Қоңыр күзде қала тұрғындарына шат-шадыман көңіл-күй сыйлайтын Шымкенттің өз мерекесі бар. Ол – қала күні. Өткен аптада арнайы ұйымдастырылған думанды кештер, түрлі фестивальдер мен театр қойылымдары, эстрада әншілерінің мерекелік концерті шымкенттіктердің көңілінен шықты.
«Наурыз» алаңында Қазақстан эстрада жұлдыздарының концертіне келген көрерменнің қарасы қалың болды. Облыс әкімі Б. Атамқұлов қала күнімен құттықтап, игі тілегін білдірді. Ал қала әкімі Ғ. Әбдірахымов бірқатар азаматтарға «Қаланың құрметті азаматы» атағын тапсырды. Марапатқа ие азаматтардың еңбегіне ел сүйсінеді. Бірі білікті маман, бірі кәсіпкер, бірі ұлағатты ұстаз. Мұнан соң салтанатты шара өнер жұлдыздарының концертімен жалғасты. Шымкенттіктер үшін эстрада әншісі Бейбіт Қорғанның сахнаға шығуы тосын сый болды. Көптен бері көрінбей жүрген жұлдыз жаңа әндерін Шымқалаға тарту етті. Ән әлемінің майталмандары «МузАрт» тобы, Индира Елемес, Қайрат Нұртас әннен шашу шашты. Серік Ибрагимов, «Лашын» тобы сынды эстрада әншілері кеш көрігін қыздыра түсті. Сонымен қатар, шымкенттіктерді қала күнімен құттықтап, ізгі тілектерін білдірді.
– Сүйікті қаламыздың туған күні құтты болсын! Төл мереке болғандықтан әндерімізді сіздерге арнап жатырмыз. Алматыдан кейінгі үлкен мегаполис болғандықтан болашағы зор деп ойлаймыз. Шымкент өркендеп, өсе берсін!, – деді эстрада әншілері.
Мерекелік концерт соңы отшашумен аяқталды.