Вейп – ағылшынның «vapе» – буды жұту және шығару деген сөзінен шыққан. Ол – аккумулятор және буландырғыштан тұратын электронды темекінің бір түрі. Бұл бәлекеттің отаны – Қытай. Ең алғаш рет электронды темекі 2003 жылы пайда болған. Оны ойлап тапқан адам – қытайлық фармацевт Хон Лик. Ол өз өнімін бір жылдан соң Қытай нарығында сата бастаған. Кейіннен халықаралық айналымға шығарып, вейп әлемге тарады. Шылымқорлар бұл аппаратты денсаулыққа ешқандай қаупі жоқ деп есептейді, алайда ресми деректерде АҚШ-та вейп қолданғаннан көз жұмғандардың дерегі тіркелген.
Мамандардың айтуынша, вейптің құрамында тұрмыстық химия заттарында кездесетін пропиленгликоль, глицерин кездеседі. Глицерин жанған кезде денсаулыққа қаншалықты әсер ететіні жөнінде әзірге зерттеулер жүргізілмеген. Ал, құрамындағы хош иістендіргіштер де біреуге жағады, біреуге жақпай, аллергия тудыруы мүмкін. Құрылғы сыртынан қарағанда сигара немесе темекі тартатын түтікшені еске салады. Оны көбінесе шылыммен алмастыру үшін немесе есірткі заттарсыз, хош иістендірілген буды жұтуды қалайтындар қолданады.
Ағзаға қалай әсер етеді?
Мамандар вейпті қолданатындарды екі топқа бөліп қарастырыпты. Біріншісі – темекі тартуды мүлде тоқтатып, вейпке көшкендер. Бұл жағдайда шектен тыс қолдана бермесе, уронның ағзаға тигізер зияны азаяды екен. Ал екіншісі – бұрын шылым шекпеген, сәнге еріп, вейп қолдануды бастағандар.
– Вейп этикеткасында никотин туралы бірде-бір сөз болмаса да, құрамында кездесуі мүмкін. Одан бөлек қысым көтерілгенде және электронды құрылғының қуатына байланысты отыздан аса уландырғыш зат – формальдегид, ацетальдегид, акролеин, ацетон бөліне бастайды. Дәрігерлер вейп буында темекі түтініндегі өкпенің эпителий жасушаларын құртатын күйе мен шайыр жоқ болғанымен, сұйықтық тамшысы дем алатын жолдарда тұрып қалып, оның жұмысын қиындатуы мүмкін екенін ескертеді. Қанға аз оттек түсіп, гипоксия яғни, оттектің жетіспеуі туындайды. Нәтижесінде ішкі жасушалық процесстер бәсеңдеп, қартаюға алып келетін процесстер жұмысын күшейте түседі. Вейпті көп пайдаланған сайын, сілекейдің бөлінуі күшейіп, бронхта микробты қақырық жинала бастайды, – дейді Шымкент қалалық психикалық денсаулық орталығы бас дәрігерінің орынбасары Ерлан Ережепов.
Вейптің бағасы да арзан тұрмайды. Ең төменгі баға 5-13 мың теңге аралығында тұрса, жартылай кәсіби түрлері 15-25 мың, кәсіби үлгілері 40-100 мыңға дейін жетеді екен. Ал сұйықтықтар 2 мың теңгеден басталады. Вейперлер электронды темекінің зияны жоқ деп ойлайды. Себебі, оны шеккенде шайыр бөлінбейді. Десек те, Беркли университетіне қарасты Лоурен атындағы ұлттық зертхана мамандары вейп буында 31 түрлі қауіпті зат болатындығын анықтады.
«Вейпті» заң тоқтата ала ма?
Денсаулық сақтау министрлігінің санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті никотині бар өнімдерге қатысты техникалық регламентті әзірледі. Соған сәйкес, Қазақстан нарығына ашық түрдегі электронды тұтыну жүйелерін, ауыстырылатын контейнерлер мен ашық түрдегі никотинді, сондай-ақ никотинсіз сұйықтық құюға арналған ыдыстарды шығаруға жол берілмейді. «Қазақстан нарығына бір рет пайдаланылатын электронды темекі шығаруға жол берілмейді. Электронды тұтыну жүйелері мен сұйықтықтарды қаптамасыз айналымға шығаруға тыйым салынады. 21 жасқа толмағандарға электронды тұтыну жүйелері мен сұйықтықтар сатылмайды», - делінген бұйрықта. Алайда, заң қатал болғанымен, заңсыз тасымалдау әзірше тыйылмай тұр.
Бұл темекіге жастар неге қызығады? Оқушылардың өздерінен сұрап көрдік.
– Электронды шылымды әуелде қатарластарым арасында сән болғандықтан шегіп көрдім. Вейп шеккен соң киімде иіс қалмайды әрі зиянсыз деп ойладық. Әлеуметтік желілерде көп насихатталып жатқан соң қызығып, дүкендерден сұрастырып, неше түрі барын көрдік. «Түтін емес, бу жұтасың» деп мақтағаннан кейін қызық үшін алған едік. Кейіннен тәуелді болып қалдым, –дейді М.есімді мектеп оқушысы.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша темекі шегу салдарынан әлемде 8 млн адам қаза табады. Кейбір адамдар электронды темекіні жай темекіден арылу мақсатында қолданады. Дегенмен, мамандардың пікірінше, бұл – жалған ақпарат.
Қазақстанда ересектердің темекі тұтынуы бойынша ғаламдық сауалнама зерттеуі 2020 жылы жүргізілген. Сауалнама қорытындысы бойынша 2014 жылмен салыстырғанда темекіні қолдану 1-ақ пайызға төмендеген. Ер азаматтар арасында темекі қолдану азайып, керісінше әйелдер мен жасөспірімдер арасында темекі қолдану көбейген.
Қазіргі таңда зияны көп өнімнен құтылу мақсатында әлемнің 25 елі электронды темекіні тұтынуға тыйым салды. Ал 68 мемлекет электронды темекіні шығарып тастаудың амалын ойластырып жатыр. Мектеп оқушылары арнайы дүкендерден қолжетімді бағада сатып алып, жасырын түрде қолданады. Бұл жағдайға көпшіліктің еті үйреніп, тіпті таңғалмайтын да болдық.
Заңмен тыйым салдық дейік, бірақ бұл бәлекеттің алдын алуға қаншалықты қауқарлы. Вейп тұтынушының өз денсаулығына жаны ашымаса, саудагерді қоғам алдындағы жауапкершілігі мен ары тоқтата алмаса, заңмен шектеу қою қоғамға ешнәрсе де бермейді.Вейпке бөккен ортаны бүгін жоймасақ, миы, ағзасы уланған жастардан ертең дені сау бала туылмайды. Ал, бізге дені сау ұрпақ, дені сау ұлт керек!
Аружан БАЗАРБАЙ,
Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің 2-курс студенті