КӨРКЕМДІКТІҢ КӨКЕСІ, КЕМЕҢГЕРЛІКТІҢ КЕМЕЛІ БОЛҒАН КӨКЕМ Избранное

Пятница, 26 Май 2023 04:40 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1323 раз

Адами заттың әрбіріне ең әуелі ата-анасы артық болады екен ғой. Адамға ғана емес, тірі тіршіліктің бәріне де солай. Сол аяулы ата-анамнан кезек-кезек айырылып, қара жамылып қалып едім. Осыдан бес жыл бұрын 2017 жылы әкем –Асан, одан кейін үш жылдан соң 2020 жылы анам – Баян бақилыққа аттанды.

98

 

Былтыр, жиырма алтыншы қарашада әкемнің қайтыс болған күнінде екеуін де есіме алып есеңгіреп отырғанмын. Бес жыл өтсе де сеніңкіремей. Көңілім құлазып. «Айналайын, аппақ қызым, ақ таңда туған менің Маралым» деп күлімсіреп кіріп келердей болды. Сандықтағы суреттерді ақтарып, жеті баланың анасы атансам да, әлі де бала көңілімнің басылмағанына, ата-анамды сәби жүрекпен сағынатыныма, кеткендеріне көнгім келмейтіндігіне қайран қалып отырдым. Қайта-қайта мұңға оранып, шер шығарып жылап та алдым. Бауырсағымыз бен жеті нанымызды пісіріп, қоңсыларыма таратып шықтым да, өзім білетін дұғаларымды оқыдым.
Кеш қарая енді есімді жия бере телефоным шыр етті. Тұтас Түркі әлеміне танымал тұлға, заңғар жазушы Мархабат Байғұт көкемнің үйіндегі Қыздаркүл апам екен. Соңғы кездері денсаулығы сыр беріп жүрген көкемізден айырылып қалғанымызды айтты. «Екінші әкем» деп жүрген марқасқа Мархабат көкем де әкем қайтқан күні пәниге аттанып кете барды. О, Құдайдың құдіреті десеңші?! Менің жарық дүниемдегі қарашам қайғылы екен-ау деп қалдым. Есеңгіредім. Ебіл-дебіл жыладым. «Көркемдіктің көкесі болған көкемнен, кемеңгерліктің кемелі болған көкемнен айырылып қалдым-ау. Кеш қарайғанда бүкіл қазағыңызды, өзіңіз айрықша атап жүретін Оңтүстігіңізді, Алатау мен Қаратаудың түйіскен төрі Түлкібасыңызды, Таупістеліңізді, шырайлы Шым шаһарыңызды тастап кеттіңіз бе, көкеу. Көкем-ай» – деп жыладым. Мәселе менің жылағанымда емес, әрине. Мархабат көкеміздің қазасына қалың қазақ қара жамылды. Қатты қайғырды. «Қайран, Махаң-ай!» деп, аһ ұрғандар аз болмады. Аспан түнеріп, айналаның бәрі қарауытты да кетті. Қайра-а-а-ан, көке...
Музейде жүргенімде, өткен жылғы көктемде Ұлы Жеңістің жетпіс жеті жылдығына орай «Таупістелі тағылымы: Бозарықтан-Бозторғайға» тақырыбында жаяу сапар ұйымдастырдық. Мархабат көкеміздің бастамасымен. Сол сапарда қайран көкеміз ақындар мен ғалымдарды, жастарды жанына ертіп, біраз-біраз әңгімелер айтқан-ды. Туған жерінің топырағына жеткенде Түлкібастың көк шөбіне жас баладай қайта-қайта аунағаны көз алдымызда қалып кетіп еді. Шөпке аунап жатып «Шүкір, шүкір! Айналайын, көктемге, көкке жеткізген Құдайға шүкір!» деді. Бәлкім, туған топырағындағы соңғы көктемін сезді ме екен?! Қайра-а-а-ан, көке...

99


Жеті километр жаяу жүрдік. Әрбір жердің тарихын түгендеп өзі айтып беріп жүрді. Жас ақындарға өлең оқытты. Кешке Шерхан Мұртаза мен Насыр Фазыл негізін қалаған бауда алауға жылынып отырып, жастарға насихат айтты. Елді ерекше сүю, Отанға адал қызмет атқару, тазалық пен әділдіктен алыстамау керектігін даусын шығарыңқырап тұрып айтты. Бәрімізге рух берді. Арқамыздан қақты. Бұл Мархабат көкемізбен өткізген ең соңғы іс-шарамыз еді. Өкініштісі сол, ең соңғы еді. Оған дейін де көкеміздің бастамасымен талай іс-шараларды, сырласу сағаттарын атқарып, ел-жұрттың алғысын арқалап жүрдік. Мені «Еңбектің адамы» етті. Сынаққа сынбауды үйретті. Құлағанда қолдаушы, қуанғанда тілекші болды. Жүздескен сайын жылы жымиысынан айнымай, ақ батасын беріп жүруші еді-ау. Қайра-а-а-ан көкем-ау.
Көкеміз жарық дүниеде жүргенде түрлі тақырыптарда қалам тербеді. Бірқанша мәселелерді көтерді. Еліміздің ертеңін, байтағымыздың болашағын, қазағымыздың келешегін көптен-көп ойланатын. Тебіреніп толғанатын. «Әлбетте, тым тойшылдықтың, тойқұмарлықтың залал-зияны һәм аз еместігі аян. Өзге өркениетті жұрттарыңыз той-томалақтарға шектеулер қойған. Мәдени деңгейлерін мәністеген. Тыраштанып той тойлай бермектен гөрі замана мен уақыт талабына тезірек икемделмекке, техника тізгіндеп, технология жасамаққа, ғылым-білім игермекке, өнер-өнеге үйренбекке ұмтылатын ұлттар ұтады» деп еді қайран көкеміз. Өнер-өнегеге, ғылым-білімге ұмтылу қажеттігін әрдайым айтып жүретін. Әсіресе, жастармен, оқушы-студенттермен кездескенде. Жастарға көбірек сенім артатын-ды. «Мен жастарға сенемін!» – деді Мағжан ақын. Өз басымыз бүгінгі жастарға бөлекше сеніммен, үлкен үмітпен қарайтындардың қатарындамыз. Таусылып, түңілудің қажеті жоқ. Жауқазындай жайнап, қызғалдақтай құлпырып, жайраңдай жетіліп келе жатқан жастарға қатты қызығамыз. Әлеуметтік желінің әулекілендіруінен бойларын сақтайтын, ойларын сақтайтын сапалылары басым. Білімді, білікті, жаңашыл, ізденімпаздары көп. Шүкіршілік». Осылай да деген екен ғой көкеміз. Қайра-а-а-ан көке...
«Ұлттың шын мәдениеті мен шынайы әдебиеті өрлемесе, бағаланбаса, нағыз талант иелерін мазақы мадақтап, көлгірси келемеждеп, итке сүйек тастағандай қорлап қарамақты өмір нормасына айналдыра берсек, бар-барша байлықтарының түптің түбінде жай әншейін дүние боқ боп, құрдымға жұтыларын біле ме?! Міне, мәселе қайда» – деп те толғанған екенсіз-ау, қайра-а-а-ан көке...
«Алғаш шапандар шыға бастағанда ше, ауыл адамдары, қала қариялары қызығып, әжептеуір әуестеніп кие бастаған. Бірақ бірте-бірте шапандардың айшықтары «ақырайып», тақиялардың оюлары «оқырайып», кім-кімнің де күлкілерін тудыруға айналды. Ақырында шапан-тақияларды киіңкіреген кісілердің көңілдері біржолата суынып тынды. Өкінішке қарай, Тәуелсіздіктің әуелгі жылдарындағы ұмтылыстарға ұлттық киім-кешектердің тігілу тірліктері, жасалу жосықтары, қолданысқа қолайлы болмақ жақтары, сән-салтанат сапасы сәйкес келмеді. Әжептеуір әуестеніп, қатты қызығып кие бастағандар түгелдей дерлік шешіп тастады. Жаһандану мен шапандану жарысы күшті. Тойдан-тойға, құдалықтан-құдалыққа, алпыс жылдықтан жетпіс, сексен, тоқсан жылдыққа, тіпті өлім-жітім кездерінде ағылып-ауысып, жылжып-сырғып жатыпты. Ондаған жылдардан бермен қарата ондаған мың, тіпті жүздеген мың шапандар «оборотта» жүріпті. Киілмейді. Қолданылмайды. Пайдаланылмайды. Тек тойларда, мерейтойларда, тағысын-тағы және тағы басқа жиындарда жабылады, белі буылады. Қайта шешіледі. «айналымға» түсіп кете барады» деген едіңіз ғой, көке. Осылай жазып едіңіз ғой. Сондықтан да, сіз қайтқанда ұл-қыздарыңыз бен келін-күйеубалаларыңыз, Қыздаркүл апамыз ақырайған айшықтары мен оқырайған оюлары бар шапанды «айналымға» түсірмеді, көке. Мәңгілік ұйқысында тыныш болсыншы деді ғой. Қайра-а-а-ан, көке...
Заңғар жазушымыз, қайран көкеміз тұмса табиғатқа ерекше ғашық еді. Туған жерін айрықша сүйетін. «Айналайын, Алаш – Қазақ! Қызғалдақтарымызды қыздарымыздай, қыздарымызды қызғалдақтарымыздай қорғайық! Алатау мен Қаратау түйіскен төр! Мөлдірлік сұлулықпен сүйіскен жер! Қазақтың қызғалдағы – Шұбайқызыл, Алаштың аруы ғой, тиіспеңдер!» – деп, қызғалдағын қызғыштай қорып кетті-ау, қайра-а-ан көкем...
Кемеңгер көкеміз менің ата-анаммен бұрыннан-ақ таныс еді. Олар дүниеден қайтқанда «Жетісайдың жылуы» деп «Оңтүстік Қазақстанға» мақала жариялады. Онда да ағыл-тегіл жылап оқығам. Ата-анамның көзін көрген, сөзін естіген, дәмдес-тұздас болған көкемнің естелік жазғанына ерекше ризашылығымды білдіргем. «Айналайын, Ақмарка. Бекем бол» деп арқамнан қаққан. Маңдайымнан сипап «Өсетін қызсың» деп дем беретін.
«Қазақ мың өліп, мың тірілген. Енді өлсе қайта тірілмейді. Сендер, жастар, ояу болу керексіңдер!» дейтін. «Кітап дүниесін, көркем әдебиет оқуды һәм тоқуды ұлттық иммунитет ретінде сақтап қала алсақ, қазақ көркейеді. Өйтпесе, кітаптан алыстаған ұрпақтың келешегі күңгірт, болашағы бұлдыр» деп те жазды.
Қарымды қаламгеріміздің, кемеңгер көкеміздің, Мархабат Байғұттың бірқатар публицистикалық мақалаларынан өзімізге қатты ұнаған біраз ой-пікірлерін теріп, Түлкібас ауданының 90 жылдығына арнайы шығарылған қалың кітапқа ұсынғанбыз. Олар «Қырық бір сөз» тақырыбымен жарияланған болатын. 2020 жылдың соңына қарай жазушының шығармашылығы туралы жазылған рецензияларды, әдеби-сын мақалаларды, зерттеулер мен эсселерді жинап, құрастырып, «Қазығұрт» баспасынан шығарған болатынбыз. «Мархабат музасы» деген ақ мұқабалы, сыртында нәуірзек құс пен алма гүлінің суреті бар, әдемі кітапты қолдарына тигендер қызыға да қуана қабылдады. Қазір іздеп-сұраушылар аз емес. Одан кейін, былтырғы жылдың наурызында «Мархабат мақамдары» кітабын шығардық. Онда публицистикалық мақалалары мен сұхбаттарынан, «Ақтолғай» атты эсселер кітабынан алынған қысқаша қайырымдар көбірек кіргізілді. Сондай-ақ «Машаттағы махаббат», «Әдебиет пәнінің періштесі», «Әдебиетші әйелдің сіңлісі» хикаяттары мен «Оқу залы», «Сізді сүйген қыз едім...», «Ақпандағы мысықтар» сияқты әңгімелерінен бірен-саран ғана үзінділер енгізілді. Бір ғажабы, көркем дүниелерінің тұрғысынан қарағанда, үзінділердің қай туындысынан алынғанын бірден аңғаруға болады. Көкеміздің шығармашылығын оқып, зерттеп, ақылдарын қасында тыңдап жүріп, біз де осындай екі кітапты шығардық. Шүкір дейміз.
Жылдағы әдетімізше биыл да, жетінші мамырда, жазушының туған жері Таупістеліге барып, өзіне, соғыс құрбандарына тағзым еттік. Зайыбы Қыздаркүл апамызбен, ұл-қыздарымен бірге еске алдық. Жылдағы жағдай биыл мүлде басқаша болды. Арамызда әзілімен көңілімізді көтеріп, туған жерінің тарихын түгендеп айтып беріп отыратын көкеміз бұл жолы болмады. Қасымыздан табылмады. Әдеттегідей арқамыздан қақпады. Өкініштісі сол....
Жиырма бесінші мамыр – қалың қазақтың сүйікті жазушысы Мархабат көкеміздің туған күні. Отбасы мүшелері көкеміздің басына көк тас қойып, Құран асын бергелі жатыр. Әлбетте, барамыз. Еске аламыз. Туған жеріндегі орнын, төрін көріп тағы да күңіреніп қайтармыз. Кітаптары мен шығармаларын оқып, айтқан ақылдарын есімізге түсіріп, есімізді қайта жиярмыз...
«Барлық салалардағыдай, әдебиет пен өнерде де жұрт мені көбірек білсе, атақ алсам, медаль, орден алсам дейтін ойлар болады. Алайда, атаққа, сыйлыққа, орден-медальға шектен тыс құмартып, тек сондай мақсатта ғана әрекет ету, әрине, жақсылыққа апармайды. Түптің түбінде жазушылардың небір атақтары да, абырой-беделі, орден-медальдары да, сыйлықтары да – бәрі қалады. Өздері өлгеннен кейін тек шынайы шығармалар, көркемдік құнар ғана ұмытылмай, ұлтпен бірге жасай бермек». Бұл көсемсөздің шебері болған көкеміздің өз сөзі. Рас! Сіздің шығармаларыңыз жасай бермек, көке! Біз оқи береміз, көке! Түлкібасыңызға, Таупістеліңізге барып туған жеріңізге тағзым ете береміз, көке! Жылы жымиысыңызбен жәннатта жүрген боларсыз, бәлкім. Қалың қазақпен бірге бізде қатар қатты қайғы шексек те, өзіңіз өсиет етіп кеткендей, жұмысымызға адалдық таныту үшін қайтадан көз жасымызды сүртіп, басымызды көтеріп жатырмыз, көке. Сіз бізге, жастарға, айрықша ақ батаңызды беріп, сенім артып кеттіңіз ғой, көке. Біз сеніміңізді ақтауға тырысып бағамыз. Тазалықты ту еткен шығармаларыңызды насихаттап, айтқан ақылдарыңызды ескеріп, еңбекке адалдық танытып күн кешуден басқа қайте аламыз енді, көке?! Сөйтеміз. Сіздің айтқандарыңызды істейміз, көке. Бақұл болыңыз, кемеңгер көке, менің санамдағы екінші әке!

P.S.

Алаштың айтулы азаматының туған күні қарсаңында ұл-қыздары қабіріне көк тас орнатқан. Осыған орай Оңтүстіктің бір топ зиялы қауымы Азаттық ауылындағы мазаратқа барып құран оқыды. Өзі өмірінің соңына дейін аузынан тастамай өткен туған жері Таупістеліге барып, отбасы жайған асқа қатысты. Мархабат Байғұт – Оңтүстіктің ғана емес қалың қазақтың ардағы еді. Алаш аман тұрғанда есімі ешқашан ұмытылмайды. Махаң Оңтүстікке тән «көке» деген сөзді ерекше жылылықпен айтатын. Рухыңыз шат болсын, жақсы көке...


Ақмарал ҚҰДАЙБЕРГЕНОВА,
Түркістан облыстық Ы.Алтынсарин атындағы балалар кітапханасының директоры, Қазақстанның педагогикалық
академиясының профессоры

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.