Диграф пен дәйекше қажет болмай қалды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қазақ әліпбинің латын графикасына негізделген нақты нұсқасын бекітті. Жаңа алфавитте 6 әріптің төбесіне үтір қойылған және бірнеше әріп біріккен. Президенттің жарлығына сай келесі жылдан бастап мектептер пилоттық жоба ретінде осы алфавитке көшеді. Яғни, бірқатар мектептерде бастауыш сыныптар пилоттық жоба ретінде латын графикасына негізделген әріптер оқытыла бастайды.
Дәурен АБАЕВ,
ҚР ақпарат және коммуникациялар министрі:
– Латын графикасындағы соңғы нұсқа орынды әрі заман талабына сай. Жалпы, әліпбидің жаңа нұсқасы онша талқыланбады деген мәлімдемелермен келіспеймін. Өйткені осы жолы ұлттық комиссия аясында бес-алты топ ауқымды жұмыс атқарды. Мәселен, мен теxникалық топты басқардым. Біз латын әліпбиінің апострофпен енгізу мәселесін зерделедік. Сол проблеманы көтердік. Апостроф арнайы белгі ретінде келеді. Оны қолданғанда таңбалардың арасы ашылып кетеді. Соның салдарынан ғаламторда мәтіндерді іздеу мәселесі қиындайды. Енді, өзінің алгоритмі бар ғой. Елбасы xалықтың осы пікірін де ескерді. Мамандардың айтқанын тыңдап, жаңа нұсқаны қабылдады. Бұл өте дұрыс шешім болды. Сондықтан латынның жаңа нұсқасы қолдану жағынан тиімді. Сосын бір мәселені ескеру керек, латын әліпбиінің мінсіз нұсқасы жоқ. Оны бәріміз жақсы білеміз. Меніңше, қазіргі нұсқа орынды әрі заман талабына сай келеді. Онда ғалым лингвистердің пікірі ғана емес, IT мамандардың кеңестері те ескерілді.
Алма ПАЗЫЛОВА,
ОҚМПУ-дің аға оқытушысы:
– Күні кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен қазақ тілі әліпбиінің латын графикасындағы жаңа нұсқасы бекітілді. Бұл хабарды оқытушылар, әсіресе, филологтар қуанып отырмыз. Себебі, әліпбидің нұсқасы неғұрлым ерте бекітіліп, онымен сауатты жазуды соғұрлым ерте үйренгеніміз жақсы. Ал жаңа нұсқаға маман ретінде менің пікірім – таңбалар жүйесінің жеңіл, тілге орамды болуы аса маңызды. Жалпы, жазудағы ықшамдылығы мен ыңғайлылығы – әліпбидегі басты мәселе. Латын әріптеріндегі әліпбиіміздің соңғы нұсқасында апострафтар алынып тасталған. Графикалық жағынан үйлесім бар деп есептеймін.