Алаш жұрты аяулы қаламгерін ақтық сапарға шығарып салды
Бір кем дүние дерсіз... Қазақ руханияты орны толмас қайғыға ұшырады. Қазақ әдебиетінің қызыл жебесі, баспасөзіміздің байрағы мен айбары болған белгілі қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза 86 жасында дүниеден озды. Қайда жүрсе де сұңқардай даусымен саңқылдай, елдің мұңын мұңдап, ақ сөйлейтін Шерағамыз да мына бес күндік фәни жалғаннан мәңгілік мекенге аттанды. Ғибратқа толы ғұмырында, халқына қара нардай қызмет қылған қайсар қаламгер қазақ руханиятының дамуына өлшеусіз үлес қосып, әдебиеттің «Тау тұлғасы» атанды. «Жегені жантақ, арқалағаны алтын» деп, қаламгер қауымының тірлігін һәм беделін биіктетті. Қазіргі көптеген ақын-жазушылар өздерін «Шерханның шекпенінен» шықтық деп жатады, бұл әсте артық айтқандық емес. Шынайы сөз, әділ баға. Жұртшылық оны «қазақтың Шерағасы» деп атады. Себебі, ол ұлттың рухымен біте қайнасып, болмысымен бір болып кеткен еді.
Шын есімі Шері еді...
Бұл қаза, шынында, күллі Алаш жұрты үшін орны толмас қайғы. Қаралы хабар Қазақ елінің қабырғасын қайыстырды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Шерхан Мұртазаның қайтыс болуына байланысты туған-туыстары мен жақындарына жолдаған көңіл айту жеделхатында қаламгердің ұлт игілігіне жасаған еңбегіне жоғары бағасын беріп, бұл қаралы хабарды зор күйзеліспен қабылдағанын жеткізді.
– Шерхан Мұртаза бүкіл ғұмырын төл әдебиетіміз бен мәдениетіміздің дамуына арнаған біртуар азамат, қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған нар тұлғалы қаламгер, қарымды қоғам қайраткері болды. Ұлт руханиятында өзіндік қолтаңбасы бар заңғар жазушы соңына мол мұра, өрісті өнеге қалдырды. Шерхан Мұртаза қазақ журналистерінің бірнеше буынын тәрбиелеген ұлттық баспасөздің биік бәйтерегі еді. Қашанда әділдік пен ақиқаттың алдаспаны болғаны үшін қара сөздің зергері, шындықтың шырақшысы атанған Шерхан Мұртазаны халқы «Шерағаң» деп қадір тұтты. Сонау Теміртаудағы еңбек жолымның тікелей куәсі болған ол Тәуелсіз мемлекеттің іргесін қалаған жылдарда да жанымда жүріп, елді ілгерілету ісіне зор үлес қосты. Шерхан Мұртазаның қазақ руханиятындағы орны мен жарқын бейнесі ешқашан ұмытылмайды деп сенемін, – делінген Елбасының көңіл айту жеделхатында.
Рас, Шерағаңның көзін көргендер оны «ақиқаттың алдаспаны еді, қолына қалам ұстағаннан шындықтың биігінен түспеді», деп еске алады. Белгілі жазушы Жүсіпбек Қорғасбек Шерағаның шеберханасынан шыққандардың аз емес екенін айтады.
– Шерхан Мұртазаның бойы да, ойы да шымыр адам. Көптеген баспаларды басқара отырып, журналистік қызметке де, аудармашылыққа да үлгерді. Оның күндіз-түні жұмыс істеп жүріп, шығармашылыққа қалай үлгергенін біз біле бермейміз. Мұның барлығын уақытты дұрыс бөлуіне байланысты керемет орындады деуге болады. Шерхан ағаның еңбегін халық мойындайды. Алайда, оның шығармашылығын талдап жатқан адамды көрмейміз. Шерхан Мұртаза басқарған жылдары қазақ баспасөзінің дәурені жүрді. Қазақ жазушыларының барлығы шығармашылықты ақындықтан бастаған десе де болады. Шерхан Мұртаза да әдебиетті өлең жазудан бастады. Оның ойы мен сөзі шымыр, ал, көркемдігі өз алдына. Осының барлығына ақындығы әсер етті. Қасында жүрген соң ел біле бермейтін қасиеттерін айта кетсек болар. Ол бізді аша алды. Досы да, дұшпаны да болды. Бір қызығы, ол досқа да дұшпанға да адал болды. Ешкімге қиянат жасаған емес. Бұл бойындағы үлкен қасиет болса керек, – дейді жазушы.
Шерхан Мұртаза 1932 жылы 28 қыркүйекте Жамбыл облысы Жуалы ауданында дүниеге келген. Жазушының шын есімі – Шері. Мұны біреу білсе, біреу білмес. 1937 жылы әкесі Мұртазаны «халық жауы» деп ұстап әкетеді. Сол кезде бала Шерхан небәрі 5 жаста болған екен. Әкесінен жастай айырылған Шерхан оқу мен еңбекке ерте араласады. Балалық шағы да соғыстың тауқыметті кездерімен тұспа-тұс келеді. 8 жасқа толғанда өзі туған ауылындағы мектептің бірінші сыныбына қабылданады.
Ол 1955 жылы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Жастық шағында «Лениншіл жас» пен «Социалистік Қазақстан» газетінің тілшісі болып қызмет еткен. 1963-1970 жылдар аралығында «Лениншіл жас» газетінің редакторы қызметінде болған. Одан кейінгі кездері «Жазушы» баспасы мен «Жалын» альманахының, «Жұлдыз» журналының Бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы әрі Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының хатшысы қызметтерін атқарған.
1989-1992 жылдары «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы, 1992-1994 жылдары ҚР мемлекеттік телерадио компаниясының төрағасы қызметтерін атқарды. ҚР Парламентінің Мәжіліс депутаты болды.
Жазушының әр жылдары жазылған «Табылған теңіз», «Белгісіз солдаттың баласы», «Ахметжанның анты», «Мылтықсыз майдан» повестері, «41-жылғы келіншек», «Интернат наны» әңгімелері, «Қара маржан», «Жүрекке әжім түспейді», «Не жетпейді?», бес кітаптан тұратын «Қызыл жебе», «Ай мен Айша» романдары қазақ прозасына қосқан өшпес туынды болып қалары сөзсіз.
Шындықтың шырақшысы
Қазақ қара сөзінің алтын жебесіне айналған қаламгер жазушылықпен бірге, қайраткерлікті де қатар алып жүрген еді. Шерағаң шын мәнінде өз заманының запыранын айта алған, жаза алған нағыз халық жазушысы болды. Кеңестік жүйенің сұрқай саясатынан сескенбей, ұлт мүддесін түгендеп, айтарын айтты. Ел мүддесі мен ұлт қамы үшін жазған өткір мақалалары елдің есінен ешқашан шықпақ емес.
Қаламгермен бірге қанаттаса қызмет еткен әріптесі Уәлихан Қалижан енді Шерағаңның өзі де «Бір кем дүниеге» айналып кеткенін қимастықпен жеткізеді.
– Шерағаң жақсылыққа қуана да білді, кемшілікке күңірене үн қатты. «Егемен Қазақстан» газетіне Шерағаңды кеңесшілік қызметке шақырғаным жадымда жаңғырып тұр. «Батыр, жазғанымды қысқартпасаң, өңдемесең келісем», – деп қолын ұсынып еді сонда Шерағаң. Қол алысу Алла атымен серттесумен бірдей. Осылай «Егеменде» Шерхан Мұртаза мен Камал Смайыловтың бір жарым жылға созылған хаттарын жариялап едім. Шерағаңмен Парламент Мәжілісінде депутат та болдық. Егемен еліміздің алғашқы жылдарында қиындықтар аз болған жоқ. Үкіметті сынға алатын санаулы ғана депутаттар болды. Соның серкесі – Шерағаң еді. Шерағаң айтқан тағы бір сөз ұмытыла ма? Бюджетті талқылау сәті еді. – Қаратай дос, (Тұрысов) енді бұл үкіметті қанша қусаң да бір де бір құмалақ түспейді дейсің, ендеше мұндай үкіметтің халыққа не керегі бар, – деген де Шерағаң еді. Шерағаңның әр сөзі адамның санасына сіңіп, бүкіл жан дүниеңді қозғап жібереді. Мына сөздерге назар аударалықшы: «Қып-қызыл өтірікті көтере беретін осы дүние ғана. О дүниеге ондай қулық өтпейді». «Рухани әлемі кең, рухы биік ел − қайсар ел. Ондай елді ешкім жеңе алмайды. Рухы сынған, рухани жүдеген елді жеңу де жеңіл». Міне, Шерағаң, Шерхан Мұртаза ағамыздың өмірден рухы осылай сынбай өтті. Өзі айтқандай «О дүние ондай қулық өтпейтін» мәңгілік әлемге Шерхан Мұртаза тазалықтың, әділдіктің, шыншылдықтың ақ жебесі болып аттанып бара жатыр, – дейді жазушы.
Қазақ баспасөзінің бірнеше буынын тәрбиелеп өсірген тұлғаны «редакторлардың редакторы» деп бекер атаған жоқ. Оның елге бергені, айтқаны, кейінгі жастарға көрсеткен үлгісі, сілтеген жолы ұшан-теңіз. Қазақ журналистикасы Шерханның шекпенінен шықты десек мүлде артық айтқандық емес. Сол себепті шығар, сөздік қорымызда «Шерағаңның шекпені» деген бұзылмас сөз тіркесі қалыптасты.
Шерағаңның жас қаламгерлерге деген құрметі ерекше болды. Әсіресе Әбіш Кекілбаев, Жүсіп Қыдыров, Мұхтар Шаханов, Рымғали Нұрғали, Ақселеу Сейдімбек, Оралхан Бөкей – бәрі-бәрі Шерағаңның алдын көріп, ақылын тыңдап, ағалық кеңесімен өсіп жетіліп, үлкен сапарға аттанған қаламгерлер.
– Шерағаң баспасөзіміздің Бауыржаны болды, – дейді Шерағаңның шекпенінен шыққандардың бірі, «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбай. – «Егеменге» шақырып, жолымызды ашты. Солқылдамай турасын айтатын қасиетінің арқасында біз де батыл жазатын болдық. Біздің жазған материалдарымызға жоғарыдан дүмпу келіп жатса, ол кісі бізді қорғайтын. Бізге пана болды. Соны сезініп, одан әрі батыл, өткір жазуға талпындық. «Егемен Қазақстанға» келгенде газетті ерекше өзгертті. Бет жасалып алдына келгенде, еркінше бұзып, сүйекті материалдар салғызатын. Соның арқасында басылым өрледі, түрленді, бүгінгі биігіне жетті. Енді Шерағаңдай тұлға қазақ руханиятына әне-міне кеп қалардай елеңдейтін боламыз! Бақұл бол, аяулы аға, ардақты ұстаз!
P.S.
Халқын сүйген қаламгерді кеше Алаш жұрты Алматыда ақтық сапарға шығарып салды. Сүйегі Алматы маңындағы «Кеңсайға» қойылды. Ел абызына айналған ұлы тұлғаның артында ұлт мұраты үшін қызмет ететін құнды шығармалары қалды. «Табылған теңіз», «Мылтықсыз майдан», «Интернат наны», «Ай мен Айша», «Қызыл жебе» туындылары тұрғанда, қалың оқырман үшін қазақтың Шерағасы мәңгі жасай беретіні сөзсіз. Оның туралықтың алдаспанынына айналған ерекше болмысы мен дара бейнесі шындықтың шырақшысы ретінде ел жүрегінде мәңгі сақталады деп ойлаймыз.