Шымкент қаласында «Ақпараттық қоғам: БАҚ және әлеуметтік желідегі құқықтық мәдениет» тақырыбында семинар өтті. Іс-шараны ОҚО ішкі саясат басқармасы, Қазақстан Журналистер Одағының ОҚО филиалы және Қазақстан халқы Ассамблеясы ОҚО бойынша филиалы бірге ұйымдастырған. Семинарға облыстық құқық қорғау органдары, әділет департаменті және БАҚ өкілдері, сондай-ақ әлеуметтік желі қолданушылары қатысты.
Семинардың мақсаты журналистердің және әлеуметтік желі қолданушыларының ақпарат беру тәсілін дамыту, ақпарат таратудағы құқықтық жауапкершілігін арттыру және қоғам мен БАҚ өкілдерінің арасында байланыс орнату дейді ұйымдастырушылар. Басқосуды семинардың модераторы - Қазақстан Журналистер Одағының ОҚО филиалының төрайымы Айгүл Қапбарова ашып, қатысушыларды семинардың мақсатымен таныстырды, жиында қаралатын мәселелер туралы айтты.
Жиында ОҚО әкімінің баспасөз қызметінің жетекшісі Бейсен Тәжібаев кіріспе сөз сөйлеп, баспасөз қызметкерлері мен журналистердің бірігіп жұмыс істеуі, ақпарат таратудағы әлеуметтік желілердің орны туралы айтты. Сондай-ақ, семинар барысында өзге де спикерлер мен пікір айтушылар баяндама жасады.
Семинарға қатысушылар ОҚО ІІД мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасының басшысы Салтанат Қаракөзованың «БАҚ-та криминогенді және әлеуметтік-тұрмыстық сипаттағы ақпарат таратудың тәсілдері» тақырыбындағы баяндамасын тыңдаса, ОҚО сотының судьясы Тамара Қалиева «Бұқаралық ақпарат құралдарының ақпарат таратудағы құқықтық жауапкершілігі» тақырыбында сөз сөйледі. Ал облыстық ішкі саясат басқармасының ақпараттық саясат және БАҚ мониторингі бөлімінің басшысы Дамир Жүнісов «БАҚ және ақпараттық технологиялардың қоғамға әсері» тақырыбында баяндама жасады.
Ақпараттық қоғамды дамытуға арналған семинарда журналистер де белсенділік танытты. Атап айтқанда «Журналистердің және әлеуметтік желі қолданушыларының ақпарат таратудағы этика мәселелері мен адам құқығы» тақырыбында «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы Абай Балажан баяндама жасаса, «Отырар» телеарнасының бас редакторы Зәуре Оралбаева «Журналистердің және әлеуметтік желі қолданушыларының ақпарат таратудағы жаңа тәсілдері» тақырыбында сөз сөйледі.
Сонымен қатар семинарға қатысушылар да «Бұқаралық ақпарат құралдарының ақпарат таратудағы құқықтық жауапкершілігі» тақырыбында пікірсөзге шықты.