ТАЗА ҚАЛА КОММУНАЛДЫҚ ҚЫЗМЕТ АҚЫСЫН УАҚТЫЛЫ ТӨЛЕУДЕН БАСТАЛАДЫ
Среда, 23 Август 2023 07:06Шымкенттіктер тұрмыстық қатты қалдықтарды шығарумен айналысатын компанияларға 314 млн. теңге қарыз. Бұл 1,2 миллион халқы бар қала үшін аз сомма емес екені белгілі.
Үнемшілдік – өркениетті қоғамға тән қасиет
Пятница, 11 Август 2023 05:43Азаматтардың өз ісіне ұқыпты әрі үнемшіл болуы – өркениетті қоғамның белгілерінің бірі. Әсіресе, табиғи және энергетикалық ресурстарды үнемдеп пайдалану өте маңызды. Себебі, еліміздегі жылу және электр қуатын өндіретін станциялардың басым көпшілігі көмірмен жұмыс істейтінін ескерсек, халық энергияны қаншалықты көп пайдаланған сайын оның қоршаған ортаға тигізетін зиянды әсері де соншалықты арта түспек. Демек, электр қуатын, жылу мен ауыз суды үнемдеу арқылы Сіз тек өз қаржыңызды үнемдеп қана қоймайсыз, сонымен қатар еліміздің экологиялық жағдайын жақсартуға да үлес қосасыз деген сөз.
«Судың да сұрауы бар»
Халқымыздың «Судың да сұрауы бар» деген мәтелі бүгінде қай кездегіден де өзекті болып отыр. Тіршілік нәрінің тапшылығы қазірдің өзінде көптеген елдерде ең басты проблемаға айналған. Иә, қазір Шымкент қаласында таза ауыз судың табиғи қоры жеткілікті. Алайда, біз бұл бағалы ресурстарды өзіміз пайдаланып қана қоймай, келешек ұрпақ үшін де сақтап, жеткізуіміз керек.
– Бүгінде қала әкімдігі тарапынан жаңа елді мекендерге ауыз су құбырын жеткізу бойынша ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Биылдың өзінде Құрсай елді мекенінде 7 мың абонент, Қайнарбұлақ елді мекенінде 2 мың абонент ауыз суға қосылады. Бір сөзбен айтқанда халық санының көбеюіне байланысты Шымкент қаласында ауыз суды тұтыну мөлшері жылдан жылға артып келеді. Ендігі мәселе соған су жеткізіп беру жайы. Бұл біздің тікелей міндетіміз, – дейді «Су ресурстары - Маркетинг» ЖШС-і бас директорының су құбырларын пайдалану жөніндегі орынбасары Бекжан Ешімбетов.
Оның айтуынша, қалада жер асты суларын көтеріп, қалаға қарай айдайтын 5 станция жұмыс істеп тұр. Оның ішінде ең негізгісі – Ақбай-Қарасу су көтеру станциясы. Қалаға келетін судың 70-80 пайызына дейін осы станция арқылы жер астынан шығарылады. Сонымен қатар Бадам-Сайрам, Көмешбұлақ, Тассай-1, 2 су көтеру станциялары жұмыс істеп тұр. Қазір қала осы станциялардың жиынтық қуаттылығының 70 пайызы көлемінде су тұтынып жатыр. Яғни, қазір 30 пайызға қосымша қор бар екен.
– Алайда, Ақбай-Қарасу су көтеру станциясынан қалаға су жеткізетін диаметрі 1200, 1000 және 900 миллиметрді құрайтын 3 магистралды суаққы бар. Міне, сол құбырлар арқылы ең жоғары шекте су айдалып жатыр. Қанша жерден қуатты насос қойсаңыз да ол құбырларға бұдан артық су сыймайды. Сондықтан қазір қалаға 4-ші магистралды суаққы салу керек болып тұр. Биыл біздің компания жобалау жұмыстарымен айналысып жатыр. Келесі жылы инвестициялық жоба ретінде осы істі қолға алып, өз есебімізден құрылыс жұмыстарын бастауды жоспарлап отырмыз, – дейді Бекжан Пердебайұлы.
Бүгінде Шымкент қаласында су құбырларының 46 пайызының, ал, кәріз құбырларының 77 пайызының тозу уақыты жеткен. Осыған байланысты Мемлекет басшысының «Тарифті инвестицияға айырбастау» саясатының шеңберінде кәріз құбырларын кезең кезеңімен жаңарту мақсатында уәкілетті мемлекеттік орган кәріздің жаңа тарифін белгіледі.
– Бұрын кәрізге, яғни, сарқынды суды бұруға әр текше метр үшін тариф бұған дейін 38 теңге 86 тиын болса, 2023 жылдың 1 тамызынан бастап бекітілген жаңа тариф 50 теңге 61 тиынды құрайды. Ал, 1 текше метр ауыз су үшін тұрғындар төлейтін тариф 96 теңге 62 тиын күйінде өзгеріссіз қалып отыр. Жаңа тарифтің белгіленуі бізге кәріз құбырларын жаңартып, оның тозу деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді, –дейді Б.Ешімбетов.
Мамандардың айтуынша, бекітілген нормаға сәкес бір адамға орта есеппен тәулігіне 0,2 текше метр, яғни, 200 литр су жеткілікті. Сонда төрт адамнан тұратын отбасы тәулігіне – 0,8 текше метр, ал, айына 24 текше метр ауыз су тұтынуы тиіс. Ал, «Су арнасы - Маркетинг» компания жүргізген талдау жұмыстарының нәтижесі Шымкентте 4 адамнан тұратын отбасы ай сайын орта есеппен 32 текше метр су тұтынады екен. Әсіресе, жаз айларында шымкенттіктер ауыз суды шамадан тыс көп қолданып жатқанын байқауға болады.
Б.Ешімбетовтің айтуынша, компания әлеуметтік желілер және БАҚ арқылы тұрғындарды тұрақты түрде суды үнемдеп пайдалануға шақырып келеді. Мәслен, мамандар жекетұрғын үйдің ауласындағы бау-бақша, көгал, гүлдер мен ағаштарды түнгі сағат 23:00-ден кейін суаруға кеңес береді.
Электрді үнемдеп, ақысын арзан тарифпен төлеңіз
Бүгінде Шымкент қаласында сағатына 450 МВт электр қуаты тұтынылады екен. Қайта өзектендіріліп жатқан жаңа Бас жоспарда көрсетілген есептеулерге сәйкес, 2030 жылға қарай шаһар сағатына 545,7 МВт электр қуатын тұтынатын болады. Сонымен қатар бүгінде қалада 0,4-10 кВ электр желілерінің жалпы ұзындығы 5 459,3 шақырымды құрайтыны, бұл желілердің 57,9 пайызы физикалық тұрғыда тозғаны анықталған. Осыған орай, электр қуатын жеткізуші компания инвестициялық бағдарлама қабылдап, оның аясында 2022 жылы 121,3 шақырым электр желілері жаңартылған. Ал, биыл 126,3 шақырым желілер мен 4 қосалқы станциясы жаңартылып жатыр. Сондай-ақ, компания 2024 жылы 147,8 шақырым желі мен 3 қосалқы станцияны, 2025 жылы 90,2 шақырым желі мен 5 қосалқы станцияны жаңартып, электр желілерінің физикалық тозу деңгейін азайтуды мақсат етіп отыр.
Міне, осы жұмыстарды атқару үшін Мемлекет басшысының «Тарифті инвестицияға айырбастау» деген жаңа тариф саясатының аясында Шымкент қаласында жуырда электр қуатының тарифтері өзгерді. Жеке мақсатта тұтынушылар үшін электр қуатының жаңарған тарифі 20 теңге 39 тиын болып бекітілген. Сонымен қатар мамандар электр қуатын қаншалықты үнемдеп қолдансаңыз, тарифтің де соншалықты төмен болатынын ескертеді.
Мәселен, электрлі плиталарды қолданбайтын тұтынушылар үшін сараланған тарифтер төмендегідей болып белгіленген. Қолданылған электр қуаты әр адам басына шаққанда айына 70 КВт\сағаттан аспаса, 1 КВт үшін төленетін ақы – 18 теңге 37 тиын, егер 70 пен 140 КВт\сағат аралығында болса – 24 теңге 47 тиынды құрайды. Ал, абоненттің 1 айда тұтынған электр қуаты жан басына шаққанда 140 КВт\сағаттан да асып кетсе, онда 1 КВт үшін 30 теңге 59 тиынды құрайтын жоғары тарифпен төлеуіңізге тура келеді.
Олай болса, әрбір тұтынушының электр қуатын мейлінше үнемдеу арқылы төмен тарифпен төлеуге мүмкіндігі бар.
Жылу мен газдың үздіксіз берілуі өзімізге де байланысты
Бұдан бөлек Шымкент қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы тарапынан инженерлік инфрақұрылым желілерінің тозу көрсеткішін төмендету мақсатында талдау жұмыстары жүргізіліпті.
«КазТрансГаз Аймақ» АҚ-ына тиесілі 898,9 шақырым табиғи газ құбыры жаңғырту үшін 28,2 млрд. теңге қажет. Егер компания өз қаржысы есебінен бұл желілерді толықтай жаңартса, бұл табиғи газ тарифінің 23-59 пайыз аралығында қымбаттауына әкеліп соқтырады. Есесіне Шымкент қаласындағы газ құбырларының тозу деңгейін 12 пайызға төмендетеді.
Сондай-ақ, «Қуатжылуорталық-3» 19,8 шақырымдық жылу жүйесін жаңғыртуға 3,2 млрд. теңге инвестиция сала отырып, тарифті 8-70 пайыз арлығында көтеріп, тозу деңгейін 15 пайызға төмендете алады.
Қорыта айтқанда, мемлекет энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қолға алып жатыр. Алайда, жарық пен жылудың, табиғи газ бен таза ауыз судың үздіксіз келіп тұруына біз, тұтынушылар да мүдделіміз. Сондықтан, күні ертең апатқа ұрынып, тапшылықтың зардабын көрмеу үшін бүгін коммуналдық тарифтерге қымбатырақ тарифпен төлеуге дайын болып, бұл ресурстарды мейлінше үнемдеп пайдалануды үйренуіміз керек.
«Үш сүю» немесе хәкімнің өсиетін қалай орындап жүрміз?
Среда, 09 Август 2023 05:01Ғасыр бұрын Сұлтанмахмұт Торайғыров «Абайды оқы, таңырқа» деп жырласа, күні кеше көрнекті жазушы, қадірлі ел ағасы Мархабат Байғұт «Абайды оқы, орында» деп өсиет айтқан еді. Асыл ағамыз бір жағынан 10 тамыздың Үкіметтің қаулысымен Абай күні болып белгіленгеніне шын жүректен қуанса, екінші жағынан біздің қоғам бұл мерекенің мәніне терең бойламай, бетімен ғана қалықтап, Абай күнін науқаншылдыққа ұластырып жібермес пе екен деп алаңдап, республикалық басылымдарға мақала да жазған болатын.
Қазақ елі күні ертең сол Абай күнін тағы да тойлағалы отыр, бірақ, бұл жолы арамызда «Абайды оқып, оған таңырқап, тамсанумен шектелмей, данышпанның айтқанына амал қылып, өсиетін орындау ләзім» деп отыратын ақылман ағамыз, сүйікті жазушымыз Махаң жоқ... Дүние-ай десеңізші!
Сонымен хәкімнің қай айтқанын орындап, қай сөзіне әлі де құлаққа аспай жүрміз? Абай аңсағандай қоғам құру жолындағы ізденісіміз қайсы деген төңіректе аз-кем ой қозғап көрмекке тәуекел еттік.
Осы күні біздің қоғам «Сегіз аяқ» өлеңіндегі:
«Егіннің ебін,
Сауданың тегін,
Үйреніп, ойлап, мал ізде.
Адал бол – бай тап,
Адам бол – мал тап,
Қуансаң қуан сол кезде», - деген өсиетті орындауға ұмтылып бағуда. Осы күні қазақ қоғамының адал кәсіп үйренуге, сөйтіп, біреуге қол жаймай өз бетімен мал табуға деген ұмтылысы күшті-ақ. Бір ғана Шымкентте 125 мыңға жуық жеке кәсіпкердің тіркеліп, жұмыс істеп жатқаны сөзіміздің айғағы емес пе?! Алайда...
Абай тек «мал табуды» ғана өсиет етті ме? Әсте олай емес. Біздегі кем ақылдың күбірлеуінше, Абайдың бүкіл шығармашылығының өзегі, өмір бойы айтқаны мен жазып қалдырғандарының қорытынды түйіні «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген өлеңінде жатқан сияқты.
Бұл өлеңді ақынның 1902 жылы, яғни, жасы алпысты алқымдаған шақта, өмірінің соңына таяу, ой-өрісі мен ақыл-парасаты әбден кемелденіп, данышпандықтың шырқау шыңына қадам басқан тұста жазуы да заңдылық шығар. Олай дейтініміз, тап осы бір өлеңінде хәкімнің тек қазақ баласына емес, бүкіл адамзатқа айтқан ең құнды өсиеті жатқандай. Егер оған назар аударып, ой жүгіртіп, «сол өсиетті қаншалықты орындап жүрміз» деп өз өмірімізге сын көзімен қарамасақ, сөйтіп, өмірімізді өзгертуге ұмтылмасақ, онда біз Абайды тануды, одан тағлым алуды ойлаған жұрт емес, жәй ғана «Абай күні» деген желеумен той тойлауды ғана ойлайтын науқаншыл жұрт боп қала бермекпіз.
Сонымен Абайдың басты өсиеті қайсы дейсіз бе? Ол міне:
«Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және хақ жолы осы деп әділетті.
Осы үш сүю болады имани гүл,
Иманның асылы үш деп сен тәхқиқ біл,
Ойлан дағы, үшеуін таратып бақ,
Басты байла жолына, малың түгіл», - деген жолдарда жатыр.
Демек, Абай танымында діннің де, ғылымның да, мәдениеттің де бастауы, жалпы, адамгершіліктің негізі махаббатта жатыр. Жүрегіне махаббат ұяламаған адамның иманды болуы неғайбыл екен.
Енді бір сәт ойланып көрейікші, Сіз бен біз өз жүрегімізден махаббатқа орын бердік пе? Біздің бойымыздан Аллаға, адамдарға деген сүйіспеншілік байқала ма? Біз әрқашан әділеттілікті жанымызбен жақсы көреміз бе? Жоқ әлде, өзімізге келгенде «әділеттілік қайда» деп шырылдап, өзгенің ісіне, мүддесіне келгенде әділеттің ақ жолынан оп-оңай аттап өте береміз бе?
Егер біздің қоғамда жүрегіне махаббат орнаған, иманы кәміл, рухани толысқан тұлғалар көп болса, онда ел ішінде қылмыс азайып, көптеген әлеуметтік проблемалар өздігінен шешімін табар еді-ау... Бірақ, біз қылмыс пен жемқорлық тыйылмай тұрған қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Мүмкін Сіз «қоғам рухани азғындап бара жатса, онда менің не кінәм бар» деп ойлап отырған шығарсыз. Ауырлау болса да ақиқатты айтайық, осының барлығына Сіз де кәнілісіз, мен де кінәлімін, ол да кінәлі. Өйткені, сол қылмысты жасағандардың барлығы біздің адамымыз, біздің қоғамның мүшелері. Демек, біз оларға жақсы үлгі-өнеге көрсете алмадық, оларды мейірім мен махаббатқа бөлеп, жақсылық пен әділеттілікке сендіре алмадық. Абай айтқан «үш сүюді» насихаттаудың жолына, махаббатты таратудың жолына басымызды да, малымызды да байламадық. Сол үшін кінәліміз.
Қараңызшы, бүгінде бір ғана Шымкент қаласында 100-ден астам мешіт жұмыс істеп тұр. Әсіресе, жұма күндері мешітке жиналған жамағаттың қарасы қалың екенін байқап жүрген шығарсыз. Шүкір, елімізде қайырымды істер атқаратын адамдар да жылдан жылға көбейіп келе жатыр. Қаншама жастарымыз қажылыққа, умраға барып келуде (Алла бәрінің ниетін қабыл етсін).
Бірақ, дін ұстанатындар көбейгеніне қарамастан, елімізде әлгі айтқандай көз көріп, құлақ естімеген, жан шошырлық қылмыстар да көбейіп бара жатыр. Неге бұлай? Неге адамдардың жасаған ізгі амалдары қоғамда арсыздықтың тыйылуына себеп болмай отыр?
Хәкім Абай мұның да жауабын берген екен:
«Руза, намаз, зекет, хаж - талассыз іс,
Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс.
Бастапқы үшін бекітпей, соңғы төртті
Қылғанменен татымды бермес жеміс», - дейді ол.
Яғни, ораза мен намаздың, зекет пен қажылықтың талқыға салынбайтын іс екенін, оны орындау әрбір мұсылманның мойнындағы парыз екенін айтады-дағы, алайда, кісінің жүрегіне ізгілік ұя салмаса, яғни, әлгі «үш сүю» болмаса, құлшылық еткеннің пайдасы шамалы екенін ескертеді. Бәлкім, біздің қоғамда адамдар жасаған қайырлы істердің татымды жеміс бермей жатқаны да сол жүректерге махаббаттың орнықпауынан шығар, кім білсін?!
Енді Сіз «осыншама қылмыс пен көзбояушылық жайлаған ортада өмір сүре отырып, бүкіл адамзатты былай қойғанда, айналамдағы адамның бәрін тегіс қалай сүймекпін» деп ойлауыңыз мүмкін. Иә, махаббатқа сенім керек. Адам сенгенін ғана сүйе алды. Ал, адамдарға сенуді үйрену үшін әуелі Аллаға, сосын өз-өзіңе сену керек. Өзінің адал ниетіне, шынайы жанашырлығына, қайырлы амалына сенген адамға өзгелерге сену де, өзгелерді жақсы көру де қиын емес.
Сенім деген өзі керемет дүние. Ислам тарихындағы әділетті төрт халифаның бірі әзіреті Омарға бір күні Византиядан елші келіпті. Ештеңе төсемей, құмның үстінде отырған мемлекет басшысын көрген елші аң-таң болады. Өйткені, өз императорының сол дәуірдегі сән-салтанатын көріп жүрген елші мемлекет басқаратын адамның мұншалықты қарапайым болуын қабылдай алмаған еді.
Сөйтіп, елші халифаға қолындағы шақшасын ұсынып «Мынау әміршіміздің Сізге жіберген сыйлығы, бұл – бір тамшысы адамды сеспей қатыратын у. Император өзіне жақпайтындар мен дұшпандарын осымен жойып отырады» дейді. Әзіреті Омар «Бұл неткен жаман әдет, ешбір адамның өзгенің өмірін бұлай қиюға хақысы жоқ» дейді де, «Биссмиллә» деп шақшадағы уды ішіп жібереді.
Халифаның у ішкенін көрген елші қорыққанынан есінен танып қалады. Есін жиғанда басында аман-есен отырған Омарды көрген елші мұның мәнін сұрайды. Сонда күллі мұсылмандардың билеушісі «Менің Аллама деген сондай күшті сенімім бар, оның рұқсатынсыз маған ештеңе де зиянын тигізе алмайды» деген екен.
Иә, бүгін біз дұшпан берген у түгілі, жолдастың берген шәрбәтін де қорқа-қорқа ішетін хәлге жеттік. Себебі, ой-санамызды да, қоғамымызды да сенімсіздік жайлап алған. Ал, рухани кемелденген, өркениетті қоғам орнату үшін ең ұсақ саудамыздан бастап, ең маңызды, ең ірі мемлекеттік істерімізге дейін адамдардың көңіліне сенім ұялатуы керек.
Айтайын дегеніміз, өзгелерді сүю үшін, өзгелерге сене білу үшін әуелі өзіңіз махаббат пен сенімге лайық адам болыңыз. Қоғамды түзеткіңіз келсе, өзіңізді түзеңіз. Себебі, адам айналасына өзінің бойында, санасында, жүрегінде бар нәрсені ғана бере алады. Бұл – бір жаңалық емес, ықылымнан айтылып келе жатқан аксиома ғой. Тек біз соны ұмытып бара жатқандаймыз.
Не де болса, ертең елімізде Абай күні аталып өтеді. Бұл күн халқымыздың Абайды оқып, орындауына ықпал ететін күнге, шынайы махаббат пен сүйіспеншіліктің таралуына себеп болатын мерекеге айналса, шіркін...
Айдар ҚҰЛЖАНОВ
ТАРИФТІ ИНВЕСТИЦИЯҒА АЙЫРБАСТАУ – ТҰРАҚТЫ ӘРІ ҚАУІПСІЗ БОЛАШАҚ ҮШІН ЖАСАЛҒАН ҚАДАМ
Пятница, 04 Август 2023 04:11Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында монополиялы нарықтарда «Тарифті инвестицияға айырбастау» деген жаңа тариф саясатына көшу керегін айтқан болатын.
ХАЛЫҚТЫҢ ӘЛ-АУҚАТЫН ЖАҚСАРТУ – ЖЕРГІЛІКТІ БИЛІКТІҢ НЕГІЗГІ МІНДЕТІ
Пятница, 28 Июль 2023 04:33Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын жақсарту – жергілікті биліктің алдында тұрған ең маңызды міндет екенін айтқан болатын. Президент, әсіресе, ірі қалалардағы орталықтан шалғай орналасқан шағын аудандар мен елді мекендердің жағдайына баса назар аударып, ондағы инженерлік-коммуникациялар мен инфрақұрылымға қатысты мәселелерді жүйелі түрде шешуді тапсырған болатын. Бүгінде Шымкент қаласының әкімдігі осы бағыттағы жұмыстарға басымдық беріп отыр.
Жарты миллионға жуық тұрғын спортқа жақын
Среда, 12 Июль 2023 04:02Шымкент қаласында спорт саласын дамыту мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Атап айтар болсақ, шаһарда соңғы 3 жылда, яғни, 2020-2022 жылдары 219 спорт нысаны пайдалануға берілген. Ал, биылғы жылдың алғашқы 6 айында тағы да 18 спорт нысаны ашылып, жалпы саны 1 093-ке жетіп отыр.
ӨЗБЕКСТАН МЕН ШЫМКЕНТ АРАСЫНДАҒЫ САУДА АЙНАЛЫМ ЖАНДАНАДЫ
Пятница, 23 Июнь 2023 05:52Биыл мамыр айында Қазақстан мен Өзбекстанның жеңіл өнеркәсіп кешенін бірлесе дамыту мақсатында үкіметаралық келісімдер жасалған болатын. Осыған орай Шымкент қаласында Өзбекстан Республикасынан келген арнайы делегация өкілдерімен кездесу өтті. Кездесуге қала әкімінің орынбасары Нұрсадық Ергешбек қатысып, көрші елден келген инвесторлар мен бизнес өкілдеріне өзара ынтымақтастықтың тиімді тұстары жайлы айтты.
Бес жылда бағындырған белес биік
Пятница, 16 Июнь 2023 05:41
Шымкентке республикалық маңызға ие қала мәртебесін беру туралы тарихи шешімнің қабылданғанына биыл 19 маусым күні 5 жыл толады. Осынау айтулы датаға орайы қала әкімі Мұрат Әйтенов Астана қаласында орналасқан ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде брифинг өткізіп, республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне үшінші мегаполистің өткен бесжылдықтағы дамуы жолы, атқарылған жұмыстар мен алдағы мақсат-міндеттер жайлы баяндап берді.
Мұрат Дүйсенбекұлы жаһандану процессінде бүкіл әлемде урбандалу әлі де қарқынды жүріп жатқанын, қазір әлемдік тренд – бәсекелестік елдер емес, ірі қалалар арасында жүріп жатқанына тоқталып, өркениет пен капиталдың негізгі бөлігі мегаполистерде шоғырланатынын атап өтті. Шаһар басшысының айтуынша, Шымкент те осынау әлемдік трендтен тыс қалмай, уақыттың талабына сай дамуды көздейді.
Осы орайда, М.Әйтенов Шымкентте экономиканың негізгі салаларында орнықты даму барын жеткізді.
– Көрсеткіштерге келетін болсақ, соңғы бес жылда өнеркәсіп өнімінің көлемі 492 млрд. теңгеден 937 млрд. теңгеге жетті, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 58 мыңнан 110 мыңға дейін өсті. Сонымен қатар қала экономикасына 2 трлн. теңгеден астам инвестиция тартылды. Экономиканың орнықты дамуы бюджет көлемінің артуына ықпал етті. Қала бюджеті 5 жылда 4 есе көбейіп, 146 милиардтан 642 миллиард теңгеге жетті, – деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Қала әкімі биылғы өткен 5 айда өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда инвестиция көлемі – 22 пайызға, құрылыс жұмыстары – 29 пайызға, пайдалануға берілген тұрғын үй алаңы – 73 пайызға, ал, бөлшек сауда көлемі 25 пайызға артқанын атап өтті.
– Ендігі кезекте қаланың стратегиялық дамуына көп мән беруіміз қажет. Бірінші кезекте – қаланың бас жоспарын демографиялық өсім қарқынына байланысты қайта қарап, жаңадан әзірледік, - деді М.Әйтенов.
Сондай-ақ, қаланың 5 жылдық даму жоспары қайта қаралып, басым салаларды белгіленген. Шымкентте экономиканың дамуына тың серпін беріп отырған саланың бірі – өнеркәсіп. Бүгінде Шымкентте жұмыс істеп тұрған 5 өндірістік алаң бар. Онда жалпы құны 350 миллиард теңгенің 335 инвестициялық жобасы жүзеге асып жатыр.
Брифинг барысында қала әкімі тағы да 5 өндірістік алаң ашылатынына тоқталып өтті.
– Өндіріс алаңдарына қажеттіліктің артуына байланысты, жаңадан жалпы аумағы 867 гектарды құрайтын 5 өндіріс аймағын құру жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, жаңадан 3 индустриалды аймақ ашып, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы мен Шымкент көлік-логистикалық аймағын кеңейту көзделуде. Бұл аймақтарда жалпы жиынтығы 400 млрд. теңгеге 284 инвестициялық жоба іске асырылады. Онда 12 мыңға жуық жұмыс орны құрылады, – деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Қала әкімінің айтуынша, жаңадан құрылатын «Жұлдыз» индустриялық аймағында инженерлік инфрақұрылымның құрылысы жүргізіліп жатыр. Онда машина жасау, фармацевтика, металлургия, жиһаз өнеркәсібі, құрылыс индустриясы салаларында 200 млрд. теңгеге 50-ден астам ірі инвестициялық жоба іске аспақ. Бұл 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Аталған аймақта инвестициялық құны 147 млрд. теңге құрайтын, 42 жобаны іске асыру жұмыстарын бастап кеттік. Оның ішінде 2023 жылы инвестициялық құны 7 млрд. теңге құрайтын, 400-ден аса жаңа жұмыс орындарымен 5 жобаны іске қосу көзделуде.
– Ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін өндірістік алаңдарын дамыту мақсатында аумағы 132 гектар құрайтын «Бозарық» тамақ өнеркәсібі агро-индустриялық аймағында инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы жүргізілуде. Нәтижесінде 21 жобаға 23 млрд.теңге инвестиция тартылып, 1 800-ден астам жұмыс орны ашылады, – деді М.Әйтенов.
Сонымен қатар шаһар басшысы Президент тапсырмасына сәйкес, сауда-логистикалық орталығын кеңейте отырып, бүкіл оңтүстік өңірі үшін өңірлік-Хаб құру жұмыстары басталғанына да тоқталды. Бұл жоба 2023-2027 жылдар аралығында іске асырылады екен. Кеңейтілген аймақта 47 млрд. теңгеге қосымша 23 жобаны жүзеге асыру жоспарланыпты. Ал, «Стандарт» жеке индустриялық аймағына 30 млрд. теңге инвестиция тартылып, 150 жобаны іске асыру арқылы 2 мың жаңа жұмыс орындары ашылатын болады.
М.Әйтеновтің айтуынша, Шымкент бизнес жүргізуге қолайлы қалаға айналып келеді. Мәселен, 2018 жылы белсенді жұмыс істейтін кәсіпкерлік субъектілерінің саны 58 мың болса, бүгінде бұл көрсеткіш 140 мыңнан асқан.
– «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» аясында 17,9 млрд. теңге бөлініп, жыл басынан 3 176 жобаға 7,9 млрд. теңгеге қолдау көрсетілді. Мемлекеттік бағдарламадан бөлек, кәсіпкерлерді қолдау мақсатында жергілікті «Іскер қала» бағдарламасы іске асырылуда. Бағдарлама аясында 1,4 млрд. теңге бөлініп, жыл басынан 153 жобаға 412 млн. теңгеге қолдау көрсетілді. Бұл ретте, жастар мен әйелдер кәсіпкерлігін 1 пайыздық мөлшермен 10 млн. теңгеге дейін несиелендіру қаралған. Бағдарлама аясында кәсіпкерлерге өндіріске бағытталған жеңілдетілген несиелер беру қарастырылған, атап айтқанда 2 пайыздық мөлшермен 50 млн. теңгеге дейін несиелер алуға болады.–деді қала әкімі.
Сондай-ақ брифинг барысында өнеркәсіптік парктерде үш жыл ішінде жергілікті бюджет қаражаты есебінен шағын кәспорындардың жалдау ақысының шығындары - 1-ші жыл 75 пайыз, 2-ші жыл 50 пайыз, 3-ші жыл 25 пайыз үлеспен өтелетіндігін атап өтті. Бүгінде «Бизнеске арналған үкімет – Shymkent Invest» бірыңғай орталығында 33 мыңға жуық кәсіпкерге, жыл басынан 5 мыңға жуық кәсіпкерге бизнес-жоспарды әзірлеуден бастап, жобаны пайдалануға беруге дейінгі құжаттарға қолдау көрсетілген.
Сонымен қатар Мұрат Әйтенов Шымкент қаласындағы инфрақұрылымды дамыту, құрылыс, халықты жұмыспен қамту, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, цифрландыру және өзге де салалар мен бағыттар бойынша атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы жан-жақты баяндап өтті.
Өз кезегінде журналистер қауымы қала әкіміне өздерін қызықтырған сауалдарын қойып, оған толық жауап алды.