Шерияздан Сапарбаев 1937 жылы «халық жауы» деген айыппен тұтқындалып, атылған. Ол 1874 жылдар шамасында қазіргі Созақ ауданы Ақсүмбе ауылында туған. Ақсүмбе ауылы қасиетті Түркістанның, қарт Қаратаудың теріскейінде, Шымкенттен шалғай, тіпті Созақтың өзінен де ұзақта, алыста орналасқан. Бұл – әйгілі қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожановтың кіндік қаны тамған ауыл.
Атасы Мырзабай датқа, әкесі Сапарбай болыстар Түркістанда билік жүргізген. Мырзабай ата Түркістандағы қасиетті Қ.А.Яссауи кесенесінде жерленген. Сапарбай ата туған ауылы Ақсүмбеде жатыр.
Шерияздан Сапарбайұлы жас кезінен ескіше, кейін Түркістанда оқып білім алады, ата-баба дәстүрін жалғастырып, туған елінің сенімін ақтау үшін бірнеше сайлауда болыс болып сайланады. Түркістан жеріндегі, Ақсүмбе еліндегі әр алуан жақсылықтың басы-қасында болады, патша отаршыларының қиянатынан елін қорғап, билікті сол мүддеде пайдаланады. Ақсүмбе жерінің байлығы артып, дәулеті тасып өркендеуіне, әсіресе су жүйесін жетілдіріп, тоған салдырып, егін шаруашылығын дамытуға, бау-бақша ектіруге көп көңіл бөліпті. Сол тоған жүйесі қазір қалпына келтіріліп, ел ырысын арттыруға септігін тигізіп жатыр.
Көрген-білгені, оқыған-тоқығаны көп, көзі ашық Шерияздан бала оқытуға да ерекше көңіл бөлген, кішкене ғана ауылдан аға шапағатымен алысқа барып оқыған Сұлтанбек Қожанов, Ермат, Мұстафа, т.б. жастар уақыт өте ел мақтанышына айналған азаматтар болды. Жалпы Шерияздан елге сыйлы, дана көңілді адам болса керек. Өкініштісі, осындай қастерлі адамды кеңес қоғамы кешіре алмай-ақ қойды. Бірде бай, бірде молда, енді бірде жеке тұр (единоличник) етіп қуғындауын қоймайды. Жер аудару, сотталудың соңы үштіктің шешімін атуға дейін алып барды, мерт етті. Енді осы туралы айтайық.
Бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысының Ұлттық қауіпсіздік комитетінің архивінде 1937 жылдың 13 тамызында басталып, 18 тамызында аяқталған, бір томнан тұратын: «Дело № 2. По обвинению гр. Сапарбаева Шири-Аздана» деп аталатын құпия құжаттар сақталған.
Ең алдымен халық комиссариатының Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі істер басқармасының шешімімен Созақ аудандық НКВД қызметкері Асанов жолдасқа 1937 жылдың 13 тамызында Сапарбаев Шериязданның үйіне тінту жүргізіп, тұтқындау туралы №45 ордер беріледі. Ордерге облыстық НКВД бастығының қолы қойылған, бірақ аты-жөні көрсетілмеген.
Сол 13 тамыз күні Асанов жолдас Күмісті ауылдық кеңесінің Ворошилов колхозының №4 ауылында тұратын Сапарбаев Шериязданның үйінде тінту жүргізеді. (Осы құжаттарды толтыруда Шери-Аздан, Шли-Аздан деп жаңсақтық кеткен және барлық құжаттар түгелге жуық тек орыс тілінде толтырылған). Тінту жүргізу кезінде ауылдық кеңес төрағасы Байсалов пен учаскелік инспектор Оразов қатысыпты.
Тінту нәтижесінде «Шариғат-Құран», «Иман-шарт» деген 2 мұсылмандық кітап, анықтама, куәлік, мінездеме, хаттаманың көшірмесі тәркіленген.
Бұл жерде байқағанымыз, атамыз өте сауатты болған, кітап оқыған және сол уақытта кездесе бермейтін көптеген құжаттары болған. Өкінішке қарай, қандай мінездеме, нендей хаттаманың көшірмесі екендігі толық көрсетілмеген.
Тінту жүргізілген күннің ертесіне сержант Асанов Ворошилов колхозының қатардағы колхозшысы, 1901 жылы туылған Адамбаев Құлмахан деген азаматпен куәгер (свидетель) ретінде сұрақ-жауап жүргізеді.
Білімі төмен (малограмотный), партияда жоқ, ешқандай репрессияға ұшырамаған, награда, грамоталары да жоқ, әскерде болмаған, бандылар ұйымына қатыспаған куәгерге: «Сізге Сапарбаев Шериязданның (құжатта Шли-аздан) совет өкіметіне, колхоздастыруға қарсы қандай үгіт жүргізгені белгілі?» деген сұрақ қойылады.
Ол өзінің 1935 жылдың ақпан айында колхозға мүше болып кіргенін, сол жылы март айында Шериязданның үйіне кіргенде оның колхозға қарсы үгіт айтқанын, 1936 жылы капиталистік мемлекеттердің бірімен соғыс болатынын және бұл жайттар ескі кітаптардың бірінде жазылғанын айттыпты.
Куәгерден Шериязданның шығу тегі туралы сұраған. Ол Шериазданның жартылай феодал Сапарбай датқаның баласы екенін, 1929 жылға дейін өзінің де бай болғанын, революцияға дейін болыс болғанын, сонымен қатар 1929 жылы сайлау құқығынан айрылып, салық (налог) төлемегендіктен 2 жылға сотталғанын және бұрын молда болғанын, колхозда жұмыс істемегенін атап көрсетеді. Осылайша төрт беттен тұратын, орыс тілінде жазылған сұрақ-жауаптардың әр бетінің соңында өз қолымен латын харпінде қол қойып отырған.
Шерияздан Сапарбаевты әбден кінәлі етіп, тұқырту үшін жоғарыда берілген сұрақ-жауаптар жеткіліксіз болса керек, келесі күні Созақ аудандық НКВД-ның бастығы растап қол қойған мәлімдеме (рапорт) түседі. Мұнда Осведол Джаншинхан деген азамат 57 жастағы (дұрыс көрсетілмеген) Сапарбаев Шири-Азданға қатысты мәлімдеген. Оны шығу тегі бай, болыс, 1929 жылға дейін 1000 қойы, 70 түйесі, 40 жылқысы, 4 бірдей жалшысы (батрагы) болған. Ал 1930 жылы Созақ көтерілісінің белсенді мүшесі болып, өз ауылынан 200 қарулы отряд шығарды, тіпті Сұлтанбек ханның күзетшісі болды депті.
Аты-жөні толық көрсетілмеген, қолы қойылмаған «Джаншинханның» мәлімдемесі осындай.
Ел ауызындағы деректерге сүйенсек, жаратылысында текті, бекзат Шерияздан тым ауқатты бола қоймаған, өзіне лайық қана тіршілігі болған, мінер ат, көші-қонға керек түйелері, 50-60 қой-ешкісі болған тәрізді. Ал, Созақ көтерілісіне мүмкін тілеулес, кеңес үкіметінің Созақ жеріндегі әділетсіздігіне, қиянатына көнбеген, мойұнсұнбаған шығар, бірақ ондай 200 отряд шығаратындай мүмкіндігі болмаған. Ол кезде бар малы тәркіленіп, өзі сотталып жүрген Шериязданға бұл жерде тек анықтан-анық жала жабу көзделгендей.
Шериаздан осы мәлімдеме түскен 1937 жылдың 15 тамыз күні тұтқынға алынған. Одан Созақ аудандық НКВД-ның бастығы Тұрғанбаевтың өзі сұрақ-жауап алады.
Бұл жерде Шериазданның әлеуметтік жағдайы төңкеріске дейін бай баласы болған, өзі де бай, болыс болды, 150-300 қойы, 45 түйесі, 40-50 жылқысы, 2-3 жалшысы болды деп көрсетілсе, төңкерістен кейін 100 қойы, 15 жылқысы, 1 жалшысы болды деп шындыққа жақын мәліметтер келтіріледі.
Ал, отбасы туралы мәлеметте әйелі Калмаш 50 жаста, ұлы Шырынтай 18 жаста, Мұхамеджан 8 жаста деп көрсетілген. Неге екені белгісіз, ұлы Орха (1924 жылы туылған, 13 жаста) туралы ешқандай мәлімет жоқ. Кешегі «халық жауының» баласы Орха Шериязданов есейе келе туған ауылы Ақсүмбенің көркейіп гүлденуіне үлес қосты. 30 жылға жуық ел басқарып, 1999 жылы қайтыс болды.
Айта кетейік, хаттамада Қалмаш деп дұрыс көрсетілмеген. Дұрысы – Талмыш. Әжеміз 100 жасқа жақын өмір сүріп, 1980 жылдары қайтыс болды. Ұлы Шырынтай Ұлы Отан соғысына кетіп, хабарсыз кеткен, Ал, Мұхамеджан Ақсүмбеде тұрды, ұзақ жылдар бойы қой бақты, Ленин орденінің иегері болды, бүкіл ауылдың ардақты ақсақалы болып ғұмыр кешті.
Хаттамада Шериазданның 1931 жылы салық төлемегені үшін 5 жылға сотталғанына, колхоз құрылысына қарсы үгіт-насихат жұмысын жүргізгеніне қатысты сұрақтардың жауабы да көрсетілген.
Шериаздан Сапарбаев өзінің бай және ақ патша тұсында болыс болғанын, әкесінің 1901 жылы қайтыс болып, бар мұрагерлік өзінде қалғаны себепті әкесінің орнына болыс болғанын, өзінің ескі қоғамды жақтайтынын, сол себепті совет үкіметіне қарсы үгіт-насихат жүргізгенін, Адамбаевқа айтқанының рас екенін, тіпті сөз соңында өзінің 63 жасқа келгенін, ары қарай өмір сүрудің қажеті жоқ екенін, сол себепті де совет үкіметіне қарсы осындай жаманат сөздерді айтқанын растайды. Орыс тілінде тергеушінің қолымен толтырылған төрт беттік хаттаманың әр бетінің соңына Шериаздан Сапарбаевтың өзі латын харпімен қол қойып отырған.
Бұл жауаптан жаны да, ары да таза, иманы берік адамның сынып кеткенін аңғаруға болады.
Шерияздан атамыз одан әрі анкета сұрақтарына жауап береді. Анкетада 1874 жылы Созақ ауданының №4 ауылда туғаны, жекетұр, кулак екені, әкесі 5-8 жасында қайтыс болғаны, 5 әйелі, 2 жалшы, 150-300 қой, 45 түйе, 40-50 жылқысы болды деп көрсетіледі. Әлеуметтік жағдайы туралы әкесінің дүниесі өзіне қалды деп көрсетеді.
Хаттамада көрсетілгендей, Сапарбай болыс 1901 (кей деректерде 1904 ж) жылы қайтыс болғанын ескерсек, 5 әйелден тараған ұрпаққа жоғарыда көрсетілген аз ғана малдың қаншалықты байлық екенін аңғару қиын емес. Білімі үш кластық ауыл мектебі, партияда жоқ, ақтар армиясында, бандылар ұйымында қызмет етпегенін, 1930 жылы 2 жылға жер аударылғанын, 1931 жылы 5 жылға сотталғанын көрсетеді. Семья құрамында – інісі Сапарбаев Мәлік (50 жаста), әйелі Талмыш (50 жаста), ұлы Шырынтай (18 жаста), Мұхамеджан (8 жаста). Бұл жерде де ұлы Орха көрсетілмеген.
Сыртқы келбетіне қатысты «бойы биік, арықтау, қара сақалы мен мұрты бар» деп көрсетілген.
Анкета 15 тамыз күні толтырылып, жүргізген адамның аты-жөні көрсетілмей, тек қолы қойылған.
17 тамыз күні Созақ аудандық НКВД бастығының қолымен (Тұрғанбаев) анықтама толтырылған.
«63 жастағы бұрынғы бай, болыс, 1931 жылы сотталған, Созақ көтерілісіне қатысқан, бірақ ол туралы жасырып келген, сонымен совет өкіметі туралы да жаулық ниеттегі әңгімелер айтқан» дейтін анықтама «Сапарбаев өзінің кінәсін мойындады» деп аяқталады.
Келесі күні (18 тамыз) Созақ аудандық атқару комитетінің хатшысы Бекбергеновтың қолымен (қазақша, латын әрпімен) тағы бір анықтама толтырылады. Қысқаша анықтаманың (осы анықтама ғана қазақша толтырылған) мазмұны төмендегідей:
«Осы справкада көрсетілуші Күмісті ауылына қарасты Ворошилов колхозының мүшесі азамат Шерияздан Сапарбаев белгілі Мырзабай датқаның немересі, Сапарбай болыстың баласы аталып байлық дәуірін сүрген. 700 қой, 40-50 түйе бітіп, жалшылығында 2-3 малайы болып келген Шериязданның өз басы бұрын ескі болыс болып елді қанаған. Бұл атақты Сұлтанбек Қожановпен жақын туысқан. 1930 жылы колхоз ұйымдасқанда Өзбекстанға қашып кетіп, Қожановты сағалап отырған, байланысы күшті».
Бұл анықтаманың өзге құжаттардан бірнеше артықшылығы бар. Біріншісі – атасы Мырзабай датқаның, екіншісі қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожановтың аты аталады. Сөйтіп Қожановпен туысқандығы, сағалап барғаны, байланысы күштілігі қадап көрсетілген. Демек Шерияздан Сапарбаевтың тұтқынға алынуының түп-тамыры сол қарсаңда ғана анық айқындалған. Ташкентте тұтқынға алынған Сұлтанбек Қожановтың туған елінен де «халық жауын» іздеу сол кездің жазылмаған заңдылығы тәрізді. Осылайша әлденеше анықтама толтырылғаннан кейін барып, 1937 жылы 17 тамыз күні айыптау қорытындысы шешім шығарады. Сапарбаев Шериязданды айыптайтын тергеу ісін НКВД үштігінің қарауына жіберу туралы бұл шешімге сол Тұрғанбаев және Түркістан НКВД-нің оперсекторы Байболов қол қояды, шешім соңында тұтқындағы Сапарбаевтың Түркістан КПЗ-сында жатқанын ескертеді.
13 тамыз күні ордер беріліп, сол күні тұтқындалған Сапарбаевты үштіктің қарауына жіберу туралы шешім 17 тамыз күні шыққан екен, араға аз ғана уақыт салып, 15 қыркүйекте Оңтүстік Қазақстан облысының басқармасы бойынша НКВД үштігі мәжілісінің хаттамасынан көшірме берілген «Тыңдалды» және «Шешім шығарылды» дейтін екі бөлімнен ғана тұратын көшірмеде Сапарбаев ісі №12 болып басталыпты.
«Тыңдалды» бөлімінде Сапарбаев Шериязданға қатысты жоғары аталған айыптаулардың дені қайталанады. Әсіресе «СССР таяу мезгілде капиталистік мемлекеттер алдында күйрейді деген өсек-аяң таратты» дегенге баса назар аударылды.
Шешім төмендегідей: «Сапарбаева Шери-Аздан. Расстрелять. Личное имущество конфисковать».
Көшірмеге қауіпсіздік комитетінің лейтенанты Оренов қол қойған. 15 қыркүйекте шыққан шешім 26 қыркүйек күні орындалады.
Мұны осы жайтты айғақтайтын акт растайды. Үштіктің 15 қыркүйектегі шешімін орындағанда: қауіпсіздік комитетінің лейтенанты Федулов, кіші милиция лейтенанты Қуанышев, опер көмекшісі Захаров, старшина Кузоров, төртеуі өлім жазасының жүзеге асқанын, анық орындалғанын растап қол қояды.
Жұбанарлық нәрсе, қапылыста құрбандыққа ұшыраған азамат 1989 жылы 30 майдағы СССР Жоғарғы Совет Презиумінің Жарлығына сай қылмыс құрамы болмағандықтан ақталған екен.
Мырзабай датқаның немересі (бұл кісі Түркістандағы А.Яссауи мовзолейінде жерленген қадірлі адам) Сапарбай болыстың баласы, қоғам қайраткері, Қожановтың туысы Шерияздан Сапарбаев осылай қолдан ұйымдастырылған жаламен жазықсыз мерт болып кетті.
13 тамыз күні тұтқындалып, араға 6 күн өткенде ісін қарауды үштікке өткізіп, ол үштік 27 күн дегенде шешім шығарып, ол шешім 11 күннен кейін мүлтіксіз орындалып, бас-аяғы бір жарым айға жетпей-ақ адам өмірі қиылып кете берді.
Шерияздан Сапарбаевтың басынан өткен тағдыр тым ауыр. 1929 жылғы тәркілеу, 30 жылғы жер аудару, 31 жылғы сотталулар қандай қатыгездікпен жүзеге асты. Кейбір дерек көздеріне сүйенсек, Сұлтанбек Қожанов пен Шерияздан Сапарбаевтың арасында тек туыстық қана емес, рухани байланыстар да болған. 1901 жылы әкесі Сапарбай қайтыс болғанда Шерияздан 27-28 жаста болған, ол әке ісін жалғастырып Түркістанда болыс болып билік жүргізді. 11-12 жасында яғни 1905-1906 жылдары Түркістанға оқуға ұмтылған Сұлтанбектің болашаққа деген сеніміне Шерияздан ағасы мейлінше ықпал еткен, кішкене ауылдың шәкірт Сұлтанбегі, Түркістан сынды қаладағы қызмет істеп жүрген ағасының шапағатын көрді. Бұдан кейін де бір ауылдың түлектері әркез кездесіп отырған. Әсіресе анықтамада көрсетілгендей, 30-жылдары туған ауылының қызыл әпербақандардан зардап шегіп, алыстағы Ташкентке, Сұлтанбекті сағалап барып, алғашқы соққыдан Сұлтанбектің қол ұшын беруі арқылы аман қалған тәрізді.
Бірақ дауылды зобалаңды күндер көбейе берді, арадан 7 жыл өтіп, атақты Сұлтанбектің өзі де тұтқынға алынды. Міне дәл осы кезде Сұлтанбек сияқты аяулы азаматқа кімдердің шапағаты тиді. Оның елшіл, ұлтшыл болып өсуіне кімдер септігін тигізді деген сұрау қойылғанда, ең алдымен таңдау Сұлтекеңнің туған ауылы Ақсүмбедегі Шериязданға түсті, осылайша Сұлтекеңнің туысы, ағасы Шериязданды мерт етуге себеп тапты.
Міне сонымен Шерияздан Сапарбаев туралы архив материалдарын дерек көзі ете отырып, біршама жайттарды, сол кезде болған әділетсіздіктерді оқырман қауыммен бөлістік. Сырлы Созақ, шежірелі Қаратау еліндегі саяси куғын-сүргін құрбаны болған Ақсүмбе ауылының бір тұлғасы туралы сіздерге айтып беруді парыз санадық. Кішкентай ауылдың қыран ұлдары Сұлтанбек Қожанов, Шерияздан Сапарбаевтың тағдырында болған қасіреттер енді қайтып қазақ жерінде қайталанбасын деп тіледік.
Нариман НҰРПЕЙІСОВ,
филология ғылымдарының кандидаты,
Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ-дың
қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының доценті,
Созақ ауданының Құрметті азаматы