Жұмабек Ахметұлы 1940-1950 жылдары Кеңес үкіметінің қылышынан қан тамып тұрған уақытында басшылық қызмет атқара отырып, әркім өзінің қара басының айналасынан шыға алмай, құлқынына құл болып күн кешіп жүрген уақытта жеріміздің біртұтастығын сақтап қалған арда азаматтардың бірі еді. Адамзат баласы бір-бірінен алыстап, кісікиік болып кеткен, құдай жоқ деп аһ ұрған заманда «Адамгершілік тінін жоғалтып алдық па? деп алаңдап жүрген кезде қарапайым халықтың мүддесін қорғау – ерлікпен бірдей пара-пар еді. Маңғаз Маңғыстауымның Түркіменстанға, Шымкентімді Өзбекстанға, Солтүстіктегі біраз облыстарды Ресейге қосылып кетуден сақтап қалған да осы Тәшенов еді.
1915 жылы наурызда Ақмола облысы Вишнев ауданы Танагүл шағын ауылында өмірге келеген Жұмабек Тәшенов әкесінің баласыз ағасы Ахметтің қолында тәрбиеленген. Осылайша, Жұмабектің жастық шағы қазақтар үшін ең қиын кезеңге тап болды: ол бала күннен революцияны, азаматтық соғысты, қорқынышты аштықты, ұлттардың басқа елдерге жаппай көшуін көрді. Ерте жастан бастап мал бағып, еңбекке ерте араласуға мәжбүр болды. Ол комсомолға, содан кейін партия қатарына өтіп, 1934 жылдан бастап саяси мансапта белсенділік танытып, қызметі өрлей берді. 1960 жылы небәрі 44 жасында ол Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы болды, яғни іс жүзінде ел үкіметін басқарды, сол кезде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болған Д.Қонаевтан кейін екінші тұлға болды. Еліміздің бірнеше қалаларының басқа мемлекеттерге қосылып кетуінен басқа Тәшеновтің ел арасындағы айтылып жүрген игі істері көп-ақ Мәселен, 1957 жылы Көкшетау облысындағы совхоздардың бірінің тұрғындары ауыз су тапшылығынан зардап шекті, оны 20 шақырымға жуық аралықта тасып ішуге мұқтаж ауылдың мәселесі Жұмабек Тәшеновтің араласуымен шешімін тауып, бір аптадан кейін совхозда су компрессоры пайда болды.
Ол Шымкентте жұмыс істеген кезде жергілікті мақта зауыттары мақтаны кептіру үшін көмір таба алмады. Жұмабек Тәшенов Қарағанды облысынан 1,5 млн. тонна көмір жеткізуді жеке өзі ұйымдастырды, сөйтіп мақта бойынша жоспарды сол жылы 102,7%-ға орындауға мүмкіндік берді. Мұндай ілкімді істер, ел игілігіне жарған азаматтық істері өте көп.
Профессор Гарай Сағымбаев Жұмабек Тәшеновтің шынымен де елге пайдасы көп тиген басшы болғанын растайды. Оның басқаруымен Қазақ КСР-нің экономикасы қарқынды дами бастады: электр энергиясы, көмір, минералды тыңайтқыштар, ет, өсімдік майы, мақта 5 есе, цемент 15 есе көп өндіріле бастады. Егістік алқабы 4 есеге жуық өсті, мәдениет мекемелері – кітапханалар, клубтар, кинотеатрлар, театрлар мен мұражайлар көбейді.
Сонымен қатар, Жұмабек Тәшеновтің тұсында бұрын қуғын-сүргінге ұшыраған қазақ қайраткерлерін ақтау толқыны басталды, олардың еңбектері жарыққа қайта басылып шыға бастады. Сол бастамамен Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіровтің көптеген шығармалары жарық көрді. Қуғын-сүргінге ұшырағандардың отбасылары баспана алды, тіпті олар үшін арнайы үйлер салынды. Академик Шафик Шоқиннің естеліктерінен білгеніміздей, Ж.Тәшенов қазақ тіл біліміне зор үлес қосқан филологқа және болашақ профессор Хайрулла Махмудовқа да баспана алуға көмектескен.
Қазақ дәстүрлері мен тілін жетік білетін Жұмабек Ахметұлы ұлт мәдениетін, ата-баба мұрасын сақтауды, ана тілімізді дамытуды қолдады. Ол «Абай жолы» романын Бүкілодақтық Ленин сыйлығына ұсынған және алты қазақтың Халық әртісі атағын алуына қол жеткізген деп есептеледі. Сондай-ақ, өмірбаяншылар оның Алматыда қазақ қайраткерлерінің есімімен аталған көшелер өте аз екендігіне жұртшылықтың назарын бірінші болып аударғанын және қала орталығындағы даңғылға Абай Құнанбаевтың есімін беруді ұсынғанын жазады.
Қонаевтың естеліктерінен алынған мәліметтер бойынша, 1960 жылдың соңында Ақмолада өткен кеңесте Н.С.Хрущев Ж.Тәшеновке қарата былай деген екен:
«Республикадағы жер көлемі туралы бір шұғыл мәселе бар. Жолдасымыз Қонаевпен және облыс басшыларымен осы мәселе бойынша пікір алмастық. Олар біздің ұсынысымызды қолдайды. Енді, Жұмабек Ахметұлы, мен осы мәселе бойынша сіздің пікіріңізді тыңдағым келеді».
Бұған Жұмабек Ахметұлы КОКП Бас хатшысы Н.С.Хрущевтің сөзіне ашуланып:
«Мен Ақмоладан келдім. Он екі жыл Солтүстік Қазақстан облысында жұмыс істедім. Менің ата-анам мен олардың ата-аналары және біздің барлық ата-бабаларымыз осы жерде жерленген. Енді сіз бұл жерді Ресейге бергіңіз келе ме? Ойланыңыз, қай қазақ бұған келіседі?! Ойланыңыз, жолдастар! Мысалы, мен бұл мәселені қарауға ғана емес, сонымен қатар күн тәртібіне қоюға да үзілді-кесілді қарсымын!» деп жауап беріпті.
«Тыңдаңыз. Ал сіз Саяси Бюроның еркіне қарсы шығатын кім едіңіз?! – деп Хрущев қайнады. – Егер бұл туралы болса, біз сіздің келісіміңізсіз шешім қабылдай аламыз. Кеңес одағы – Біртұтас Ел, сондықтан кімге кімнің аумағын беру керектігін КСРО Жоғарғы Кеңесі шешеді".
"Егер Жоғарғы Кеңес әр республиканың аумақтық мәселесіне өз бетінше араласа бастаса, онда КСРО Конституциясын жою керек", – деді Тәшенов. – Онда әрбір республиканың өзінің тарихи қалыптасқан аумағына меншік құқығы бар деп айтылады. Егер бұл заң бұзылатын болса, онда біздің әділеттілікке және халықаралық құқық қорғау ұйымдарына жүгінуге құқығымыз бар емес пе?».
Кеңестен шығып, сол кездегі ҚКП Орталық Комитетінің I хатшысы Д.Қонаев батыл әріптесіне таңданып: "Жұмеке, сіз шынымен үмітсіз батылсыз. Сізде арыстанның жүрегі бар!» депті.
Бұған Жұмабек Тәшенов былайша жауап берген екен: «Туған халқым үшін мен тіпті тозақтағы сынаққа дайынмын!».
Тәшеновтің тау тұлғалы бейнесі халық санасында елі үшін туған ер мінезімен сақталатыны анық. Айта берсек Жұмабек Ахметұлының қазақ халқы үшін жасаған ерліктері бір мақалаға аздық етеді. Қазір Шымкент қаласында Тәшеновтің атында көше бар. Әрине, өмірінің соңғы уақытында Шымкенттің дамуына елеулі үлес қосқан тұлға үшін жай қала көшесінің атын беру аздық етеді. «Бабасының жасағанын атасы, атасы жасаған істі әкесі, оны баласы, немересі жасай берсе, ол адамзат қауымы құрымайды», депті ұлы ойшыл Конфуций. Мұнан шықты, ұрпақтар сабақтастығы – үлттың ұйысуының негізгі шарты. Ташеновтың халқы үшін еткен еңбегі бізге, жас ұрпаққа, сабақ болуға лайықты дүние.
Қазіргі таңда Жұмабек Тәшенов атындағы университетте «Тәшеновтану» атты пән өткізу жоспарлануда. Ташеновтей арда азаматтың есімін арқалаған оқу орнында аудитория да жабдықталған. Университет алдағы уақытта ол кісінің өмірі мен қызметіне байланысты көптеген ғылыми семинарлар, конференциялар, студенттік олимпиадалар ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Оқу орнымыздың мисссиясында қазақ жастарын жоғары білім алуға тарту, оларды рухани бай, парасатты, білікті маман етіп тәрбиелеу арқылы әлеуметтік мәселелерді шешу мақсаты көзделген. «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» (Әл-Фараби) деген ұранмен рухтанған Ж.Тәшенов атындағы университеттің білім мен тәрбиені сабақтастырып, алдыңғы қатарға қоюда құрылтайшысы Оңалбай Аяшевтың еңбегі орасан.
Зылиха ТҰРАРҚЫЗЫ
«Тілдер және әдебиет» кафедрасының
меңгерушісі, ф.ғ.к., қауымдастырылған
профессор