Оларды спорт пен өнер өрге жетелейді Избранное

Среда, 12 Июнь 2024 06:29 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 179 раз

Ерекше күтімді қажет ететін балалардың тәрбиесімен айналысып, оларға білім беруде, әлеуметтік ортаға бейімдеуде еліміздегі үкіметтік емес ұйымдардың атқарып жатқан жұмыстары көп. Сондай ұйымдардың бірі – «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық қоры. Ұйым қаладағы Балалар өнер мектебімен бірлесіп «Бір шаңырақ аясында» атты мерекелік концерт ұйымдастырды. Шымкенттің Жастар ресурстық орталығында жоғары деңгейде өткен концертте өнер көрсеткен балалар жиналған көрерменнің ықыласына бөленді. Біз осы іс-шарадан соң аталған қордың үйлестірушісі әрі оның «Саламатты болашақ» жобасының кураторы Бибігүл Жүністі (суретте) әңгімеге тартқан едік.

Sport-10

 

– Қордың құрылғанына биыл жеті жылдан асты, Шымкентте жұмыс жүргізіп келе жатқанына төрт жылға жуықтады. Ерекше күтімді қажет ететін балаларға тиісті қызмет көрсетеміз. Оларға адаптивтік спорт, инклюзивті хореография секцияларын ұйымдастырумен айналысамыз. Осы мақсатта «Саламатты болашақ» жобасын іске асырудамыз. Бас демеушіміз – «Самұрық-Қазына Траст» («Samruk Kazyna Trust») әлеуметтік жобаларды дамыту қоры. Сондай-ақ біздің жергілікті деңгейдегі іс-шараларымызға «Шымкент қаласының Азаматтық альянсы» бірлестігі де тұрақты қолдау көрсетіп отырады.
Бүгінде «Саламатты болашақ» жобасы еліміз бойынша ерекше күтімді қажет ететін бірнеше жүздеген балаларды тиісті қызметпен қамтып отыр. Соның ішінде біздің өзіміз ғана 100-ден аса баланы тәрбиелеудеміз. Балалар Бочча, адаптивтік футбол, ЦП-футбол, адаптивтік дзюдо, адаптивтік жүзу сияқты спорттың алты түрімен айналысады.
Бірнеше әлеуметтік серіктесіміз бар. Солардың көмегімен «Көңілді старт», «Шексіз спорт әлемі» және басқа да көптеген іс-шаралар өткізіп тұрамыз. Осындай қызықты спорттық жарыстарға балалар ғана емес, олардың ата-аналары да қатысады. Команда-команда болып бәсекелескен жарыстар өте тартымды, қызықты әрі көңілді болып өтеді.
Әлеуметтік серіктестеріміздің бірі – қаладағы Балалар өнер мектебі бізге инклюзивті хореография бойынша көп көмектесуде. Бүгінгі концертте біздің инклюзивті хореография үйірмесіне барып жүрген 20 қызымыз өнер көрсетті, – дейді Бибігүл Балтабайқызы.

Sport-12


Иә, осы бір әсем өнер түрімен айналысып жүрген жеткіншектердің талпынысына концерт кезінде біз де куә болдық. Көпшіліктің ықыласын сезінген олардың бойынан құлшыныс сезіліп тұрды. Балалардың өз аналарымен бірге билеген сәттері де жұртты толғандырды. Осындай балаларды тәрбиелеп, олардың спортқа, өнерге, білімге деген ұмтылысын ұштап, әлеуметтік ортаға бейімдеу сияқты күрделі іске бар ынтасын салып жүрген ұстаздарының, жаттықтырушыларының еңбегіне деген ризашылық сезімде болдық. Өйткені балалар хореографиямен ғана шектеліп отырған жоқ, оларға спортпен айналысуға да барлық жағдайлар жасалып жатыр. Осындай ауқымды шаруалармен айналысуға қаншама уақыт, қаншама күш-жігер жұмсалады десеңізші!
«Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық қоры бүгінде «Саламатты болашақ» жобасының аясында көптеген іс-шараны іске асыруда. Оның қамқорлығына негізінен ментальды жүйе мен тірек-қимыл мүшелерінде қалыпсыздығы бар балалар алынған, сондай-ақ көз, құлақ, тіл бойынша қалыпсыздықтары бар балалар қамтылған. Еліміздің бірнеше қалаларында жүргізіліп жатқан бұл әлеуметтік жобаның басты мақсаты – ерекше күтімді қажет ететін осындай балалар мен жасөспірімдерді спортқа тартып, оларды өзіне сенімді тұлға ретінде қалыптастыру. Әрине, бұл істе кәсіби жаттықтырушылардың ролі зор болары даусыз. Өйткені оларға церебральды салдану, Даун синдромы сияқты туабітті кейбір қалыпсыздықтармен дүниеге келген балалармен, физиологиялық және психикалық дамуы тежелген балалармен, сондай-ақ созылмалы дерті бар балалармен де жұмыс істеуге тура келеді. Оған қоса әлеуметтік аз қамтылған отбасы балаларына қызмет көрсету де жолға қойылып отыр.
Жаттықтырушылар мен балаларды спорт залдарымен, қажетті әдістемелік құралдармен, оқулықтармен жеткілікті әрі сапалы деңгейде қамтамасыз ету де өз алдына бір маңызды шаруа. Осы және басқа да мәселелерді шешуде аталған қор қыруар жұмыстар атқарып жатыр.

Sport-11


«Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық қорының қамқорлығындағы балалар республикалық деңгейде өткізілетін түрлі спорт жарыстары мен өнер байқауларына да қатысады. Жалпы, бүгінде «Саламатты болашақ» жобасының аясында балалар спорттың он шақты түрімен тұрақты түрде айналысады. Соның ішінде ЦП-футболмен айналысып жүрген шымкенттік балалар республикалық жарыстарға қатысып тұрады, инклюзивті хореографияға қатысып жүрген қыздардың бірнеше байқауда гран-при ұтқаны бар. Мұндай жетістікке балалар тиісті қамқорлықтың, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын кәсіби шебер жаттықтырушылардың арқасында қол жеткізіп отыр.
– Бізде, әсіресе, жүзуге қатысуға тілек білдірушілердің саны артуда. Көп балалар жүзу секциясына қатысып жүр. Жүзуден жарыстар өткізіліп тұрады. Іріктеу жарыстарында озып шыққан балаларды республикалық жарыстарға апарып жүрміз. Балалар паралимпиадасына да қатысып жүрміз. 2022 жылы Астанада өткен паралимпиадаға 27 баланы алғаш рет апарған едік. 2023 жылғы паралимпиадаға 57 бала қатысты. Жаттықтырушылар, ата-аналары бар – жыл сайын 100 шақты адам болып барамыз. Нәтижелер жылдан-жылға жақсару үстінде, балалар үнемі бірінші-екінші жүлделі орындарға қол жеткізіп келеді. Таяуда өзіміздегі іріктеу жарыстары аяқталды. Енді іріктелген 55 баланы алдағы өтетін паралимпиадаға апарамыз. Ата-аналары, жаттықтырушылар – бәрімізді қосқанда Астанаға 125-130-дай адам барып қайтамыз деп отырмыз.
Футболмен айналысып жүрген балаларымыз былтырғы жарыста 3-орын алған. Биылғы көрсеткіш одан жоғарырақ болады деген үміт бар. Боччаға қатысатын балалар арасынан да мықтылар шыға бастайды деген ойдамыз.
Қысқасы, балалар алдағы болатын жарыстарда жыл бойғы еңбектің нәтижесін көрсететін болады. Спортшыларымыз құрама команда сапына, паралимпиадалық резервке алынып жатса, ол біз үшін үлкен жетістік, – дейді Бибігүл Балтабайқызы.
Осы тұста «Бочча» деп аталатын спорт түрі жөнінде қысқаша айта кетейік. Ол – доппен ойналатын, боулингке аздап ұқсастығы бар ойын. Боччаның тірек-қимыл мүшелерін нығайтуда пайдасы зор. «Тең мүмкіндіктер әлемі» қорының қамқорлығындағы балалар арасында осы Боччамен айналысудың арқасында жағдайы жақсарып, қимыл-қозғалысы қалыпқа келгендері де бар.
Бұл – «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық қорының ерекше балаларды оңалтуда, оларды әлеуметтік ортаға бейімдеуде атқарып жатқан ауқымды жұмыстарының бір парасы ғана. Сол арқылы денсаулығы жақсарып жатқан балалар бар. Спортпен, өнермен айналысып, жарыстарға қатысу, жүлде алып қуану арқылы олар өздерін шыңдай түседі, көпшілікке, әлеуметтік ортаға тартылады, оларда жеңіске деген ұмтылыс, командалық рух пайда болады. Балалар бір-бірімен, жаттықтырушылармен достасады, олардың ата-аналарының арасында да тығыз қарым-қатынас орнайды. Осылардың бір көрінісін біз кешегі өткен «Бір шаңырақ аясында» атты концерт кезінде аңғардық. Концертті тамашалауға жиналған балалар мен ата-аналар өнерпаздардың әрбір көрсеткен өнеріне сүйсіне қол шапалақтап, қолдау білдіріп отырды.
Осы орайда біз де «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық қорының, сондай-ақ «Саламатты болашақ» жобасының алдағы жұмыстарына сәттіліктер тілейміз!

Д. НҰРПЕЙІС.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.