Тарихтың жаңа бетін ашқан – Мейіржан Избранное

Пятница, 23 Ноябрь 2018 05:11 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 4147 раз

«Жақсы сөз жарым ырыс» дейді. Әрдайым жақсылықтан үміттенеміз.
2017 және 2018 жылғы күрес түрлерінен Қазақстан чемпионаты Шымкент қаласында өткен-ді. Мінекей, Шымқала төріндегі бәсеке әлем чемпонатының жүлдесіне бастады. Шүкір дейік. Грек-рим күресінен соңғы ел чемпионатының жеңімпазы Мейіржан Шермаханбет тарихтың жаңа бетін ашты.

126

 

Олимпиадалық цикл Оңтүстіктен басталады

Расында, соңғы жылдары күрес түрлерінен жаңа Олимпиадалық цикл Шымкенттен бастау алып жүр. Күнгей өңір әрдайым жақсы істің бастамашысы. Қолдау көрсетуге даяр. Лондон ойындарында ел балуандары әр күрес түрінен жүлдеге ие болып қайтты.
Сөйтіп, 2013 жылы күрес түрлерінен Қазақстан чемпионаты Шымкентте өтті. Рио ойындарына дейінгі әлем және Азия чемпионаттарында да ел балуандары жақсы жетістікке жетті. Рио Олимпиадасында әйелдер құрамасының өзі үш жүлде олжалады.
2017 жылғы чемпонатты да Шымкент қаласы қабылдады. Жеңілатлетикалық манежде тартысты бәсекелерді тамашаладық. Сол жылғы әлем чемпионатында екі балуанымыз күміс жүлдемен оралғаны жанкүйерлер жадында.
Күрес түрлерінен 2018 жылғы ел чемпионаты тағы да Шымқала төрінде ұйымдастырылды. Бұл сында да жаңа есімдерге қанықтық. Шымкент қаласының №10 спорт мектебінің шәкірті Мейіржан Шермаханбет осы сында топ жарды. 67 келідегі финалдық сында өзінің жерлесі, әрі досы Абылайхан Әмзеевпен белдескен-ді. Қос жерлесіміз тұғырда қатар тұрған. Жас дарындар көпшілікті таң-тамаша еткен.
Жас балуан чемпионат басталудан бір апта бұрын академик Мардан Сапарбаевты еске алуға арналған халықаралық турнирде де дайындығын пысықтап көрді. М. Сапарбаев мемориалын көпшілік таланттардың бағын ашқан бәсеке деп біледі. Әлем чемпионы, Олимпиада және Азия ойындарының жүлдегерлері осы сайыста шыңдалған. Шермаханбет те осы беделі биік халықаралық турнирде командасына алтын жүлдені сыйға тартқан еді.

Тарихтың жаңа бетін ашты

2018 жыл Қазақ елінің балуандары үшін нағыз жауапты кезеңдердің бірі болды. Жыл басында Бішкекте Азия чемпионаты өтті. Бұл сайыс Индонезиядағы Жазғы Азия ойындарына және Будапешттегі әлем чемпионатына дайындықтың кезеңдерінің бірі-тін. Қабырғалы балуандардың сыналар сәті.
Сонымен, бозкілем шеберлері Джакартада бақ сынады. Күрес түрлерінен Қазақстан құрамасының Азия ойындарындағы нәтижесінен хабардар еткенбіз.
Келесі бағыт – әлем чемпионаты. Қазақ елінің балуандары да үкілі үмітпен аттанды. Құрамада кілең жастар. Жанкүйерлер «Қалай болар екен?» дескен. Себебі, Алмат Кебісбаев, Нұрмахан Тыналиев сынды жампоздар бұл жарысқа қатыспайтыны мәлім болған.
Соңғы болып жарысқа грек-рим күресі өкілдері қосылды. Жарыстың бірінші күнінде Демеу Жадыраев, Мақсат Ережепов сынды тәжірибелі спортшылар күш сынасты. Екінші күнінде 60, 67, 87 келідегі балуандардың әлеуетін байқадық. Айдос Сұлтанғали мен Мейіржан Шермаханбет ә дегеннен жартылай финалға бір-ақ жетті. Екеуі де ең қиын топқа түскен. Қос жігіт те өздерінің салмағындағы ең мықты қарсыластарды жеңіп, жерлестерін бір желпінтті-ай. Бір атап өтерлігі, екеуі де ширек финалда Рио Олимпиадасының жеңімпазы мен күміс жүлдегерінен айласын асырды.
Жалпы айта кетсек, Шермаханбет бірінші айналымда түрік балуаны Атакан Юксельді 12:0, 1/8 финалда Олимпиада жеңімпазы, кубалық Исмаэль Боррероны 11:6, ширек финалда парсы жігіті Мохаммадреза Гераейді 9:0 есеппен жеңді. Жартылай финалдағы қарсылас – ресейлік Артем Сурков. 2017 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері биылғы сынға тыңғылықты дайындықпен келіпті. Тың. Әттеген-айы, осы белдесуде есеміз кетті. Финалдық кезеңге өте алмадық.
Алла сәтін салып, 27 қазан күні қола жүлдеге таласта екі жігіт те аянып қалған жоқ. Кілемге бірінші Сұлтанғали шығып, солтүстіккореялық балуанды сан соқтырып кетті. Одан кейін Шермаханбет франциялық қарсыласы Мамадасса Силланы бет қаратпай жеңді. Есеп – 9:0. Олимпиада чемпионы сербиялық Давор Штефанек, Еуропа чемпионы Артем Сурковпен бірге жеңіс тұғырына көтерілді.
Бұл қола жүлденің біз үшін жөні бөлек. Грек-рим күресінен Шымкент қаласы спортының тарихында, одан қала берді Түркістан облысында да әлем чемпионатының алғашқы жүлдесі осылайша қоржынға түсті. Ең соңғы рет 2010 жылы Азия ойындарында Түркістан облысының балуаны Марат Кәрішалов қола жүлдегер атанған.
Шымкент қаласы үшінші мегаполис атанғалы жылы-ақ әлем чемпионатының медаліне қол жеткіздік. Бұл – зор жетістік.
Әлем чемпионатына Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әлібек Нұртаев, палуанның жеке бапкері Оразбек Медеубеков те аттанып, қолдау көрсетіп қайтты.

Чемпион боламын деген мақсаты көзінен байқалатын

Әуежайда Шымкент қаласы спортының басшылары, жаттықтырушылар қауымы, жанкүйерлер, жеңімпаз жігітті зор қошеметпен күтіп алды. Біз де чемпионның шаңырағында болдық. Әкесі – Анарбай Тұрсынбаев пен анасы Гүлмира Ниязбаева қонақ күтіп, зыр жүгіріп жүр. Туған-туыстары, көрші-қолаң перзентінің осынау қуанышын бөлісуге келген.
Мейіржан – Шымкент қалалық №10 күрес түрлерінен балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірті. Спорт мектебі 2011 жылы ашылып, жұмысын бастаған еді. Дарынды спортшы бүгінде Оразбек Медеубековтей білікті маманнан тәлім алады. Жасөспірім, жастар сапында мектептің атынан көптеген жарысқа қатысып, тәжірибе жинады. Ысылды.
Мейіржан балуанды бұған дейін жақыннан танитынбыз. 22 жастағы қарапайым жігіт күресті 10 жасында бастаған. Жасөспірім шағынан-ақ ерік-жігері мықтылығымен, қайсарлығымен ерекшеленетін.
– Маған 2007 жылдың басында келді. Алғашқы шәкіртім ғой. Өзім де жұмысты бастағаныма бір жыл болған. Ең алғаш ҚР жасөспірімдер арасындағы чемпионатта 36 келіде жеңімпаз атанды. Осылай-осылай тәжірибе жинады. Жасөспірім шағынан қайсар, ерік-жігері мықты екені көрінетін. Бірінші күреске келген кездері есімде. Көзі жанып тұр. Қатарымызға алғаш қосылып жатқан балалармен күрестіремін. Сол кезде өзі қатарлы, өзінен ірі қарсыластарын кілемде шеңбердің сыртына шығарып тастайтын. Ынтасы мықты еді. Кейбіреулеріне тапсырма берсем жалқауланады. Ал Мейіржан тапсырманы асыра орындайтын. Артығымен жасайды. Чемпион боламын деген мақсаты көзінен-ақ байқалатын. Оған қоса тәртібі де жақсы, – дейді Оразбек бапкер алғашқы сәттерді еске түсіріп.
Бір айта кетерлігі, бұл палуан ересектер сапына ауыса салып, жақсы жетістіктерге қол жеткізуде. 2017 жылы Қарағанды төрінде Н.Әбдіров мемориалында екінші орын алды. 2018 жыл да табысты болуымен есте қалмақ. Шымкент төрінде Қазақстан чемпионы атанғаннан кейін маусым айында Венгрия Гран-при турнирінде белдесті. Онда да ерлік көрсетіп, алтын жүлдеге ие болды.
Оразбек бапкер шетелдегі жарыста алғаш рет шәкіртіне қолдау көрсетіп, көп жайтты ұғынғанын айтады.
– Трибунада тұрып-ақ, айқайлап, жігерін жаныдым. Оның өзі де күш-қуат береді. Кілең мықтылардың жауырынын жерге тигізді. Жалпы, әлем чемпионатынан, Олимпиада ойындарынан медаль алуға болатынын ұғындық. Көп дұға еттім. Осындай шәкіртім жеңіске жетсе екен деп көп ниет еттім. Жақсы ниет етіп еңбек етсек, бәрі болады екен, – дейді бапкер.
Грек-рим күресінің шебері бүгінде Шымкенттегі Академиялық-инновациялық университеттің 2 курсында тәлім алатынын да айта кеткен жөн.

Ендігі бағыт – Токио ойындары

Дарынды жас палуанның әлі мүмкіндігі зор. Әрине, бұл мақсатта көптеген жұмыс атқарылды. Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың қолдауымен спортқа көп көңіл бөлінуде. № 10 күрес мектебінің басшысы Саян Мекенбаев та шәкіртіне барлық жағдайды жасап отыр. Материалдық-техникалық база жақсарған. Қала әкімдігі тарапынан бұл мақсатта көптеген қолдаулар бар.
Енді Шымкентте ешбір өңірде жоқ спорт нысанын салу жоспарланып отыр. Еңселі ғимарат қала спортшыларына зор серпін берері анық.
Шымкент қаласы спортының абыройын асырған палуан енді Токио ойындарына қатысуды көздеп отыр. Уақыт жүйрік. Ел спортшылары осылайша Токио ойындарына дайындықты бастап кетті. Жоспар түзілді. Келесі жылы
Астанада әлем чемпинаты өтеді. Бұл да ел спортындағы тарихи оқиға болмақ.

Последнее изменение Суббота, 24 Ноябрь 2018 14:01
Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.