Гендерлік саясат: Комиссия құрамы қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге атсалысады

Пятница, 16 Февраль 2024 07:12 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 619 раз

WhatsApp Image 2024-02-16 at 12.23.55

Шымкент қаласы әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбектің төрағалық етуімен өткен отырыста комиссияның жаңа құрамы таныстырылып, 2024 жылға арналған жұмыс жоспары мен мүшелерін 6 секторға бөлу мәселелері қарастырылды.

Айта кетейік, комиссия төрағасы болып Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, төрағаның орынбасары Шымкент қаласы мәслихатының депутаты Дариякүл Қожамжарова, комиссия хатшысы болып Шымкент қаласы әкімі аппараты басшысы орынбасарының міндетін уақытша атқарушы Тоғжан Манкешова тағайындалды. Жиында комиссияның 26 мүшесі толығымен таныстырылды. Сондай-ақ, төраға комиссия құрамына қаладағы барлық басқармалар мен қажетті салалардың өкілдері барынша қамтылғанын тілге тиек етті.

- Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы Аида Балаева комиссия құрамын өзгерту туралы тапсырма берген болатын. Осыған байланысты комиссия құрамы жасақталып, өздеріңізбен кездесу ұйымдастырып отырмыз. Байқасаңыздар, комиссия құрамына қоғамның барлық топтарын қамтуға тырыстық. Шымкент қалалық мәслихатының депутаты, қоғам белсендісі Дариякүл Қожамжарова комиссия төрағасының орынбасары, «Шымкент қаласының әйелдер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Баян Жандосова гендер саясаты бойынша штаттан тыс кеңесшісі болып тағайындалды. Алдағы уақытта баршаңызды бірлесіп белсенді жұмыс істеуге шақырамын, - деді Сәрсен Абайұлы.

Жиында комиссия төрағасы қоғамда белең алып отырған проблемаларға тоқтала кетті. Айтуынша, кәмелетке толмаған балалар арасындағы қылмыс саны мен балалар суицидінің көрсеткіші ұлғайған. Бұдан бөлек, қыз-келіншектерге қатысты зорлық-зомбылықтар осы қоғамда орын алып жатқандықтан бәріне тікелей қатысы барын қадап айтты.

– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан азаматтық қоғам, Әділетті Қазақстан мәселесі, құқықтық мемлекетті құру сіздер мен бізден басталады. Қоғамның лидері – сіздер. Айналамызда болып жатқан қандай да түйткілді мәселелерді ашық жеткізіп отырсаңыздар, қоғам өзгереді. Өйткені, сол қоғамда сіз де, біз де өмір сүреміз. Осыған орай, алдарыңызда комиссияның 2024 жылғы жұмыс жоспарымен танысып, оның маңыздылығын ескеріп, тиісті жұмыстар атқаруды ұсынамын, - деді Сәрсен Құранбек.

Комиссияның жұмыс жоспарына тоқтала кетсек, алдағы наурыз айында қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларға көмек көрсету, отбасылық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен азаматтардың дағдарыс орталығындағы жағдайы, Ана мен бала денсаулығы, баласыз отбасыларды мемлекеттік қолдау, «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» жобасының Шымкент қаласында іске асырылу барысы мен отбасылық және гендерлік саясатты іске асыруға бағытталған мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың жоспарлары іске асырылмақ.

WhatsApp Image 2024-02-16 at 12.23.51

Одан бөлек, отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы тұру, полиция жанындағы әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобы инспекторларының жұмысы, Әйелдер кәсіпкерлігін қолдау орталықтарының жұмысы қаржылық сауаттылығын арттыру барысында ауқымды іс-шараларды жүзеге асыруды пысықтады.

Комиссияның алға қойып отырған жұмыс көлемі де ауқымды. Аталған іс-шараларды жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы, денсаулық сақтау басқармасы, ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы, Шымкент қаласының полиция департаменті және Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармалары бірлесіп атқаратын болады.

Сонымен қатар, жиында комиссияның 6 негізгі бағыт бойынша жүзеге асырылатын жұмыстары да таныстырылды. Бірінші, әлеуметтік-демографиялық даму мәселелері бойынша туу, өлім-жітім, денсаулық сақтау, инклюзия, неке деңгейі, ажырасу, көші-қон, Комиссия жұмысын ғылыми және ғылыми қамтамасыз ету, бейімдеу орталықтары және т.б. мәселелерін қарастырады. Екінші, экономикалық мүмкіндіктер және еңбек қатынастары. Бұл секторда әйелдердің кәсіпкерлігін дамыту, еңбек даулары, экономикалық қатысу және мүмкіндік, халықтың осал топтары, тұрғын үй саясаты және т.б. қамтылады. Үшінші, отбасы және мәдени-адамгершілікті дамыту. Мұнда отбасын дамыту, мәдени-адамгершілік тәрбие беру, жеке тұлғаның рухани-эстетикалық дамуы, ұлттық кодты сақтау, жаңа әлеуметтік-мәдени ортаны қалыптастыру, тәрбие, дәстүр мен әдет-ғұрып, ұлтаралық қатынастарды дамыту қаралады. Төртінші, қауіпсіздік және зорлық-зомбылықтың барлық түріне қарсы іс-қимыл. Мұнда тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелері, қиын өмірлік жағдай қозғалады.

Бесінші, гендерлік саясат және халықаралық ынтымақтастық. Гендерлік теңдік, ерлер мен әйелдердің тең құқықтары мен тең мүмкіндіктерін жүзеге асыруды қамтамасыз ету, саяси қатысу мен өкілдік және т.б. Алтыншы, балалардың қауіпсіздігі, балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету. Мұнда комиссия мүшелері балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және балалар жарақатының алдын алу, балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды жақсарту және қамтамасыз ету, суицидтің алдын алу және балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу, жетім балалардың, сондай-ақ ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтарын қорғау, балалар үйіне орналастыру процестері. Жетімдер мен отбасы және балаларды әлеуметтендіру мәселелерін қарастырады.

Тағы бір айта кететін жайт, комиссия құрамы Шымкент қаласы бойынша түрлі санаттағы әйелдер туралы деректер базасын құрмақшы. Сондай-ақ, жыл бойы үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп, гендерлік тең құқыққа қол жеткізу және отбасылық-демографиялық саясатты жақсарту бойынша да бірқатар іс-шараларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.