ANTIKOR.LIVE: СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ҚЫЗМЕТІНЕ ҚОСЫМША УӘКІЛЕТТІКТЕР БЕРІЛДІ

Четверг, 08 Апрель 2021 04:59 Автор  Опубликовано в Заң Прочитано 1274 раз

antikor live

Бүгін «Аntikor ortalyǵy» алаңында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Т.Серікбаев Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы Кодексіне енгізілген өзгерістер бойынша брифинг берді.

Брифинг барысында спикер Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметіне әкімшілік сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарын анықтау және жауапкершілікке тарту бойынша өкілеттіктер бекітілгенінен хабардар етті.
 Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке 15 бап бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтыру құқығы берілгенін атап өтті.

Олардың ішінде Кодекстің алты сыбайлас жемқорлық бабы (ӘҚБтК-нің 676-681-баптары), кәсіпкерлік қызмет саласындағы екі құрам (ӘҚБтК-нің 154, 173-баптары), мемлекеттік билік институттарына қол сұғатын және әкімшілік немесе қылмыстық іс жүргізу кезіндегі бұзушылықтарға байланысты жеті құқық бұзушылық (ӘҚБтК-нің 658-662, 665, 667-баптары) бар.

Сонымен қатар, онлайн брифингте Т.Серікбаев мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген немесе оған теңестірілген тұлғалардың жауапкершілігі туралы баяндады.

«Мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамның не оған теңестірілген адамның заңсыз материалдық сыйақы, сыйлықтар, жеңілдіктер не қызметтер алуы, егер бұл әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаса, 600 АЕК мөлшерінде айыппұл көзделген», – деді Т.Серікбаев.
Тұрғындарды сыйлық бермеуге, мемлекеттік қызметшілердің міндеті халыққа қызмет көрсету екендігін айта келе спикер сыйақылар, сыйлықтар немесе жеңілдіктер бергені үшін жеке тұлғалар 200 АЕК көлемінде айыппұл төлейтіндігін, бұл шамамен 600 мың теңге болатындығын,  егер мұндай сыйақы немесе сыйлық заңды тұлға тарапынан берілетін болса айыппұл 700 АЕК-ке дейін өсетіндігін айтты.

«Мемлекеттік орган басшыларының және өзге де лауазымды тұлғалардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша шаралар қабылдамағаны үшін жауапкершілігін көздейтін Кодекстің 680-бабы – аталған лауазымды тұлғаларға 100 АЕК көлемінде, бұл шамамен 300 мың теңге айыппұл салуға әкеп соғады» - деді спикер.

Брифингте жемқорлықпен ұсталған адамдарды жұмысқа қабылдаған басшыларға да қатысты жаапшкершілік жайы хабарланды.

Бұрын сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамдарды жұмысқа қабылдағаны үшін мемлекеттік органның немесе ұлттық компанияның басшысы өз қалтасынан 100 АЕК көлемінде айыппұл төлейді. Айта кету керек, сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамдарды жұмысқа орналастыруға тыйым салу туралы талап бұған дейін тек мемлекеттік қызмет пен квазимемлекеттік сектордың басшы лауазымдарына қатысты болса, биыл жыл басынан бастап күшіне енген Еңбек кодексіне енгізілген түзетулерге сәйкес сыбайлас жемқорлық үшін сотталған адамдарды кез келген квазимемлекеттік сектор лауазымына қабылдауға толық тыйым салынған.
Брифингті қорытындылай келе Т.Серікбаев әкімшілік тәжірибені күшейту сыбайлас жемқорлықпен күресте оң серпін беретіндігін айтып, тұрғындарды жемқорлықпен күресте белсенділік танытуға шақырды.

Сонымен қатар, брифинг барысында Шымкент қаласы бойынша қорғаныс істері жөніндегі департаментінің басшысы Алмаз Тілеуханов мекеме тарапынан сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында атқарылған жұмыстармен таныстырды. Спикер Департамент қызметіне қатысты сұрақтар бойынша 8(7252) 558129 сенім телефонына хабарласуға шақырды.

Сонымен қатар, жемқорлық көріністеріне тап болған жағдайда Агенттіктің тәулік бойы жұмыс жасайтын 1424 Call-орталығына хабарласуға шақырды.

 

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Бахтияр Тайжан. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.