«БІЗ БАРҒАНДА, ҚАЗАҚТАР КӨШІП КЕЛГЕНДЕЙ ҚУАНАДЫ» Избранное

Пятница, 01 Март 2024 10:34 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 483 раз

Сталиндік репрессия кезінде жүздеген ұлттар мен ұлыстардың өкілдері өз елінен зорлықпен көшіріліп, қазақ жерінен сая тапты. Сол халықтардың бірі – әзірбайжандар.

arzu

 

Менің ата-бабам кеңестік дәуірдегі солақай саясаттың арқасында 1937 жылдары Әзірбайжаннан кең байтақ Қазақстанның киелі Созағына жер аударылған екен. Қараша айының қара суығында екі аптадан аса мал таситын вагонда жолда болыпты. Жолдағы қиыншылық, адамдардың суықтан, аштықтан қырылуы. Белгісіз бағыт. Іштерінен «Сібірге апармаса екен» деген арман. Несібелеріне қарай Қазақстанның топырағы бұйырған екен. Түрлі себеп-сылтаумен қазақ жеріне жеткізілген ұлттарға кеңестік билік жағдай жасаған жоқ. Керісінше, күнін зорға көріп отырған қазақтардың мойнына қосымша жүк артты.
Сол кезеңде қазақ халқы өзге ұлттарды өзекке теппей, не істерін білмей абдырап тұрған жандарға: «Қорықпаңдар, өзіміздің бауырлар екенсіңдер. Бірге көтерген жүк жеңіл» деп үйді-үйге бөліп алады. Ата-әжемнің айтуынша, ол кезең Қазақстан үшін де оңай болмаған. Алайда, қазақ халқы оларға өздеріне тән кең пейілділігі мен қайырымдылығын көрсеткен. Өзге этнос өкілдерін бауырына басып, қолындағы барымен бөліскен. Отанынан жыраққа келгендердiң көкейiнде келешекке деген сенiмді ұялатқан.
Өздеріңізге мәлім, білмейтін елде, танымайтын жерде, не тілін, не дінін білмей, «өзге елде тағдырымыз қалай болады екен?» деген ой ата-бабаларымды жегідей жеген болар. Бір-бірінің тілін білмесе де, қазақ-әзірбайжан жүрегімен түсіне білді. Қазақ жеріне келіп өздерін ажалдан арашалап қана қалмай, қазақтың «судай сіңіп, тастай бат» деген мақалына сай, осы елге сіңіп, тілін ана тіліндей қабылдап, салт-дәстүрін, әдет-ғұрыпын өз өмірімен байланыстырды. Атамның екі бауыры қазақпен құда болды. Қолдарынан келгенше еңбек етіп, Қазақстанның аяққа тұруына барынша өз үлестерін қосты.
Қазіргі таңда жер аударылып келген әзірбайжандар өз ұлтында жоқ қазақтың көптеген салт-дәстүрлерін қолданып келеді. Атап айтсақ, келін түсіргенде беташар жасап, келіндер үлкендерге сәлем салып, перзенттері енді тәй-тәй басқанда «тұсау кесер» жасайды. Қадірлі қонақ келгенде етін асып, қонағының алдына қояды.
Депортацияланған ұлттарға 1950 жылдары өз еліне оралуға рұқсат берілді. Болашағын қазақ елімен, қазақ топырағымен байланыстырған атам «Тал бір жерде көгереді. Жас кезімізде келіп, ажалдан аман қалып, қазақ топырағынан нәр алып, үйлі-жайлы, перзентті болып жатырмыз. Яғни, біздің көгерер жеріміз – Қазақстан» деп, осында қалғанды құп көрді. Алайда, туған-туыстарымыздың бір бөлігі Әзірбайжанға қоныс аударды.
Мен Созақ ауданы, Шолаққорған селосында дүниеге келдім. Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепте орыс сыныбында оқыдым. Үш жоғары білімім бар, педагогика ғылымдарының кандидатымын, Орталық Азия инновациялық университетінің «Тілдер және әдебиет» кафедрасының қауымдастырылған профессорымын.
Қолым босай қалғанда тарихи Отанымыздағы туған-туысты аралап келемін. Олар әрдайым қазақ халқының жақсы қасиеттерін жиі еске алады. Қазақтың құрт-майы мен бауырсағын, қазы-қартасын аңсайды. Ауылдағы жақын ағайындай болып кеткен азаматтарды сұрайды.
Бәріміз түркі тілдес халықтар болсақ та, мәдениетімізде шамалы өзгешеліктер бар. Мысалы, әзірбайжандар жылқы етін жемейді. Бірақ Қазақстаннан көшкендер оны әрдайым аңсайды. Сондықтан жылда Әзірбайжанға барғанда мен жылқы еті мен қазы алып барып, әдемілеп ет асып беремін. Сонда менің 96 жастағы қарт әжем: «Асхананың есігін ашыңдаршы. Шіркін-ай, менің киелі Қазақстанымның иісі мұрныма келді ғой» деп көзіне жас алатын. Ол кісі 98 жасқа келіп дүниеден өтті, бірақ өле-өлгенше: «Шіркін-ай, маған Құдай бір сәтке қанат берсе Қазақстаныма ұшып барып, рахаттанып ауасын бір жұтып өлсем арманым жоқ» деуші еді.
Ол жақтағы ағайындарым Қазақстаннан 1984 жылы көшіп кетсе де, әлі күнге дейін қазақ тілін ұмытпаған. Мен қыдырып барғанда ол кісілер «Құдайға шүкір, рахаттанып қазақша сөйлесетін болдық ғой» деп қуанады. Ол кісілер де қазақ халқының жақсылығын ешқашан ұмытқан емес, өздерінің балаларына қазақ халқы жайлы мақтанышпен айтып отырады.
Кішкентай кезімде, әлі есімде, әжем екі күн сайын тандырға екі тандыр нан жабатын, біреуін өзімізге, ал екіншісін көршілерге апарып беретін. Бұл жылдар бойы жалғасты. Сонда мен: «Апа, неге олай істейсіз?» дегенде, «Балам, бұл бейбітшілік, молшылық заманның наны, ал сонау бір жылдары біз келгенде қазақ бауырларымның өз балаларының аузынан жырып, бізге бөліп берген бір үзім нанының дәмі ешқашан аузымнан кетпейді. Сондықтан да мен қазақ халқына мәңгі қарызбын» дейтін.
Ия, сол кезде солақай саясаттың кесірінен әзірбайжандар өзге елге жер аударылған шығар, бірақ қазағымның арқасында ата-бабаларым тірі қалып, бүгін ұрпағын өрбітіп отыр. Сол кезеңде ата-бабаларымның Қазақстанға жер аударылғанына мен шын жүректен ризамын.
Алғыс айту күні – түрлі этностардың құтты қонысына айналған қазақ жері мен дархан қазақ халқына терең тағзымының белгісі. Ендеше, мен Алғыс айту тек бірінші наурызбен шектеліп қалмаса деймін. Бүгін ғана емес, бүкіл өмірімде Қазақ халқына өз алғысымды білдіргім келеді.
Мен осы сәтті пайдалана отырып ата-бабаларымның атынан сонау қиын-қыстау кезеңде бауырларымды аман сақтап қалған қазақ халқына, туған мекенге айналған Қазақ жеріне мың алғысымды білдіріп, басымды иемін!
Біз, ата-баба аманатын құлағына құйып өскен этнос ұрпақтары – қазақ елінің жақсылығын, жанашырлығын ешқашан ұмытпаймыз! Баршаларыңызға, әр отбасына, әр қазақстандыққа шынайы көңілмен бақыт-береке тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Сан ұлттың сары алтыннан соғылған бесігіндей болған Қазақстанымыз өркендей берсін!

Арзу ГУРБАНОВА,
ғалым-этнограф, Әзірбайжан этномәдени бірлестігі
төрағасының орынбасары

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.