Жеңісті дәстүр үзілмейді Избранное

Понедельник, 08 Октябрь 2018 04:19 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 3800 раз

Өнімді еңбектің өтеуі – жеңіс. Спортта бұлжымайтын қағида осы. Жарыстан жеңімпаз болып оралғаныңды ұмытып, келесі бәсекеге дайындық басталады. ...Әлия Мақсұтқызы да жаттығу залында шәкірттердің дайындығын пысықтап отыр. Таяуда ғана Азия ойындарының чемпионы атанған Даяна Әбдірбекова доппен жаттығуда. Жеке бапкері Лола Әділбекова да жанында. Джакарта төрінде көпшілікті таңырқатқан қазақ аруы қайта жаттығуға кіріскен. Алда – басқа мақсат, бәсі биік бәсекелер...

40129725 2068090673223866 6091437869786726400 o

Заманауи талаптарға сай, еңселі спорт кешенде барлық жағдай бар. Таңмен таласа кішкентай бүлдіршендер дайындыққа асығады. Мұндағы бүлдіршіндердің талпынысын көріп қуанасыз.
Жеңімпаз қыздар небәрі 16-17 жаста. Азия ойындарының екі дүркін жеңімпазы атанған Алина Әділханова биыл 17 жасқа толды. Даяна Әбдірбекова он алтыда.
Қазақ көркем гимнастикасының падишасы, Азияның абсолют чемпионы Әлия Мақсұтқызы болашаққа үмітпен қарайды. Жеңісті дәстүрдің жалғасқанына бек қуанышты.

«Тарихи жеңіске ерекше қуандық»

19437304 1905902756292535 7763196764180690388 n

Сұлулық пен сырбаздық үйлесім тапқан көркем гимнастикада есеміз кете қойған жоқ. Әлия Мақсұтқызы Афиныда төртінші, Бейжіңде бесінші орын алып, көркем гимнастикада да ерлік жасауға болатынын ұғындырды. 2007 жылы Грекияда өткен әлем чемпионатының жекелей сынында алтыншы орын алған. Ал Азияда қарсылас шақ келтірмейтін: 2000-2009 жылдары Азия құрлығын 12 рет мойындатты. Дохадағы Азия ойындарының жеңімпазы.
Бүгінде көркем гимнасшыларымыз жеңісті жолды жалғастырып келеді. Олимпиада медалі бұйырмады демесеңіз, Азия ойындарында жалпы есепте көшбасындамыз. Есеп-қисабымызды Орта Азия өрендері қосылған Хиросима ойындарынан бастайық. Әлия Юсупова бастаған көркем гимнасшылар бес ойында жүлде алып, бәрін басып озды. Яғни, сары құрлық додасында көркем гимнасшыларымыз жалпы есепте 6 алтын, 2 күміс, 1 қоламен бірінші орында келе жатыр. Қытай (4 алтын, 2 күміс, 4 қола) – екінші орында. 1 алтын, 4 күміс, 1 қоласы бар Өзбекстан үштікте.
Жапония, Корея аруларын да артқа тастадық.
Мінекей, қазақ көркем гимнастикасының примасы Әлия Юсупованың алғашқы баспалдақтары Пусандағы Азия ойындарынан басталады. Әрі Афины олимпиадасы алдындағы дайындығын пысықтау үшін Корей түбегіне аттанған Юсупова қос күміспен оралды. Әлия Юсупова, Заира Жақыпова, Лола Ерос, Аида Красникова күмісті мойнына ілген. Алдымызда – тек екі алтынымен қытай қыздары. Елдегі көркем гимнастиканың даму жолына түскенін аңғарып едік. Пусанда алтынның маңайынан қайтқан Ә.Юсупова Катар жерінде мақсатына жетті. Жекелей кезеңде қарсыластарынан оқ бойы озық шықты. Командалық сында да әріптестерін алға жетелеп, бас жүлдені алып берді.
Рас, жеңісті жолымыз үзілмек емес. Мұны көркем гимнасшыларымыз Джакарта төрінде дәлелдеді. Алина Әділханова, Даяна Әбдірбекова, Адиля Тілекенова командалық сайыста жеңімпаз атанды. Ал Алина Әділханова жекелей көпсайыста да чемпион болды. Осылайша, екі алтын жүлде де біздің еншімізге тиді. Командалық сайыста Өзбекстан күміс, Оңтүстік Корея үшінші орыннан көрінді.
– Даяна Әбдірбекованың жеңіске жеткеніне ерекше қуандым. Өйткені, Даяна жекеменшік мектебіме қабылданған ең алғашқы шәкірт еді. Кішкентай кезінен тәрбиелеп шығардық. Бұл – тарихи жеңіс. Жеке жаттықтырушысы Лола Әділбекова екеуі көп ізденді. Тер төкті. Мінекей, ең алғашқы шәкірттеріміз Азия ойындарында топ жарды. Алина Әділханова да менің жеңісті жолымды жалғастырып, екі алтын жүлдеге ие болды. Джакартада делегация басшыларының бәрі жарқын жеңісімізбен құттықтады. Басқа елдің жанкүйерлері, бапкерлері де жылы лебіздерін айтты. Жалпы, бұл мақсатта көп дайындық кезеңінен өттік. Бізде еш демалыс жоқ. Күн сайын жаттығамыз. Осындай қажырлы еңбектің өтеуі шығар. Құдайға шүкір, ізбасарларымыз өсіп келеді. Соған қуанамын, – дейді Әлия Мақсұтқызы көңілі жайлана отырып. Жүзінде қуаныштың лебі бар.
Жыл сайын Юсупованың жүлдесіне арналған халықаралық турнир өтетін. Былтырғы Азия ойындары, Азия чемпионатына дайындық кезеңдеріне байланысты бәсеке кейінге шегерілді. Енді беделі биік жарыс келесі жылы ұйымдастырылмақ.

«Жексенбі күні де демалыс болмайды»

Шымкенттегі жаңа әкімшілік-іскерлік орталығында орналасқан көркем гимнастика кешенінде жыл бойы жаттығу қайнап жатады. Қазір көркем гимнастика орталығы жарыс ордасына айналған. Бүгінде еңселі жаңа ғимарат балалардың көз қуанышы. Онда 442-гимнаст қыз тәлім алуда. Жаңа ғимараттағы залдың іші кең, жылы әрі жайлы.
Бұрын жарыс өткізетін жер іздеп, әуреге түсетін едік. Халықаралық бәсекелер бірде «Мұз» сарайында, бірде Опера және балет театрында, енді бірде Оңтүстік-циркте өтті. Енді ол қиындықтың бәрі артта қалды.
Әлеуетті көркем гимнастика кешені ел Тәуелсіздігінің 24 жылдығы қарсаңында 2015 жылы 21 желтоқсанда ашылды. Нысан 8 блоктан тұрады. Мұнда спорттық арена, екі көрініс алаңы және 700-ден астам көрерменге арналған трибуна бар. Сонымен қатар 6 жаттығу залы, хореография залы мен венткамера, буфет, медпункт және егу бөлмесі, спортшылардың киім ауыстыру және жуыну бөлмесі қарастырылған. Сондай-ақ, 4 бір орындық қонақжай бөлмесі, екі орындық 6 нөмір, бассейн, 38 адамға арналған екі орындық жатын бөлмесі мен галерея бар.
Мұнда өзге жаттықтырушылармен қатар көркем гимнастикадан Азияның абсолютті чемпионы,
Қазақстан ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Әлия Юсупованың өзі де көркем өнердің қыр-сырын үйретеді.
– Мемлекет осындай әлеуетті зал ашып бергеннен кейін жеңісті дәстүріміз үзілмеу керек. Чемпиондарды тәрбиелеп шығаруда үлкен команда күні-түні еңбек етіп жатыр. Білікті бапкерлеріміз, хореографтар, дәрігерлер... бәрі жеткілікті. Жарыстан қалмаймыз. Жарыстың алдында тіпті жексенбі күні де демалыс болмайды. Осындай табанды еңбектің нәтижесіне орай жеңімпаздар көбейе бермек, – дейді ұлттық құраманың бас бапкері.
Әлия Мақсұтқызы 2011 жылдан бері ұлттық құраманың бас бапкері. Одан бөлек, Шымкент қалалық №9 көркем гимнастикадан спорт мектебіне басшылық етеді. Осындай тығыз жұмысқа қарамастан Әлия Мақсұтқызы жеке шәкірттеріне де уақыт табады. Индонезияда ғаламат жеңіске жеткен Алина Әділханова бүгінде әйгілі спортшыдан тәлім алады. Мұнан бөлек бас бапкер қазір Эльвира Адамбаеваны да өз қоластына (доппен жаттығып жүрген балауса қызды нұсқады) алыпты. Алматыдан келген жасөспірім спортты енді бастап жатыр.

«Жеңісті дәстүріміз жалғаса бермек»

Рио ойындарында спортшымыз тәуір нәтиже көрсетті. Сәбина Әшірбаева осында жаттығып, 12-орын алды. Қазір әлемде бұл спорттың дамуы қарқынды. Әлем чемпионатында Италия, Израиль спортшылары да жүлделі орындарға іліге бастады. Бұл – тарихта болмаған жағдай. Болгария, Беларуссия, Украина елдері әрдайым көшбасшылардың қатарында. Соңғы кездері Жапония, Қытай, Корея спортшылары да шеберліктерін Мәскеуде шыңдап жүр. Сол себепті де біз де қалмай, дамуымыз керек.
Әлемдік спорт мамандары біздің балғын қыздарымызға жоғары баға беруде. Мәселен, әлем чемпионатында ұлттық құраманың екі қызы ТОП 30-ға енді. Онда жалпы 160 спортшы бақ сынаған болатын. Осы нәтижені шетелдік сарапшылар, бапкерлер жоғары бағалаған.
Қазіргі басты меже – үздік бестіктің қатарына кіру. Соның өзі қиын болып тұр. Көркем гимнастикада Олимпиадаға жолдама алу оңай емес. Біздің қыздар бүгінгі нәтижелерден түспей, одан әрі жақсартуға жұмыс істейміз. Алда мақсат көп. Өзім 2 рет Олимпиадаға қатысып, үздік бестіктен көріндім. Менің арманым – осы қыздар ең мықты бестіктің қатарынан ойып тұрып орын алса деймін. Алдымен осы үздіктердің қатарында болсақ, одан кейін медаль алуға тырысу қажет. Жалпы, жеңісті дәстүріміз үзілмеуі тиіс. Ұрпақтар сабақтастығы деген осы емес пе?!
Бас бапкер алдағы ой-жоспарларынан сыр шертіп, болашаққа көз тастап көрді. Мақсат айқын, бағытымыз белгілі. Мүмкіндіктеріміз де мол.

«Ата-аналар да жұмыс істеуі тиіс»

Жалпы, көркем гимнастика қымбат спорт түріне жатады. Өйткені, доптары, ленталарының бағасы қымбат тұрады . Жарыста өнер көрсететін киімдері 500 доллардан кем болмауы керек. Сондай талап бар. Десек те Шымкентте ата-аналардың бұл спортқа қызығушылығы арта түсуде. Бәрі де перзенттерінің чемпион болып, ел мақтанышына айналғанын қалайды. Азия ойындарындағы жеңістен кейін олардың саны арта түсетіні де белгілі.
Тарихы тереңге жайылған Шымкенттің көркем гимнастика мектебінің даңқы аспандап тұр. Ұлттық құраманың бас бапкері үмітін үкілеген ата-аналарға бір ғана кеңес айтады: қыздардың үлкен спорттан өз несібесін алуын қаласа, өздері де үйде көбірек жұмыс істеуі қажет. Жаттығудағы қиындықтарға шыдап, бапкерлердің талабына көндігуі тиіс. Үйге барғанда қыздарымен сөйлесіп, дұрыс бағыт-бағдар бергені жөн. Негізінен, жас балғындар төзімділік, шыдамдылық қасиеттерімен ғана бұл спортта жеңіске жетпек.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.