«Максимум» дихандарға зор мүмкіндік беруде

Понедельник, 26 Сентябрь 2016 05:27 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 5784 раз

2017 жылғы көктемгі егін егу жұмыстарына бөлінетін пайыздық мөлшерлемесі төмен несиеге кез-келген шаруа қол жеткізе алады. Жеңілдетілген несиені таратуда ОҚО әкімдігінің жанынан құрылған «Максимум» АИО және «Ырыс» МҚҰ да ат салысып отыр. Биылғы көктемгі жұмыстардың есебі және келер жылдың жоспарын білу мақсатында мекеменің қаржы орталығының Басқарма төрағасы Арман Данаев мырзамен сұхбаттастық.

Bigger than little 28

– Арман Нарботаұлы, қаржы орталығы бірнеше жылдан бері оңды істерімен көзге түсіп келеді. Бұл қуантарлық жәйт, әрине. Дегенмен, биылғы көктемгі егін егу жұмыстарын қаржыландыру барысында бірқатар мәселелер кездесті. Себебін айтсаңыз.

– Жылдың басынан бастап мемлекет тарапынан әр гектарына берілетін субсидияның тоқтатылғанына байланысты, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы дихандарға жеңілдетілген несие беру жүйесі жолға қойылды. Аталмыш жүйе пилоттық жоба болғандықтан, қаржыландыру кезеңінде кемшіліктердің болуы, әрине, күтілмеген жағдай емес. Біздің орталыққа берілетін қаржының кешіккеніне байланысты шаруалар көктемгі дала жұмыстарының көп бөлігін өз қаржысы есебінен жүзеге асырып қойған және ерте егілетін ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жұмыстары да бітуге жақындап қалған болатын. Осыған орай, қаражатты игеру барысында бірқатар қиындықтар болды.

– Келесі жылы кемшіліктердің алдын-алу үшін қандай шара қолданасыздар?

– Біз аталмыш кемшіліктердің алдын алу шараларын келесі жылды күтпей-ақ қазірден бастадық. Дихандардың қаржыны дер кезінде алып, орынды әрі тиімді пайдалануын қамтамасыз ету мақсатында ағымдағы жылдың қыркүйек айынан, 2017 жылғы көктемгі егін егу жұмыстарына несие алушылардың құжаттарын қабылдауды бастадық.

– Құжаттардың қаралу мерзімі қандай?

– Көктемгі дала жұмыстарын несиелендіру бойынша тапсырылған құжаттар ешқандай комиссиялық шығындарсыз мүмкіндігінше ең қысқа мерзімде қаралады. Мақұлданса, келер жылы қаржы бөлінісімен құжаты дайын азаматтарға бірден таратылу жоспарлануда.

– Несиенің берілетін пайызы және несиелендірудің басты шарттарын атап өтсеңіз?

– Несиенің жылдық пайыздық мөлшерлемесі 9%-ды құрайды. Ал шарттарына келетін болсақ, несие алушы негізгі қарызды және несие бойынша пайыздарды мерзім соңында өтейді. Ал несиені мерзімінен бұрын толық немесе ішінара қайтарылған жағдайда несие үшін айыппұл есептелмейді. Егін егу-жинау жұмыстарына бөлінетін қаражат жеке тұлғалар, шаруа қожалықтары, жеке кәсіпкерлер және заңды тұлғаларға басым бағытқа ие барлық дақыл түрлері үшін беріледі.

– Қаржыландыру қандай түрлерде жүзеге асырылмақ? Және кепілдік мәселесі қандай?

– Қаржыландыру 2 түрде жүзеге асырылады: 2 транштық несие желісі және бірмезеттік несие. Ал кепілдікке жер телімін және қосымша кепіл заты ретінде кез келген жылжымайтын мүлікті ұсынуға болады.

– 2017 жылғы дала жұмыстарын қаржыландыру бойынша іс-шараларды қазірден бастадық дедіңіз. Олар қандай шаралар?

– Қазіргі таңда «Максимум» АИО және «Ырыс» МҚҰ тарапынан қаржыландыруды жедел жүзеге асыру үшін ОҚО аудандарында суб-офистар құрылды. Сондай-ақ көктемгі егін егу жұмыстары ең басым бағыт ретінде қаралып, аталмыш бағыт бойынша келіп түсетін өтінімдерді қарастыру мерзімі мүмкіндігінше қысқартылды.

– Облыс тұрғындарына және шаруаларға қаржыландыру шарттарын және жеңілдіктерін түсіндіру жағы қалай болмақ?

– Аталмыш мәселе бойынша да бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылуда. Яғни, қыркүйек және қазан айларында арнайы жұмысшы топ құрылып, барлық қала, аудан орталықтары және ауылдық округтерде жиналыстар өтеді. Жиын кезінде несие алуға ниет білдіргендердің құжаттарын қабылдау да жоспарлануда. Барлық дихандар өз қалаларында, аудандарында немесе ауылдарында өтетін жиналысқа келіп, өздерін қызықтырған сұрақтарын талқылау және құжаттарын тапсыру мүмкіндігіне ие.

– Тұрғындарға өтетін жері және мерзімі туралы хабарланды ма?

– Облыста аудан және ауылдар өте көп. Олардың барлығын қамту үшін біздің мамандар арнайы кесте жасауда. Санаулы күндерден кейін тұрғындар жиналыстың өтетін жері және мерзімі туралы ақпаратты барлық аудан, қала әкімдіктері арқылы біле алады. Оған қоса барлық БАҚ-да да жарияланатын болады. Айта кетейін, жеңілдетілген несиеге кез-келген шаруа қол жеткізе алады.

– Сұхбат үшін рахмет!