қынжылды.  Ауданда 450 көпқабатты үйге қарасты 59 ауладағы ойын алаңшалары жаңартуды талап етеді екен және бұл жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асады.
Әл-Фараби ауданы әкімінің есебін қала басшысы Дархан Сатыбалды оң бағалады, биылға міндеттелген бірқатар тапсырмалар берді.

Дархан САТЫБАЛДЫ,қала әкімі:

– Ауданда атқарылған жұмыс аз емес. Тұрғындарды тыңдап отырсақ кемшіліктер де бар. Әкімнің жұмысына баға беретін сіздер. Ұсыныстар мен кемшіліктер алдағы уақытта ескеріледі. Былтыр қаланың аумағы кеңейіп, 40 елді мекен үш ауданға қосылды. Халық саны 855 мыңға жетіп отыр. Әл-Фараби ауданының аумағы ұлғайды.  Төртінші аудан ашылды. Үш ауданмен салыстырғанда Әл-Фараби ауданының  жағдайы әлдеқайда жақсы. Қаланың орталығында орналасқандықтан, көптеген мәселелер шешілген. Дегенмен, ретсіз сауда секілді мәселелер бар. Бұл бағытта әлі жұмыс істеу керек. «Тассай», «Бозарық» шағынаудандарының тұрғындары су, газ, жол мәселесін көтеріп отыр. Бюджет бекітіліп ақша бөлінген жағдайда бәрі шешіледі. Биыл жол мәселесіне көп көңіл бөлеміз. Жарықтандыруға да баса назар аударамыз деген жоспар бар. «Бозарықта» 220 кило/вольттық подстанцияның құрылысын бастаймыз деп отырмыз. 7 миллиард теңге бөлінген подстанцияның құрылысына екі жыл уақыт кетеді.                                                            

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.