Карантинде де жаттығу тоқтамайды… Избранное

Пятница, 24 Апрель 2020 00:24 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 11405 раз

8

Токиода өтетін жазғы Олимпиада ойындары 2021 жылға ауыстырылғаны мәлім. ХОК президенті мен Жапония Премьер-министрі бірлесе осындай шешімге келген-тін. Коронавирус індетінің өршуіне байланысты бүгінде спорт түрінен халықаралық турнирлер, іріктеу бәсекелерінің бәрі уақытша тоқтатылды. Дегенмен, спортшылар жаттығуды үзген жоқ.

Онлайн іс-шаралар бағдарламасы бекітілді

2021 жылға ауыстырылған жазғы Олимпиада ойындары келесі жылдың 23-шілдесі мен 8-тамызы аралығында өтеді.
Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитет отандық спортшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барынша шаралар қабылдауда. Коронавирусқа байланысты елдің олимпиадалық басқармасында келеңсіз жағдайдан сақтану мақсатында арнайы штаб құрылды.
«Ұлттық Олимпиадалық комитет үшін спортшылардың денсаулығы өте маңызды. Сақтық шараларымен қатар, қауіпсіздіктерін де күшейту қажет. Бізде ұлттық федерациялармен бірге коронавирустың таралмауы және қазақстандық спортшыларды індеттен қорғау бойынша алдын-алу шараларына қатысты біртұтас және берік ұстаным болуы керек», – деді Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Тимур Құлыбаев.
Қазақстан ҰОК барлық ұлттық спорт федерацияларын олимпиадалық спорт түрлерінен жағдайды ерекше бақылауда ұстап, спортшылардың денсаулығын барынша қадағалауға шақырды.
Дегенмен, спортшылар карантин кезінде де спорттық формасын сақтауы тиіс. Шымкент қаласының спортшылары да жаттығуды талап пен тәртіпке сай жалғастыруда. Бүгінде шаһарда төрт спортшы Олипиадаға жолдама алды. Соңғы болып боксшы Закир Сафиуллин жолдамаға иелік еткен еді.
Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әлібек Нұртаевтың айтуынша, жағдай толық бақылауда. Басқарма мамандары төтенше жағдай кезіндегі жаттығу барысын ұйымдастырып және жаттығу үрдісін қадағалап отыр.
– Басқарма тарапынан 13-25 сәуір аралығында ONLINE іс-шаралар бағдарламасы бекітілді. Оның ішінде үй жаттығуларының апталық бағдарламасы түзіліп, спортшылар әлеуметтік желілер арқылы қашықтан жаттығуда. Дайындық кезінде денені қыздыру, созылу, буындық жаттығу, күш блогы жаттығу бөліктеріне жіті мән берілуде, – дейді басқарма басшысы.

 

53

 

16 781 спортшы қашықтан жаттығуда

Енді атқарылған жұмыстардың бірқатар нәтижелерін атап өтсек. Басқарманың мәліметіне сәйкес, Шымкент қаласындағы мемлекеттік меншіктегі 31 спорт мекемесі бүгінде төтенше жағдай енгізілген мерзімде қашықтан оқыту форматына көшірілген. Осы мекемелердегі 1058 жаттықтырушы 16781 спортшымен қашықтан әлеуметтік желілер арқылы (WhatsApp, Instagram) оқу-жаттығуларын жүргізуде. Жаттықтырушылардың оқу-жаттығу сабақтарын қадағалау спорт мекемелерінің басшыларына жүктелген. Әр жаттықтырушы жеке жұмыс жоспарларын бекітіп, күнделікті соған сәйкес жұмыстарын жүргізуде.
Мәселен, сәуір айында арнайы жаттығулар бойынша Онлайн тәртіпте өткізілген жарыстардың қорытындысынан хабардар етсек. 14-18 сәуір аралығында Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты спорт мекемелерінің спортшылары арасында арнайы жаттығу түрлері бойынша қашықтан онлайн жарыстар өткізілді. Атап айтқанда, спортшылар отырып тұру (приседание), кермеде тартылу (подтягивание на перекладине), кеудені жерден көтеру (отжимание) бойынша бақ сынады.
Сондай-ақ, шаршы дойбыдан және тоғызқұмалақтан 18-19 сәуір күндері Ләззат Тажиева атындағы №4 олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің онлайн біріншілігі ұйымдастырылды.
Сәуірдің 13-нен бастап еңбек сіңірген жаттықтырушылар әлеуметтік желілерде тікелей эфир тәртібінде онлайн жаттығу өткізуде. Атап өтсек, каратэден ҚР еңбек сіңген жаттықтырушысы Шаттық Қажымұқан, таэквондодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Лес Абдусамат, самбодан еңбек сіңірген жаттықтырушы Құралбай Орынбасар, еркін күрестен Шымкент қаласының жастар құрама командасының аға жаттықтырушысы Марат Нұржанов жаттығуларын көпшілік назарына ұсынды.
Сонымен бірге, үшінші мегаполистің танымал спортшылары тікелей көрсетілім арқылы Онлайн жаттығуларын (Instagram, Youtube, Fasebook, телеканалдар) жүргізуде. Көркем гимнастикадан ҚР Еңбегі сіңген спорт шебері Әлия Юcупова, бокстан ҚР Еңбегі сіңген спорт шебері Жайна Шекербековамен «Карантиндегі спортшы» таңғы жаттығуы ұйымдастырылды.
Шахматтан 20-24 сәуір аралығында chess.com сайты арқылы Шымкент қаласының біріншілігі, тоғызқұмалақтан 21-23 сәуір аралығында Шымкент қаласының онлайн біріншілігі өткізіледі.

Талап пен тәртіп сақталуы тиіс

Шымкент кәсіпқой бокс түрлері клубының директоры Заңғар Қасқаевтың айтуынша, шәкірттер үйлерінде арнайы нұсқаулықтар бойынша жаттығуда. Әрине, қиындықтар жоқ емес. Дегенмен, әзірге қашықтан жұмыс істеуге тура келеді.
Белгілі маман мұндай кезде спортшылар жалпы дене дайындығын ұстап тұру керектігін айтады. Белтемірде тартылу, кеудені жерден көтеру, техникалық дайындықтарға мән беру қажет. Жалпы қалай болғанда да спортшылар талап пен тәртіпті сақтауы тиіс.
Иә, қалада карантин кезінде де жаттығу тоқтамайды…

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.