Оңтүстік – бизнеске қолайлы аймақ Избранное

Среда, 11 Апрель 2018 04:25 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4422 раз

Оңтүстік Қазақстан – бизнес үшін қолайлы аймақ. Бүгінде облыста 179,5 мың шағын және орта бизнес
нысаны жұмыс істейді. Сондай-ақ, 655 ауыл шаруашылығы кооперативі жұмысын бастаған.

Облыстық кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері кәсіпкерлердің мүддесін қорғауда да белсенділік танытып келеді. Былтыр кәсіпкерлер тарапынан түскен 257 өтініш оң шешілген. Ендігі кезекте өңір тұрғындарын жаппай кәсіпкерлікке тартып, нарықтағы бәсекеге қабілеттілікті арттыру ләзім. Бұл орайда нені ескерген жөн?

92 млрд теңге және меншік құқығы

ОҚО Кәсіпкерлер палатасының аймақтық кеңесінің кеңейтілген отырысында бірқатар мәселелер айтылды. Талдау жұмыстары зерделенді. Кеңейтілген отырысқа ҚР «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Президиумының төрағасы Тимур Құлыбаев, облыс әкімі Жансейіт Түймебаев, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасының төрағасы Абылай Мырзахметов, Өңірлік палата басшылығы, мемлекеттік органдар мен бизнес қауымдастықтар, банктер және қаржы институттарының өкілдері, сонымен бірге тауар өндірушілер қатысты. 

Тимур Асқарұлы «Атамекен» ҰКП-ның жұмысының негізгі нәтижелеріне тоқталып, қысқа уақыт ішінде «Атамекен» бизнестің пікірін білдіретін институтқа айналғанын атап өтті. 

– Қазақстан үшін мүлдем жаңа түсінік – бизнес-омбудсмен институты енгізілді. Оның жоғары мәртебесі мен кең өкілеттіктері елдегі бизнестің жүйелік мәселелерін шешуге мүмкіндік береді, – деді «Атамекен» ҰКП Президиумының төрағасы. 

Ұлттық кәсіпкерлер палатасына 2013-2017 жылдары аралығында бизнесті қорғау бойынша 22 мыңнан астам шағым түскен. Оның ішінде 40 пайызы бизнестің пайдасына шешілді. Нәтижесінде 92 млрд теңгеден аса кәсіпкерлердің меншік құқығы қорғалған. 

«Атамекен» ҰКП Президиумының төрағасы Тимур Құлыбаев облыс кәсіпкерлерін шекаралас нарықтарда бәсекеге қабілетті болу үшін ауыл шаруашылығы кооперациясын дамытуға шақырды. 

– Шекаралас өңір тұрғындары нарыққа бейім, бәсекеге қабілетті болуы тиіс. Қазір Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда қарым-қатынасы қарқынды дамып келеді. Осы орайда біз отандық тауар өндірушілеріге кооперацияларды құру, өнімді өңдеу, сақтау және өткізуде барынша қолдау көрсетуіміз керек. «Атамекен» ҰКП және Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің бірлесуімен ауыл шаруашылығындағы кооперацияның сәтті үлгілерін құрып, осы тәжірибені басқа өңірлерге таратуымыз жөн, – деді Тимур Асқарұлы. 

Облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың айтуынша, өңірде қолайлы бизнес климат қалыптастыруға, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға барынша жағдай жасалған. Басты мақсат – экономиканы әртараптандыру. 

– Аймақтық кәсіпкерлікті дамыту – Елбасының әрдайым назарында тұрған мәселе. Әкімшілік кедергілерді жою, бизнесті жүргізу бойынша процедураларды жеңілдету – Елбасының әлеуметтік-экономикалық бастамаларын қолдаудың негізгі қағидаларының бірі. 2017 жылы өнеркәсіп өнімінің көлемі 858,4 млрд теңгеге жетіп, өсім 102,1 пайызды құрады. Ал өңдеу өнеркәсібінің жылдық өсімі 105 пайызға жетті. Бұл көрсеткіштерге облысымыз Елбасымыздың тікелей тапсырмасы бойынша жаңа өндірістердің ашылуы мен жұмыс жасап жатқан кәсіпорындарды жаңғырту нәтижесінде қол жеткізілді, – деді Ж.Түймебаев. 

Бүгінде Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жергілікті әкімдікпен бірігіп, Өңірдің даму картасын әзірлеп жатыр. Картаға жергілікті өнімді өңдеу мен өткізу мәселелері енгізілмек. ОҚО кәсіпкерлер палатасының директоры Асқар Әбубәкіровтың атап өткеніндей, облыста шоғырланған 179,5 мың шағын және орта бизнес нысаны – еліміздегі үздік көрсеткіш. 2017 жылы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасымен 499 жобаға қолдау көрсетілсе, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының» екінші бағыты аясында 911 кәсіпкерге 4,1 млрд. теңге көлемінде шағын несие берілді. Ал «Бастау бизнес» жобасы бойынша 1 500 адам оқудан өткен, оның ішінде 300 адам өз кәсібін бастады. 

Бизнеске қолайлы жағдай жасау үшін өңірлік палата және қала әкімдігі функционалдық аймақтарды, қызыл сызықтарды және басқа құрылыс нормаларын көрсете отырып Шымкент қаласының интерактивті картасын да әзірледі. Кез келген кәсіпкердің shymkent.genplan.kz сілтемесі бойынша қаланың кез келген жер учаскесі туралы барлық ақпаратты алуына мүмкіндік бар.

Мектеп жасынан – мамандыққа машықтандыру

Жұмыссыздықты азайтып, жастарды жаппай кәсіпкерлікке тарту – көптен бері айтылып жүрген жағдай. Президум төрағасы бұл мәселелерде де өз ойын білдірді. Қазіргі уақытта жастарды кәсіпкерлікке мектеп жасынан бейімдеу қажет.

Азаматтардың кәсіпкерлік негіздеріне оқыта отырып, бизнеспен айналысуға жұмылдыруға басымдық беру керек. Бұл үшін елімізде «Бастау» жобасы сәтті жұмыс істеуде. Жаңа оқу жылынан бастап орта мектептің жоғары сынып оқушыларына кәсіпкерлік және бизнес негіздері пәні енгізіледі. Білім және ғылым министрлігімен келісім жасалған. Бұл – демографиялық өсімі жоғары Оңтүстік үшін өте тиімді. Әрі жұмыспен қамту мәселесі де оңтайлы шешілер еді. 

Басқарма төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев те алда бірқатар ұсыныстар әзірленіп жатқанынан хабардар етті. 

Бүгінде өзін кәсіпкермін деп санайтын, бірақ тіркелмеген азаматтар аз емес. Олар ресми саннан 40 пайызға көп екен. Еш жерде тіркеуде жоқ. Облыстың аудандарында осындай жағдайлар кездеседі. «Атамекен» қолдау орталығы енді осындай азаматтардың барлығын тіркеп, рәсімдеуге қолдау көрсетпек. Яғни, кәсіпкердің саны көп болғанмен, салық төлеп жатқандары аз. Басты мақсат – салық төлейтін адамдардың санын көбейту. Э. Жұмағазиев мұндай азаматтарға көмек беру, оқыту, несие беру сынды жұмыстар қолға алынатынын айтады. 

«Атамекеннің» тағы бір ұсынысын да айта кетсек. Алда кәсіпорындарда оқу орталықтарын ашу жоспарлануда. Онда бір айдан алты айға дейін мамандар даярланады. Осы аралықта маман иесі атанып, әрбір азамат отбасын асырауға мүмкіндік алмақ. Нәтижесінде 75 мың адамды жұмысқа орналастыруға мүмкіндік бар. Әкімдік қолдайтын болса, бұл жоба да іске аспақ. 

Жалпы, облыста кәсіпкерлікті дамытуда көптеген жұмыс қолға алынған. Президиум төрағасы жиынды қорытындылаған сөзінде де мұны баса айтып өтті. Бұған қоса ОҚО кәсіпкерлік палатасының Аймақтық кеңесіне алғысын білдірді.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.