Елорда – өмірімнің бір бөлшегі

Среда, 05 Июль 2017 06:36 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4532 раз

saken-kanybekov


Сәкен ҚАНЫБЕКОВ,

ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты:


Елорда күні – елдіктің тойы

– Астана – бүгінде әлемнің назарында тұрған қала. ЭКСПО халықаралық көрмесіне дүниежүзінің әр қиырынан туристер, делегаттар келіп жатыр. Яғни, әр елдің басшылары, делегациялары бас қаламызбен танысып, елдігімізге куә болуда.
Жалпы, Астана күні – елдіктің тойы. Елбасымыздың батыл бастамасының арқасында әлем таныған қалаға айналды. Міне, биыл 19 жылдығын тойлағалы отырмыз.
Мұнда еліміздің әр аймағынан келген отандастарымыз тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Бәрі бір шаңырақ астына топтасқан. Әсіресе, Оңтүстіктен келген жерлестеріміз көп.
Бір қуантатыны, Елордамызда қазақылық жағынан да оң өзгерістер бар. Бұрынғымен салыстырып қараңызшы... Біз жақсы істерді көп айтуымыз керек. Мәселен, Мәжілістің жалпы отырысы негізінен қазақ тілінде өтіп жатыр. Одан кейін көшелердің аттары, мәдени орындар қазақылыққа қарай ойыса бастаған. Сондай-ақ, балабақшадағы бүлдіршіндер, мектептегі оқушылар қазақша сөйлегенде көңіліңді қуаныш кернейді.
Келешекте Астана барлық жағынан үлгі болар шаһарға айналарына сенемін.

 Karashash

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, 
«Егемен Қазақстан» газетінің шолушысы:


Мәдени-рухани күндері көз алдымда

– Елордаға қалай келгенім әлі көз алдымда. Алматыдағы редакциядан үш әріптесіммен бірге 1997 жылы қоныс аудардық. Қандай қиындық кезіксе де мойымай, жұмысты бастап кеттік.
Ол кезде қала аңызақ дала еді. Жаңа ғимараттар бой көтермеген. Қатты аязды күндерді көрдік. Бірақ, бәріне шыдап бақтық.
Уақыт сәтімен жаңа ғимараттар, жаңа аудандар салынды. 20 жылдың ішінде адам танымастай өзгерді. Жалпы, өзім 1997 жылдан бері Астананың мәдени-рухани саласындағы өзгерістерді, тың жаңалықтарды жазып келемін. Барлық мәдениет нысандарының құрылыс барысы, ашылуынан бастап, өтіп жатқан барлық іс-шаралардан қалған емеспіз. Қысқаша айтқанда, Елорданың руханияты мен мәдени күндерін тасқа қашап жазғандаймыз. Астана біздің өміріміздің өлшенбес бөлігіне айналды. Жалпы, адамның мінезі табиғатқа қарай бейімделеді ғой. Астананың климаттық өзгерісіне бейімделіп, шыңдала түстік.

 

erzhenis

Ержеңіс МЫРЗАҚҰЛОВ,
мемлекеттік қызметкер:

 

Өмірімді өзгертті

– Еліміздің бас қаласына келгеніме тұп-тура 10 жыл болыпты. Елорда – менің өмірімнің жаңа кезеңдері. 2007 жылдан бері сүйікті қала көз алдымда өсіп-өркендеп келеді. Дамудың даңғыл жолына түскен.
Мамандығым – ақпараттық технологиялар саласы. Ең алдымен қаржылық ұйымдарда, сақтандыру компанияларда еңбек еттім. 2014 жылдан бері Астана қалалық жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру департаментінде қызмет атқарамын. Лауазымым – базаның әкімшісі. Қаламыздың дамуына өз үлесімді қосып жүргенімді мақтаныш етемін.
Өмірімдегі елеулі өзгерістің бірі – осында отау құрдым. Үш перзентім де осында дүниеге келді.
Жолдасым банк саласында жұмыс істейді. Мұнда әрбір жас отбасылардың жұмыс істеп, дұрыс өмір сүруіне барлық жағдай бар. Алдағы болашағымызды әсем қала Астанамен байланыстырамыз.

 

nurkanat

Нұрқанат МОЛЖІГІТОВ,
жас маман:

Астана – жастардың қаласы

– Жастардың қаласы деп айтылатыны бекер емес. Мен де Астанаға арман қуып келгендердің бірімін. Осында білім нәрімен сусындап, жаңа достар таптым. Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-де «Құрылыс» мамандығы бойынша білім алдым. 2010 жылы оқуды бітіргеннен кейін, нәпақамды осы саладан табуға бел байладым. Қиындықтарға төзе білдік. Ең бастысы, қаламыздың абаттануына, сәулетті ғимараттың салынуына үлес қосқанымды мәртебе санаймын. Көптеген ғимараттардың құрылысының басы-қасында болдық.
Қазір «ЭКСПО» көрмесі өтіп жатыр. Міне, осы көрменің ғимараттарын салуда инженер қызметін атқардым. Ең бір есте қалған сәулет нысандарының біріне айналды.
Астана – жастардың қаласы. Жастығым өткен – арман қала. Енді осында отбасын құруды жоспарлап отырмын.

Последнее изменение Среда, 05 Июль 2017 06:45
Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.