Халықаралық турнир мәресіне жетті
Среда, 19 Июнь 2019 05:43Шымкентте ATP Challenger сериясы бойынша халықаралық теннис турнирі аяқталды. Жарысқа 25 елден келген 100-ге жуық спортшы қатысқан болатын.
Олардың арасында әлемдік ТОП-100 рейтингіндегі теннисшілер де бар.
Сайыста словакиялық Андре Мартин жеңіске жетті. Жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне қала әкімі қатысты.
– Шымкент xалықаралық деңгейдегі спорт ойындарының орталығына айналуда. Қаламызға ерекше ықыласпен көңіл бөлгені үшін теннис федерациясына ризашылығымды білдіремін. Спортшылар, ұйымдастырушылар жеңіске деген құштарлыққа толы атмосфера қалыптастырды. Барлығыңызға жаңа жеңістер тілеймін! – деді Ғ.Әбдірахымов.
Айта кетейік, Қазақстан командасының құрамында Андрей Голубев, Александр Недовесов, Денис Евсеев, Достанбек Ташбулатов, Григорий Ломакин, Тимофей Скатов және Тимур Хабибулин өнер көрсетті.
Мектептерде ақша жинауға жол берілмейді
Среда, 05 Июнь 2019 04:18Шымкент қаласындағы мектептерде қосымша қаржы жинауға қатаң тыйым салынған. Бұл туралы қала әкімінің бірінші орынбасары Қайрат Нұртай Instagram-дағы парақшасында жазды.
Қайрат Нұртайдың айтуынша, оқу жылының аяқталуына орай, әкімдікте мектеп, колледж директорларымен арнайы мəжіліс өткен. Жиынға мемлекеттік қызмет істері мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің өкілдері қатысқан.
Мəжілісте оқулық мəселесінен бастап мектептерде жөндеу жұмыстарын атқару міндеттері талқыланып, алдағы емтихан кезеңі мен мектептердегі қаржы жинау мəселесі сөз болған. «Қала əкімі Ғабидолла Рахматоллаұлының тапсырмасына сəйкес, Шымкентте үшінші жыл қатарынан мектептердегі ағымдағы жөндеу жұмыстарына бюджеттен қаржы бөлінеді.
Əрине, оқу жылы аяқталған соң, мектептер белгілі бір деңгейде жөндеуді қажет етеді. Бірінің сыртын сырлау керек болса, енді бірінің кафелін ауыстыру қажет. Биыл мектептерді ағымдағы жөндеуден өткізуге 260 млн теңге бөлінген. Сондықтан, мен барлық ата-аналарға, мұғалімдерге, мектеп директорларына ресми түрде мəлімдеймін: Шымкент қаласында қандайда бір желеумен болмасын, қосымша қаржы жинауға қатаң түрде тыйым салынған», - дейді қала әкімінің орынбасары.
Қайрат Нұртайдың мәлімдеуінше, бүгінгі таңда басты мəселе - білім сапасын арттыру болып отыр. Сол себепті мегаполисте мұғалімдердің біліктілігін арттыруға көңіл бөлуге аса мән берілген.
«Бүгін əрбір оқушы үшін жауапты кезең - емтихан тапсыру науқаны басталғалы тұр. Мен жауапты мамандарға бұл кезеңді шиеленістірмей, қалыпты жағдайда өткізуді жүктедім. Мектеп бітіруші түлектің психологиялық ахуалы оқушының емтихан тапсыруына кедергі келтірмеуі қажет екендігін ескерттім.
Жазғы маусым - бұл балалардың тынығуы үшін тамаша кезең. Ал біз осы уақытты тиімді пайдаланып, балаларымыздың жаңа оқу жылында сапалы білім алуларына жағдай жасауымыз қажет», - деп жазады Қайрат Нұртай желідегі парақшасында.
Мемлекеттік рәміздер – елдігіміздің нышаны
Среда, 05 Июнь 2019 04:00Шымкент қаласындағы «Тәуелсіздік» саябағында 4 маусым Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері күніне арналған салтанатты жиын өтті.
Мерекелік жиынға мемлекеттік қызметкерлер мен қала тұрғындары қатысты. Алдымен, мерекелік алаңда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы мен Елтаңбасы ұлықталып, Мемлекеттік Гимні шырқалды.
Мемлекетіміздің символы болып саналатын рәміздер жөнінде Ардагерлер кеңесінің мүшесі, жазушы Сейдахмет Байдәулетов кеңінен әңгімелеп, оның ерекше орын алатын мәні мен маңызына тоқталып өтті.
Тарихқа жүгінсек, 1992 жылы 4 маусым тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік рәміздері алғаш рет бекітілді. Алғашқыда Елбасымыздың тапсырмасы бойынша құрылған Мемлекеттік кеңестің талқылауына Тудың – 1200, Елтаңбаның – 245, Әнұранның 750 нұсқасы ұсынылған екен.
Салтанатты шарада шымкенттік әншілер «Егемен елім», «Қазағым менің», «Көк тудың желбірегені» т.б. әндерді нәшіне келтіре орындады. Шара барысында қала өнерпаздарының қатысуымен мерекелік концерт ұйымдастырылды.
Жаңа автобустар жеткізілді
Пятница, 31 Май 2019 04:16«Shymkent» ӘКК АҚ басқарма төрағасы Рашид Аюпов Шымкентке жаңа автобустар жеткізілгенін әлеуметтік желіде хабарлады.
– Қоғамдық көліктерде кондиционер, пандустар, бейнекамералар, жолаушылар ағымының датчиктері, GPS-трекерлер, электронды табло бар. Алдағы уақытта қалаға күн сайын 5 автобустан жеткізіледі», - деді басқарма төрағасы.
Автобустар барлық техникалық стандарттар мен заманауи талаптарға сай. Ұзындығы 8 метр автобусқа 56 адам сыяды. Салондағы жолаушыларға дыбыстық хабарлау жүйесі орнатылған.
Айта кетейік, қаладағы қоғамдық көліктерді жаңарту мақсатында биыл «Шымкент» ӘКК арқылы 1000 автобус алу жоспарлануда. 1 шілдеге дейін 300 автобус жеткізіліп, қалған 700 автобус жылдың соңына дейін жеткізілмек.
Мектеп директорлары – ашық конкурспен
Среда, 29 Май 2019 04:01Шымкентте 5 мектеп директоры ашық конкурспен тағайындалды. Қала әкімі Ғ.Әбдірахымовтың жетекшілігімен арнайы комиссиялық топ 10 мектепті басқаруға үміткерлерді сынақтан өткізді.
Конкурс жарияланған 10 мектеп директорлығына 38 үміткер құжат тапсырған. Конкурстың алғашқы екі кезеңінен өткен 19 үміткер әңгімелесуге жіберілді.
Әңгімелесуге келген үміткерлердің ішінен И.Асанов - №1 кешкі мектепке, М.Дүйсенбекова - №16 мектепке, Т.Әбдіхалық - Р.Мырзашев атындағы №76 мектепке, А.Аюбаева - А.Асқаров атындағы №77 мектепке, А.Қарабаева М.Әуезов атындағы №96 мектеп директорлығы лауазымына лайық деп танылды.
Ал қалған №№11, 24, 26 және 131 мектеп директорлығына қайта конкурс жарияланады.
Күзде «HIGHVILL» үйлері салынады
Пятница, 24 Май 2019 03:57Бұл туралы «Шымкент» ӘКК» Басқарма төрағасы Рашид Аюпов пен Highvill Kazakhstan бас директоры Канг Джон Дэның кездесуінде айтылды.
Highvill тарапынан «Shymkent City» жобасына жауапты басшы тағайындалып, таныстырылды. Сондай-ақ тұрғын үй кешенінің мерзімі мен жоспары талқыланды. Рашид Аюповтың мәлімдеуінше, кореялық флагман «Shymkent City-ден» көп функционалды тұрғын үй кешенін салуды жоспарлап отыр.
Жаңа қалашықта үлкен саябақ та болады. «Shymkent City-де» 47 га аумақта оңтүстіккореялық теxнологиямен қала тұрғындарының игілігі үшін заманауи саябақ салынбақ.
Рашид Аюповтың айтуынша, «Shymkent City» қалашығындағы құрылыс жұмыстары 2019 жылдың күзінде басталады. Жалпы жоспар бойынша алдағы 10 жыл ішінде 7554 пәтер салынбақ.
Шағынаудандарға – жаңа автобустар
Пятница, 17 Май 2019 04:30«Шымкент» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының төрағасы Рашид Аюповтың айтуынша, қалаға мамыр айының соңында жеткізілетін жаңа автобустарды қабылдау және бағыттар құруға дайындық жүріп жатыр.
– Біз №14 және 44 бағыттардың қаладағы жүктемесі ең көп бағыттар екенін анықтадық. Жаңа автобустардың осы бағыттарда қызмет көрсетуін талқылаудамыз.
Сондай-ақ, орталықтан алыс орналасқан Тұран, Асар, Колос шағынаудандарын автобустармен қамтамасыз ету жоспарда бар, - деп жазды Р.Аюпов әлеуметтік желідегі парақшасында.
Тағы бір жаңалық - Шымкентте жаңа үлгідегі автобус паркі салынуда.
– Қазір біз жаңа автобус паркін салудамыз. Онда сервистік орталық, диспетчерлік қызмет, ЖҚС, қызметкерлерге арналған асхана мен жатақхана орналасады, - деді Р.Аюпов.
«Шымкент» ӘКК төрағасының пікірінше, қала әкімі Ғ.Әбдірахымовтың тапсырмасына сәйкес, қазіргі таңда қала әкімдігі тарапынан қоғамдық көлік қызметінің сапасына ерекше мән берілуде. Айта кетейік, автопарк Қапал батыр көшесінде орналасқан.
Ділдәбеков атындағы дүркіреген турнир
Среда, 15 Май 2019 04:47Шымкентте Сидней Олимпиадасының және Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Мұхтархан Ділдәбековтің жүлдесіне арналған бокстан жастар арасындағы VIII халықаралық турнир өтті.
Бір аптаға жалғасқан жарысқа Қазақстан, Грузия, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан мен Түркіменстанның жастар құрама командалары қатысты. Турнирде жалпы 80-нен астам боксшы 10 салмақ дәрежесінде бақ сынады.
Жеңіс күні мерекесімен тұспа-тұс келген шешуші бәсекеде нағыз мықтылар жеңіс тұғырына көтерілді. Шетелдік командалардың жетекшілеріне қазақтың дәстүріне сай шапан жауып, құрмет көрсетілді. Жеңімпаздарды елге танымал спорт майталмандары марапаттады.
Айта кетерлігі, турнир жеңімпаздары енді қарашада Моңғолияда өтетін Азия біріншілігінде ел намысын қорғайды.