×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 26

Низамиддин ЖАМАШОВ: «Әдiл сот – демократиялық мемлекеттiң негiзгi бағдары»

Пятница, 22 Апрель 2016 07:26 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 4254 раз

Сот билігінің тәуелсіздігі мен ашықтығын қамтамасыз етуде ауқымды жұмыстардың бірі де бірегейі сот әділдігін жүзеге асыру болмақ. Бұл ең алдымен, тәуелсіз еліміздің Конституциясында бекітілген, судьялардың ар-ұжданы, адамгершілігімен айқындалатын қасиетті міндет. Бұл тұрғыда, сот жүйесінде қабылданған заңнамалық өзгерістердің тиімділігі мен белгіленген міндеттердің орындалу барысын зерделеу мақсатында Шымкент қаласы Еңбекші аудандық сотының төрағасы Низамиддин Жамашовпен сұхбаттасқан едік.

nizammidin– Низамиддин Қазыбайұлы, алдағы маусым айында Астана қаласында өтетін ҚР Судьялар Одағының кезектен тыс VII съезінің негізгі мазмұн-бағыты қандай? Бұған дейінгі белгіленген міндеттер қаншалықты деңгейде атқарылды?

– Тәуелсіздік жылдарында қазақстандық сот жүйесі биліктің белді бір тармағына айналды. Қазақстан судьялар қауымдастығы үшін бұл жылдар ғасыр жүгін арқалаған, ізденістерге толы жылдар болғаны шындық. Осы уақыт аралығында мемлекет тарапынан сот саласына соттардың материалдық-техникалық жабдықтармен қаржыландырылуына, судьялар мен сот қызметкерлерінің жұмыс істеуіне көп көңіл бөлінді.
Судьялар қауымдастығы съезден съезге дейінгі атқарылатын жұмыстарының мақсат-мүддесін айқындап беретін алқалы жиындарда судьялар арасындағы парасаттылық пен әділдік, моральдық тазалық, кәсіби біліктілікті арттыруға ерекше назар аударады. Қазақстан Республикасы Судьяларының әр съезінде қабылданған шешімдері кезең-кезеңімен орындалып келеді. Бұған дейінгі Судьялар одағының VI съезіне Мемлекет Басшысы Н.Ә.Назарбаевтың қатысуы – судьялардың және жалпы алғанда сот жүйесінің ел дамуы үшін маңыздылығын айқындап берді. Судьялардың съезі құқықтық мемлекеттің қалыптасуына негіз болатын мақсаттардың орындалуына септігін тигізді. Бұл тұста Елбасының «Әділетті, сатылмайтын сот – демократиялық, құқықтық мемлекеттің ең маңызды негізі» деген сөзін атап өтуге болады. Шын мәнінде, қай кезде де сот адамның құқығы мен бостандығын қорғаудағы мемлекеттің басты тетігі болып табылады.
Бұл жолғы съезд судьялардың кәсіби және моральдық бейнесіне деген қоғам талабының артуын, сонымен қатар, Судьялар әдебінің жаңа кодексін қабылдау қажеттігіне байланысты бірқатар ұсыныс-шешімдерді қайта қарастыруды көздейді. Сондай-ақ, ҚР Президенті Н.Назарбаевтың жариялаған бес институционалдық реформаны іске асыру жөніндегі «100 нақты қадам – баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» – Ұлт Жоспарының №19 қадамын іс жүзінде орындауға бағытталып отыр.

– Мемлекет Басшысының жариялаған Ұлт Жоспарында көтерілген міндеттер еліміздегі Сот жүйесін дамытуға қаншалықты ықпалын тигізді?

– Бүгінде бүтін ел болып мемлекетіміздің жарқын болашағы үшін үлкен іске қызу кірісетін сәт туды. Оның негізгі бағдары – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың әлемдік дағдарысқа қарсы біртұтас болып көрсетуде баламасы жоқ, дәлелі тұжырымды, ұстанымы кесімді 5 халықтық бағыттан тұратын ұлттық жоспары болмақ. Бұл – тәуелсіздіктің аз ғана жылында көптеген мемлекеттер жете алмаған биік белестерді еңсерген Қазақстанның әлемнің алдыңғы қатарлы 30 елінің қатарына қосылу үшін жасаған ғасырлық межесі болып табылады. Ұлт Жоспарына қатысты Мемлекет басшысы: «Бұл 100 қадам жаһандық және ішкі сын қатерлерге жауап болмақ, сонымен бір мезгілде жаңа тарихи жағдайда 30 дамыған елдің құрамына ену жоспарына айналады. Ал реформаларды жүзеге асыру – алдағы 10 немесе 15 жылға негізделген жалпыұлттық нөмірі бірінші мақсат-міндет болып табылады», – деп атап өткен еді.
Елбасы ұсынған 5 институционалдық реформа жалпыжұрттық деңгейде бірден қолдау тауып, халықтық реформа деген лайықты атқа ие болды. Бұл жаңа Ұлттық Жоспардың көкжиегі кең, маңызы мен нәтижесі орасан зор екенін айғақтайды. Қазақ елі күн санап көркейіп, дамып келе жатқаны ақиқат. Елбасының реформалық бағдары және оның орындалу жолындағы тиянақты 100 қадамы еліміздің өсіп-өркендеуіндегі тездеткіш катализатор іспетті. Осы жүйелі жоспарда мемлекет тарапынан халықтың рухани-мәдени дамуына да баса назар аударылған.
Бес халықтық реформада көрсетілгендей, «Кәсіби мемлекеттік аппарат құру» – баршаға бірдей осы заманғы мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам болып саналатын ел үшін алдымен халықтың жағдайына, халықтың әл-ауқатының тұрақтылығына қызмет ететін мемлекетшіл ортаны қалыптастыруды білдіреді. Отаншыл, психологиясы мығым нағыз патриоттарды сомдап шығарудағы алғышарт болмақ. Ал «Заңның үстемдігін қамтамасыз ету» арқылы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау сот жүйесінің тәуелсіздігі көптеген даулы мәселелерді шешпек. Осы тұрғыда құқық қорғау мен сақтандыру жұмыстары күшейеді деп жоспарланып отыр. «Есеп беретін мемлекет қалыптастыруда» Елбасының көздеп отырған нысанасы – халық мүддесі. Елмен санасу, кез келген мемлекеттік мәселені шешуде қараша халықпен ақылдасу, халыққа есеп беру, боямасыз нақты атқарылған жұмыстар, болашаққа бағдар келешекте бүге-шігесіне дейін елдің назарында болмақ. Бұл таңдалып отырған бағыт ішкі саясат құрудағы тың тәсіл нағыз демократияға қарай қарымды қадам болмақ.
Еліміздің жыл өткен сайын жаңаша бағыт-қарқынмен алға басуы халқымыздың береке-бірлігін, бақ-дәулетін одан сайын нығайтуда. Елбасы айқындап берген сындарлы саясаттың өміршең екеніне барша халық көз жеткізіп отыр. Бүгінде мемлекет жүктеген міндеттерді жүйткіген уақыт талабына сай жүзеге асыру – барлық құзырлы органдар мен мекеме-ұйымдарда қызу қарқынмен жүргізілуде. Соңғы жылдарда еліміздің сот жүйесінде де біршама игі істер қолға алынды. Бұл орайда, Президент: «Қазақстанның сот жүйесі алдыңғы қатарда болуы қажет. Бұл туралы мен Стратегияда нақты көрсеттім. Барлық құқық қорғау органдары ішінен ең жоғары тұрғаны Жоғарғы Сот болып табылады. Жоғарғы Соттың абыройы – Қазақстанның абыройы, жалпы биліктің абыройы», – деп еліміздегі соттардың беделіне айрықша баға берді.

– Соттың абырой-беделімен қатар, қоғамның жауапкершілігі мол ауыр жүгін мойнына артқан судьялардың біліктілігіне қандай талаптар қойылады?

– Қазақта «билік айту оңай, біліп айту қиын» деген сөз бар. Әділ қазылық ету – кез келген судьяның қасиетті парызы. Ол үшін заңды бес саусақтай білу жеткіліксіз. Ең бастысы, би адал, әділ болуы керек. Қазы – халықтың ожданы. Ол қара қылды қақ жарған әділ болса, даугерлер төреліктің дұрыстығына күмән келтірмейді. Айыпкер «заң бұзғанға зауал бар» екенін түсінеді.
Жыл басынан бері қолданысқа енген Қазақстан Республикасының Қылмыстық, Қылмыстық-процестік, Әкімшілік құқық бұзушылық, Қылмыстық атқару кодекстері көпшілік тарапынан кеңінен қолдау табуда. Бұл ретте, еліміздегі сот әділдігін іске асыруда оның халыққа ашық және қолжетімді болуы – Елбасы алға қойған ең жауапты міндет. Бұл жауапкершілікті біздер барынша сезініп, берілген тапсырмаларды одан әрі де тыңғылықты атқаруға тиістіміз. Ол үшін өзіміздің ұлттық заңнамаларымыздың қасиетін терең ұғынып, қадіріне жете білгеніміз жөн.
Судья – мәртебесі Конституциямен ерекше белгіленген мемлекеттік лауазымдық тұлға. Оның өкілеттілігі тек заңда белгіленген негіздер бойынша ғана тоқталуы, тәуелсіздігі мен оған ешкімнің тиіспеуі сот билігі дербестігінің кепілі болып табылады. Судьяның осындай биік мәртебесі оған зор жауапкершілік жүктейді. Оның шығарған шешімі адамның тағдырына, елдегі заңдылық пен құқықтық тәртіптің жағдайына ықпал етеді. Сондықтан, мемлекет нақты адамға осындай жоғарғы жауапкершілікті арта отырып, соған лайықты биік мәртебе беріп, одан кәсібилікті, іскерлік қасиеттердің болуын, өзінің жұмысын ұйымдастыра білуді талап етеді, сондай-ақ, оған жоғары моральдік-этикалық міндеттер жүктейді.
Судья кәсіби қызметінде тәуелсіз болып сот әділдігін жүзеге асыру кезінде заңға ғана сүйенуі тиіс. Шешім шығарған кезде адал әрі әділетті болуға міндетті. Судья әдебінің кодексінде судья қоғам өкілдерінің сот жүйесіне деген сенімін нығайту мақсатында тәртіптің жоғары әдептік стандарттарын ұстануға және жетілдіріп отыруға міндетті деп көрсетілген. Мұның өзі жеке адамның, қоғам мен мемлекеттің мүдделерін қорғаудың үйлесімді ұштасуын қамтамасыз ететін тәуелсіз сот әділдігін жүзеге асырудың негізі қағидаларының бірі болып табылады. Мемлекет басшысы соттардың тәуелсіздігін нығайту қажеттігін әрдайым айтып келеді.
Заңды сыйлау, оны орындау біздің қоғамның да басты шарттарының бірі болуы тиіс. Осы орайда, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың: «Халқы заңын сыйлайтын, сотына сенетін қоғам – ең дамыған қоғам» – деген қанатты сөзін әр азамат жадында сақтап, бойтұмардай бағалай білгені абзал дер едім.

– Заман үдерісіне сәйкес, сот төрелігінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету бағытында сот ғимаратын заманауи құрылғылармен жабдықтау мәселесі толық жүзеге асып отыр ма?

– Электронды сот ісін жүргізуде заманауи жетістіктерді тиімді пайдалана білу – барлық соттар үшін және сот төрелігін халық алдында шынайы, ашық та қолжетімді етіп көрсетудің бірден-бір оңтайлы тәсілі. Біз заманның өзі ұсынып отырған мұндай озық технологиялық жетістіктерді сот жүйесінде әрдайым сәттілікпен пайдалануды дамыта беруіміз керек. Бұл үрдіс азаматтардың және қоғамның соттарға деген сенімін одан сайын арттыра береді деп ойлаймын.
Соңғы жылдары сот жүйесінің материалдық базасы едәуір нығайтылып, барлық соттар техникалық жабдықталып, сот әділдігін атқарудың заманауи стандарттарына сай ғимараттарда орналастыру жұмыстары жалғасын табуда. Міне, соның айқын дәлелі ретінде республика соттары заман талабына сай салынған ғимараттармен толыға түсті. Биылдың өзінде аудандық соттармен қатар, бірнеше облыстық және қалалық соттардың ғимараттары жаңарып, жабдықталды. Мысалы, біздегі Еңбекші аудандық сотының ғимаратындағы 9 залдың 6-ына АВF бейнебақылау қондырғылары орнатылған. Онда сот процестері қондырғыда толығымен жазылып, сот төрелігімен келіспеген тараптар үшін бейнежазба арнайы сақталады. Бұл тұрғыда, сот ғимараттарының заман талабына сай жабдықталуы – заңды сыйлайтын, заңға жүгінетін жұртшылыққа ортақ қуаныш дер едім. Өйткені, сот ғимараттары халыққа қолайлы қызмет көрсетіп, көңілдерінен шығып жатса, олардың да сотқа деген сенімділігін, жылы көзқарасын қалыптастырады. Бұған қоса, ақпараттық-коммуникациялық технологияның соңғы үлгілерімен жабдықталған сот отырысының залдары судьялар жұмысын ұтымды атқаруына тың серпіліс береді. Бұл өз кезегінде сотқа жүгінген азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін шынайы қорғаудың сапасын одан әрі арттыра түсері анық. Осы орайда, айта кетсем, Еңбекші аудандық сотында ағымдағы жылдың 4 айында азаматтық істер бойынша барлығы 247 іс қаралған. Яғни, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстыра алғанда, 160 іске кемігені байқалады. Тиісінше, қылмыстық істер бойынша биыл 63 іс қаралып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстыра алғанда 41 іске артқан.
Барлық әлем халықтары заңмен жүріп, тұрады. Оны құрметтейді, мүлтіксіз бағынады. Осы ретте белгілі қоғам қайраткері Теодор Рузвельттің: «Заңнан жоғары немесе төмен тұратын адам жоқ. Заңға бағыну талап етіледі, ол мейірімділік ретінде сұралмайды», – дегенін сотқа жүгінген әр адам қаперінде ұстағаны жөн-ақ.
Біз Мәңгілік Ел боламыз деп, кемел мемлекет құруды көздеген халықпыз. Сот төрелігінің әділдігі мен жедел әрі толық орындалуы – кез келген елдің кемел болмысының көрінісі. Сот жүйесінің дамуы тоқтап қалатын құбылыс емес, оны үздіксіз жетілдіріп отыру керек. Біз бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыра береміз.
Халқы заңын сыйлайтын, сотына сенетін қоғам – ең дамыған қоғам. Біздің мақсатымыз – нақ осындай қоғам құру. «Қазақстан – 2050» стратегиясының басты межелерінің бірі – осы.

– Келелі әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Жеңісбек СЕРІКҰЛЫ