КЕНЕДЕН САҚ БОЛЫҢЫЗ!

Среда, 17 Апрель 2024 04:56 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 204 раз

Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы – бұл маусымдық ағымымен ерекшеленетін табиғи-ошақтық ауру. Аурудың өршуі ақпаннан қарашаға дейінгі кезеңде тіркеледі. Табиғаттағы КҚГҚ-ның негізгі тасымалдаушылары мен көзі әртүрлі кеміргіштер, үй және жабайы жануарлар (ірі қара мал, жылқы, ит, шошқа), сондай-ақ вирусты өмір бойы сақтап, оны ұрпақтарына тарататын кенелер. Ауыл шаруашылығында жұмыс істейтін адамдарда ауру көбірек кездеседі.

 

Қырым геморрагиялық қызбасының алғашқы белгілері кенеттен пайда болады. Ауру температураның 40 градусқа дейін көтерілуінен басталады. Безгек анықталған кезде науқас бүкіл денесінде әлсіздік пен ауырсынуды сезінеді. Бет, мойын, жоғарғы кеуде қуысының гиперемиясы, склера тамырларының және конъюнктиваның инъекциясы тән. Егер емделмеген немесе инфекциялық-уытты шок, өкпе қабынуы, қайталама бактериялық асқынулар болса, соңы өлімге әкелуі мүмкін.
Жазда серуендеу, саяхаттау, табиғатта болу кезінде кене шағу қаупі артады. Кене адамға жабысады және анестетикалық затты енгізгендіктен мүлдем ауыртпайды. Аш кене өте кішкентай – көкнәр тұқымының мөлшеріндей ғана болады. Кене адамның денесінде 12 күнге дейін жабысып тұруы және осы уақыт ішінде диаметрі 2 см шардың мөлшеріне дейін өсуі мүмкін. Жазатайым кене шағып алса, дереу дәрігерлерге медициналық көмекке жүгіну керек. Біріншіден, қарапайым әдіспен кенені толығымен алу мүмкін емес. Кененің басы жұлынып, жараның ішінде қалып кету қаупі жоғары. Екіншіден, ем-шара кезінде кене ұсақталып кетуі мүмкін. Ол кезде жәндіктердің уы денеге тері арқылы да тарайды. Яғни, ем-шараны жүргізушіге де жұқтыру қаупі бар. Үшіншіден, егер сіз кенені өзіңіз алып тастасаңыз, оның жұқтырғыштығын білу мүмкін болмайды және оны тексеру үшін маманға бару керек. Егер кене шағып алғаннан кейін дене температурасының жоғарылауы, ауырсыну, қатты бас ауруы байқалса, дереу дәрігермен кеңесу керек. Өзін-өзі емдеудің салдары қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін.
Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу үшін көктем-жаз айларында табиғат аясына демалысқа, саяхатқа шыққанда қауіпсіздік шараларын сақтаған абзал. Саяхат кезінде шөпке отыруға немесе жатуға болмайды. Сондай-ақ, саябаққа немесе саяжайға барған кезде жабық киім киген жөн. Денеңіздің ашық тұсына арнайы аэрозоль және спрей репелленттерін пайдаланыңыз, оларды үш сағат сайын қайталап сеуіп тұру керек.Демалыстан қайтарда киімдерді қағып, денеңізді, шаш арасын, әсіресе бас терісін, қолтық асты, құлақтың артын тексеріп, кененің жоқтығына көз жеткізіңіз.

Ж.МАДИЯРОВА,
Шымкент қалалық №5 емхананың
жалпы тәжірібелік дәрігері

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.