Талайлы тағдыр Избранное

Среда, 31 Май 2023 04:01 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 859 раз

өңірлік комиссияның жұмыс тобы тың тарихи деректерді анықтады

TALAILY TAGDR

Кеңестік билік жоспарлы түрде жүргізген тәркілеу мен соның салдарынан туындаған жаппай ашаршылық жылдарында орталығы Шымкент қаласы болған Сырдария губерниясында халық саны 62,6 пайызға азайып кеткен. Архив құжаттары 1930-1933 жылдар аралығында Қазақстанның оңтүстік өлкесінен 120 387 қожалық немесе 698 186 адам бас сауғалап ауа көшуге мәжбүр болғанын көрсетіп отыр. Осылайша, 1930 жылмен салыстырғанда 1933 жылы Сырдария губерниясындағы шаруа қожалықтарының саны – 64 пайызға, ал, халық саны – 62,6 пайызға азайып кеткен.

Міне, бұл кеңестік-тоталитарлық жүйе жүргізген саяси қуғын-сүргін мен ашаршылықтың Қазақстанның оңтүстік өңіріне, соның ішінде Шымкент қаласына қалай әсер еткенін, оның салдары қаншалықты ауыр болғанын айғақтайтын тарихи дерек.

2020 жылдың 24 қарашасында Мемлекет басшысы

Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлыққа қол қойғаны белгілі. Осыған орай мемлекеттік комиссиямен бірге өңірлік комиссиялар да құрылған еді. Жоғарыда біз келтірген тың тарихи деректі Шымкент өңірлік комиссиясы жұмыс тобының зерттеуші-ғалымдары анықтап отыр. Яғни, Президент бастамасы тарихи әділдікті қалпына келтіру ісіндегі нақты қадамға айналды деп сеніммен айта аламыз.

Осы орайда, Мемлекеттік комиссияның Жобалық офисінің өңірлермен жұмыс жасаудың аса үлкен әдіснамалық базасын жасағанын, онға жуық әдістемелік нұсқаулықты өңірлерге таратқанын, барлық өңірлік комиссияларымен біріктірген семинарлар жүргізіп, оларда жасалатын баяндамалар үшін зерттеу бағыттарының алгоритмдерін дайындап, ұсынғанын айта кеткен жөн. Алгоритмдік әдістеме негізінде жалпыреспубликалық деңгейде ұйымдастырылған 9 бағыттық семинарда Шымкент жұмыс тобы өзінің есептік баяндамаларын жасады.

Жұмыс тобындағы тарихшы-ғалымдарымыз Шымкент қаласы аумағындағы ХХ ғасырдың І жартысындағы тарихи шынайылықты қалпына келтіру мақсатында архивтік және экспедициялық зерттеулер жүргізуде. Атап айтқанда, Түркістан облыстық мемлекеттік архивінде, Түркістан облыстық қоғамдық-саяси тарихтың мемлекеттік архивінде, Шымкент Полиция департаментінің құпия архивінде және Қазақстан Республикасы Президенті архивінде жұмыс істеп жатыр. Сөйтіп саяси қуғын-сүргін материалдарын зерделеу орталығының қорларында жасаған ғылыми ізденістерінің нәтижесінде бірқатар тарихи жаңалықтарды ашып, ғылыми айналысқа алғаш рет енгізіп отыр. Сол арқылы зерттеушілеріміз Шымкент қаласының кеңестік саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде ұсыныстар әзірлеуде.

Қолдан жасалған зұлматқа қарсы күрес әсіресе көрші қос мемлекеттің Созақ, Бостандық аудандарында жүргендігін растайды. Зерттеушілер Өзбекстан Республикасының Бостандық ауданына іс-сапар барысында кеңейтілген зерттеулер жүргізіп, кеңестік билікке қарсы көтеріліске қатысып, сотталған 32 адамның осы күнге дейін ақталмағанын анықтады. Ақталмаған құрбандардың тізімі Мемлекеттік комиссияның жобалық кеңсесіне ұсынылған есепке қосылды. Алдағы уақытта арнайы жаңа заң ми түрде саяси және құқықтық тұрғыдан ақталады.

Жұмыс тобының зерттеушілері Шымкент қаласы мен Сырдария губерниясы тәркілеуге ұшырап, мал-мүлкінен айырылып, өздері жер аударылған 90-нан аса ауқатты әулеттерді анықтады. Зұлматтың құрбаны болған бұл адамдардың аты-жөндері архив құжаттары негізінде анықталып, жарыққа шығарылды. Осыған дейін олардың тек жартысына жуығы ғана ақталғандығы белгілі болып отыр. Ал, тәркілеуге түскен отбасылардың мүшелерінің айдауға түскендерінің бірқатары «Арал теңізі» лагеріне (мүмкін ол концентрациялақ лагерь болуы да мүмкін) қамалғаны белгілі болды. Сондай-ақ, 1931 жылғы сайлауда Шымкент қаласы бойынша саяси қуғын-сүргінге ұшырап, дауыс беру құқығынан айырылған 800-ден аса адамның аты-жөні табылды. Дауыс беру құқығынан айыру – саяси қуғын-сүргіннің аса бір сорақы, адамның адамгершілік тұлғасына ауыр соққы жасайтын түрі. Ең негізгі құқықтың бірінен айырылған осы бір жандардың талайлы тағдыры туралы зерттеу жұмыстары әлі де әрі қарай жалғасып жатыр.

Оңтүстік өңірінде кеңестік билікке қарсы топтасып күрескендер көп болғандығы, олардың тоталитарлық жүйе тарапынан ерекше қуғындалып, аяусыз жазаланғаны белгілі. Большевиктер «группировщики» деп айдар таққан бұл топтағы саяси қайраткерлер қазақ қоғамының тұтастығын сақтап қалуға бар күш-жігерін жұмсаған. «Қожановшылар», «Сәдуақасовшылар» сияқты топтық күрес өкілдерінің саяси қызметі көптеген ғылыми зерттеулерге арқау болған. Бұл тұлғалар оңтүстікте 1924 жылғы Орта Азиялық республикалардың шекара сызығын көрсете, бөліп құру кезінде белсене қарекет жасағаны белгілі. Мұндай аса ірі күрес топтарынан бөлек, Оңтүстік Қазақстандағы дәстүрлі әкімшілік-туысқандық қарым-қатынастың талай-талай топтарды құруға мүмкіндік бергенін архив құжаттары арқылы көре алдық.

Шымкент қаласында ГУЛАГ тізіміндегі лагерлер болмаған, бірақ тұтқындалған «Халық жауларын» алғаш тергейтін және жаза өтеуге дейін бостандықтарын шектейтін орындар, атап айтқанда, «Домзак» (Дом заключенных) және «Ардом» (Арестантский дом) деп аталған тұтқындар үйі болған. Бұл деректерде алғаш рет анықталып, архив құжаттарымен дәлелденді.

Советтік тәркілеу мен ұжымдастыру кезеңінде пайда болған заңдық актілер қазақстандық тарих ғылымының айналымына қайтадан енгізілуге дайындалып ұсынылды. Оның ішінде: Халық комиссарлар кеңесінің, ВКП(б)-ның қаулылары – 241 құжат; кулактарды қуғын-сүргінге салу бойынша директивалар, бұйрықтар, циркуляры – 5 құжат.

Өткен жылдың екінші желтоқсанында саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бағытында жүргізілген екі жылдық зерттеуді қорытындылау мақсатында «ХХ ғасырдың І жартысындағы Оңтүстік Қазақстан өңіріндегі саяси қуғын-сүргін: жаңақазақстандық қоғам көзқарасымен зерделеу мен зерттеу» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция Шымкент қаласында өткізілді. Оған мемлекетттік комиссияның жанындағы жобалық офис басшысы С.Қасымов арнайы құттықтау хатын жолдады.

Өткен 2 жылдан астам уақыттың ішінде Шымкент қаласындағы 2 жоғары оқу орнының 20-ға жуық студенті мен магистранттары, докторанттары өздерінің ғылыми ізденістерінің тақырыбын «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау» проблемасымен орайластырып алып, зерттеу жасап жатыр. Шымкент қаласының құрамына енгізілген елді мекендерге жасалған экспедициялық ізденіске 30 зерттеушімен бірге 30 студент-волонтер қатысқандығы, ал, жүздеген еріктілердің қатысуға тілек білдіргендігі жас ұрпақтың ұлт тарихына бейжай қарамайтынын көрсетеді. Бұл – шын мәнінде көңілге жылулық пен қуаныш орнататын жағдай.

Осыған орай саяси куғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын зерттеу және ақтау жөніндегі ауқымды жұмыс жалғаса береді деп сенеміз. Шымкент жұмыс тобы зерттеушілері іргелі нәтижелерге қол жеткізіп, өңіріміз бойынша ақталуға жататын азаматтардың аты-жөні мен оларға қатысты архивтік істерді неғұрлым толығырақ жаңғыртуға ниетті. Жұмысымыздың нәтижелері алдағы уақытта Қазақстанда қабылданатын тарихи әділеттілік орнатуға бағытталған арнайы заң қабылдау кезінде пайдалы болады деп үміттенеміз.

Дария ҚОЖАМЖАРОВА,
М.Әуезов атындағы
ОҚУ ректоры, тарих
ғылымдарының
докторы, профессор,
ҚР ҰҒА академигі, саяси қуғын-сүргін
құрбандарын толық
ақтау жөніндегі
Шымкент өңірлік
комиссиясының мүшесі

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.