Шымкентте БАҚ-пен өзара іс-қимыл кеңесінің екінші отырысы өтіп, жаңа ақпараттық сайт таныстырылды. Салтанатты жиынға қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, қалалық ішкі саясат және жастар ісі жөніндегі басқарманың басшысы Жанар Бектаева, үшінші мегаполистегі БАҚ басшылары, бас редакторлары мен ақпараттық сайттардың жетекшілері, журналистер қатысты.
Шыңғыс Жұмабекұлы алдымен қалам ұстаған қауымды мерекелерімен құттықтап, өткен жылғы негізгі нәтижелерге қысқаша тоқталып өтті.
– Дәстүрлі жаңа жылдың қарсаңында өткен жылға есеп беріп, жаңа жылға үлкен үмітпен аттағалы отырмыз. Өздеріңізге белгілі, 2020 жыл оңай болған жоқ. Әсіресе, пандемия бүкіл қоғам өмірін өзгертті дей аламыз. Оның ішінде ақпарат саласы да бар. Covid-19 дертімен күрес кезінде шынайы әрі нақты ақпаратқа деген қажеттілік өте жоғары болды. Қоғам назары, оқырман назары жылдам ақпарат тарататын электронды ақпарат көздеріне ауысты. Осылайша ақпараттық сайттарға қажеттілік артты. Осы мақсатта Шымкент қаласының әкімі Мұрат Дүйсенбекұлының қолдауымен shymkentaqparat.kz сайты ашылып, бүгінде жұмыс істеуде. Бұл сайт, ең алдымен, журналистер үшін қажет. Себебі, мұнда ресми дереккөздерден алынған мәлімет қаншама рет сала мамандарының нақтылауынан, сүзгісінен өтіп, жарияланады. Сондықтан, баршаңызды Шымкенттің ақпараттық айдынында бірлесе жұмыс істеуге шақырамын, - деді Шыңғыс Жұмабекұлы.
Жиында Шымкент қалалық Ақпараттық-коммуникация орталығының директоры Нұрбол Орымбай сөз алып, сайттың мазмұны, шығармашылық тобы мен мақсатын таныстырып өтті.
– Шымкент қаласында жалпы саны 40-қа жуық сайт бар. Оның біразы ақпараттық тұрғыда белсенді болса, енді бірқатарының белсенділігі төмен. shymkentaqparat.kz сайтының мақсаты – ресми мәліметтер таратумен қоса, үшінші мегаполистің қоғамдық өмірінің барлық саласын қамтитын, ауқымы кең танымдық сайт болады, - деді Нұрбол Әбдіәзімұлы.
Жиын барысында ақпарат саласындағы еңбегі еленген бірқатар журналиске ҚР Президентінің Алғыс хаты мен «Халық алғысы» медалі, Шымкент қаласы әкімінің Алғыс хаты табысталды. Одан кейін БАҚ-пен өзара іс-қимыл кеңесінің үшінші мегаполистің ақпараттық өміріне арналған отырысына жалғасты.