Шымкентте биыл 57 181 адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланып, оған 9 айда 56 379 адам қатысқан. Жылдық жоспар 99 пайызға орындалып отыр. «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту» ұлттық жобасы аясында 17 мыңнан астам азамат жұмыспен қамтылды. Оның ішінде, 9156 адам тұрақты жұмыс орнына орналасып, 8 мыңға жуығы субсидияланатын жұмыс орындарына жолданған.
–Жыл басынан бері 22 870 жаңа жұмыс орны құрылды. Оның ішінде, 21 815 орын кәсіпкерлік жеке бастамамен және 1055-і ұлттық жобалар аясында ашылып отыр. Қазіргі таңда 2431 жұмыссыз азамат тегін 3 айлық қысқа мерзімді кәсіптік оқытудан өтуде. Оқу сәтті аяқталған соң оларға сертификат табысталып, әлеуметтік келісім-шарт негізінде кемінде 12 ай мерзімге тұрақты жұмыс орындарына орналасады. Сондай-ақ жыл басынан бері https://skills.enbek.kz/ онлайн платформасында 2 жарым мыңнан астам адам кәсіптік білім алған, - деді басқарма басшысы.
Биыл жасы 21 мен 35 жас аралығындағы 261 азаматқа жеңілдетілген 2,5% шағын несие беру жоспарланып, бүгінгі күнге жалпы 379 үміткер бизнес жобасын таныстырған. Нәтижесінде, 209 үміткер комиссия қорытындысымен оң шешім алған. 145-не шағын несие беріліп, басым көпшілігі өз кәсіптерін бастап кетті.