Осы жобаның аясында «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық бірлестігі мен Шымкент қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен спорт фестивалі өтті.
Аталған іс-шара қатысушылардың шеруімен басталып, қонақтардың құттықтауымен жалғасты.
– Мемлекет тарапынан балаларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты іс-шаралар әрқашан да жасалып келеді. Алдағы уақытта қаламызда теңдесі жоқ параолимпиадалық спорт түрлеріне арналған орталық ашу жоспарда бар. Бұл ерекше балаларға үлкен мүмкіндік болушы еді. Бүгінгі жарыс жалғасын табатынына сенімдімін. Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін! – деді қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек.
«CHILDREN PARALYMPIC GAMES 2024» ойынында бейімдеу секцияларының тәрбиеленушілері бочча, голбол, бейімделген шығыс жекпе-жегі, бейімделген футбол, бейімделген жүзу, бейімделген жеңіл атлетика, футбол сияқты спорт түрлерінен бақ сынасты.
– Ұлым осы спорт секциясына қатысқалы бері басқа балалармен оңай араласатын болды, қатарластарымен тез тіл табысады. Оның бәрі ұлыммен жоғары білікті мамандар, жаттықтырушылар жұмыс істегенінің жемісі деп білемін. Бұл – біздің бірінші жарысымыз емес. Ұлым осыған дейін республикалық, қалалық дәрежеде өткен жарыстардан жүлделі орын алған. Әрбір жарыстан соң алған әсері ерекше. Әр жарыстан соң жаңа белестерді бағындыруға деген сенімі мен құлшынысы жоғарылайды. Бұл жер менің ұлым сияқты ерекше балалардың еркін аймағы деп білемін, – дейді ерекше бала Нұрбақыт Ағабектің анасы.
Жиын соңында фестиваль қатысушылары марапатталды.
Салтанат ЖАМАЛДИНОВА