ӘКЕ - ОТБАСЫНЫҢ ТІРЕГІ Избранное

Среда, 19 Июнь 2024 06:48 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 342 раз

Былтыр 2 маусымда Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндердің тізбесі «Аналар күні» және «Әкелер күні» мерекелерімен толыққан еді. «Қазақстанда мерекелік күндер күнтізбесін бекіту туралы» қаулыға толықтыру енгізіліп, құжатқа үкімет басшысы Ә.Смайылов қол қойған болатын. Қаулыға сәйкес, Аналар күні – мамырдың екінші жексенбісінде, Әкелер күні – маусымның үшінші жексенбісінде аталып өтетін болды.

Ake

 

Жалпы, Аналар күні мен Әкелер күнін мерекелеу әлемнің көптеген елінде отбасылық құндылықтарды насихаттау, отбасы және ата-ана институтын нығайту мақсатында қалыптасқан.
Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының ұйымдастыруымен «Otbasy fest» жобасы аясында Әкелер күні мерекесі тойланды. Орталық саябақтағы отбасылық жарыста Мәдениет үйі өнерпаздарының концерттік бағдарламасы қойылды.
Сайыс шарты бойынша 10 отбасы әртүрлі спорттық ойындардан сынға түсуі керек. Әр отбасының әкелері басшылық танытып, жігерлі ойын көрсету арқылы команданы алға жетелей алады. Бұл жерде басымдық әкелерге қойылған.
«Жүзден жүйрік» деп аталатын жарыстың бірінші бөлімінде әр отбасы өз командасының аты мен ұранын таныстырды. Мұнан кейін, асық атып, кедергілер арасынан өтуден жарысты. Ал, «Бәйге» деп аталатын ойында отбасы мүшелері қапшықпен секірді. «Кім жылдам?» ойынында эстафета таяқшаларын бірінші болып мәреге жеткізуден сайысты. Жарыстың соңғы кезеңінде әкелер кір тасын көтеруден күш сынасты.
Жанұялық сайыстың жеңімпаздарын қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының жаттықтырушылары бағалады.
Сондай-ақ, саябақта қол өнер шеберлерінің көрмесі мен «Бақытты жанұя» орталығы психологтарының қатысуымен отбасында татулықты нығайту жөнінде тегін кеңес бұрышы жасақталған. «Бақытты жанұя» орталығы басшысының орынбасары Ерлан Әлжанов Әкелер күні мерекесінің маңыздылығына тоқталды.
– Әкелер күні мерекесінің аптаның жексенбі күніне бекітілуінде де үлкен мән жатыр. Отбасыда әкенің тәрбиесі мен өнегесі перзент үшін өмір бойы азық. Сондықтан демалыс күндері әкелер бала тәрбиесіне көбірек көңіл бөлсе, Отанға қызмет ететін, елдің дамуына үлес қосатын ұрпақ тәрбиеленіп шығары анық. Бүгінгі іс-шарадағы 4 түрлі спорттық сайыста әкенің сабырлығы, отбасындағы ұйымшылдық, бір-бірін үнсіз ұғынуы сынға түседі,– деді Ерлан Әлжанов.
Қазылар алқасының қорытындысы бойынша, жүлделі
1-орынға Маликовтар отбасы, 2-орынға Мигматовтар отбасы, 3-орынға Қожабековтер отбасы лайық деп танылды.
Тура осындай іс-шара Қазақстан-Түркия достығы саябағында да ұйымдастырылды. Бұл жерде де отбасы мүшелері арқан тарту, асық ату, гір тасын көтеру, кеудені жерден көтеруден жарысты. Жүлделі 1-орынды Мырзалиевтар отбасысы қанжығалады. 2-орын Қалтаевтар, 3-орын Қожықовтар отбасына бұйырды.
Жеңімпаздарға «Бақытты жанұя» орталығы білім алушыларының қолынан шыққан қолөнер бұйымдары және арнайы дипломдар табысталды.
Сонымен қатар, қатысушылар арасынан үздік ойыншы мен көрермендер арасынан үздік жанкүйер де сыйлыққа ие болды.
Саябаққа жиналған қауымға, сондай-ақ, заңгерлер мен психологтар тегін кеңес берді.

Гүлжауһар БАЖАҚАЙ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.