Рухани өркендеудің жаңа бағдары Избранное

Среда, 17 Май 2017 04:54 Автор  Опубликовано в Дін Прочитано 3560 раз

Әлемдердің Раббы – Аллаға мадақтар мен мақтаулар және Оның елшісі Мұхаммедке салауаттар мен сәлемдер, оның отбасы мен сахабаларына және барша мүминдерге Тәңір тағаланың игіліктері мен жарылқаулары болсын. Сонан соң, ел өмірінде болып жатқан мән-мағынасы жағынан елеулі оқиғаларға назар салатын болсақ, тарих сахнасына шығып, еліміздің мерейін күн сайын асқақтата түсетін, тарихи құндылыққа ие оқиғалардың бірі -  жуырда ғана Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы жарияланды. Бұл ел өміріндегі қоғамдық-саяси маңызы зор мақаласында Елбасы экономикалық және саяси жетістіктерімізді дамытудың рухани бағдарламасын ұсынды. Бұл бағдарлама ұлтымыз үшін маңызы терең, ауқымы зор, өнегесі мол, халқымызға рухани азық болатын айтулы дүние. Бұл мақалада өткен тарихи кезеңдерге сындарлы баға беріліп, ой елегінен өткізіліп, рухани даму бағытымыз айқындалған. Ел Президенті қоғамның рухани жаңғыруына халықтың дәстүрі мен ұлттық мәдениеті негіз болуы тиіс екенін айтты. Мұндай бағытты ұстану кешегі күн мен бүгінді, бүгін мен ертеңді жалғастырады.

Мақалада жаңа заман көшіне ілесіп, өркениетті ел болу үшін ұлттық сананы сақтау мен өрістетудің нақты жолдары ұсынылған. Сондай-ақ, өз мақаласының КIРIСПЕсін: Елiмiз жаңа тарихи кезеңге аяқ басты. Мен жыл басындағы халыққа Жолдауымда Қазақстанның Үшiншi жаңғыруы басталғанын жарияладым» деп бастаған Елбасының бұл мақаласы мазмұны терең, ауқымы өте кең, ұлт руханиятын ХХI ғасырдың биігіне шығаратын үлкен бағдарламалық құжат. Сондықтан жалпы жұрттың міндеті Мемлекет басшысының нұсқауларын орындай отырып, мақалада көрсетілген жобаларды атқаруға белсене кірісуі, сондай-ақ ел игілігі үшін орасан қызмет етіп жүрген Елбасымыздың ерен еңбектерін бағалай білуіміз және қадіріне жетуіміз қажет. Өйткені Пайғамбарымыз: «Әлбетте, сендердің дәуірлерің - сендердің сұлтандарың (яғни, дәуірлеріңдегі жағдай сұлтандарыңа байланысты), егер сендердің сұлтандарың ізгі болса, дәуірлерің-дағы ізгі болады», - деген. Демек әрбір елдің өмірлік жағдайының, тіршілігінің ізгі де құт-берекелі болуы сол елдің басшысына тікелей байланысты болады. Міне осы хадиске сәйкес айтатын болсақ, біздің еліміздегі бейбіт өмір, мамыражай жағдай, өркендеген бақ-берекелі тіршілік бәрі Елбасымыздың көрегенді саясаты мен даналық басшылығының жемісі болып табылады. Және Елбасы өз мақаласында «Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын» деп, өзінің жүрекжарды тілегін білдірді. Иә, халқымыз өзінің ұлттық салт-дәстүрлерін қашанда қастерлеп, ұрпақтан-ұрпаққа үзбей жалғастырып келген және оны ешқашан қажетсізге шығармаған. Бірақ, өкінішке орай соңғы жылдары Ислам дінінің қағыдаттарын әлі жақсы білмейтін, соның салдарынан өз ата діні жайлы көзқарасын дұрыс қалыптастырып үлгермеген кейбір қандастарымыз, шеттен сұғылып келген түрлі экстремистік пиғылды келімсек топтардың тұзақтарына түсіп қалып, ұлттық салт-дәстүрлеріміз жайлы теріс көзқарас танытып, кері пікірлер білдіріп жүргендері де байқалуда. Сондықтан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында діни экстремизмді насихаттаудың алдын алу, әсіресе, интернет пен әлеуметтік желіде оның жолын кесу, радикалды көзқарасқа «мүлде төзбеушілікті» қалыптастыру қажеттігін атап айтқан болатын. Әлбетте, мұндай радикалды көзқарастағы адастырушылар мен шатастырушыларды өз бетімен қоюға болмайды. Бұларға жалпы ел болып қарсы күресу керек. Және бұл аса маңызды шаруаны атқаруда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының үлесі елеулі болуға тиіс. Осыған орай Елбасының Жолдауына және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында жариялаған құжаттарға сәйкес бірлік пен татулықты, рухани келісім мен даму үрдістерін сақтау және одан әрі нығайту мақсатында атқарылатын нақты жұмыстардың бірі - үстіміздегі жылдың 19 сәуірінде Астанадағы «Бейбітшілік және келісім» сарайында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жұмыс үдерісін жаңа белестерге көтеруге бағытталған «Ислам және өркениет» тақырыбына арналған ІІ Республикалық имамдар форумы болып өтті. Бұл форумға еліміздің түрлі облыстырынан 500 имам жиналды. Осыдан екі жыл бұрын еліміз бойынша тұңғыш рет өткізілген Республикалық имамдар форумында ҚМДБ-ның жұмыс бағытын айқындап, бағдарын межелеген төрт бірдей құжат қабылданған болатын. Міне енді екінші мәрте ұйымдастырылып отырған Республикалық имамдар форумы асыл дініміздің дамуына тың серпін беріп, дін саласындағы жұмыстарды оңтайландырып, тиімді жүйе қалыптастыруға, сөйтіп жаңа белестерге жетелеуге үлкен септік болары көзделіп отыр. Форумға ҚР дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары бастаған мемлекет және қоғам қайраткерлері және Моңғолия елінің бас мүфтиі, Ресейдің Омбы, Алтай аймағының мүфтилері, Қырғызстан елінің найып мүфтиі, зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, дінтанушылар қатысып, игі бастамаға орай өз пікірлерін білдіріп, баяндамалар жасады. Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы да өз баяндамасында діни басқарма алдында тұрған негізгі міндеттерді баяндай келе, бүгінгі ХХІ ғасыр талабына лайықты діни қызметкерлер, яғни білімді, тәжірибелі, зайырлылық принциптерді дұрыс түсініп ұстанатын, бірнеше мамандықты меңгерген, жан-жақты білімдерге ие имамдар тобын қалыптастыру, олардың беделі мен білімін арттыру бағытындағы бірегей қадам болып табылатын «Үздік зияткер имам» тұжырымдамасы дайындалғанын, сөйтіп бұл тұжырымдама дін саласындағы қызметкерлердің мансаптық тағайындауларына да тың тәртіп енгізетіндігін жариялады. Негізінен имамдар дәреже тұрғысынан екі түрге бөлінеді. Бірі – «имамүл-ұмма» (үмбеттің имамы), екіншісі – «имамүл-хайй» (елдімекеннің имамы). «Үмбеттің имамы» деп Әбу Ханифа сияқты үмбеттің мәзһабына жол салған мүжтахид имамдарға айтылады. Ал «елдімекеннің имамы» деп, түрлі дәуірлерде, түрлі елдімекендердегі мешіттерді басқаратын имамдарға айтылады және мұндай имамдардың мүжтахидтік дәрежесіне жеткен болуы шарт етілмейді. Бәлкім, өзіне тапсырылған мешіттің құлшылық рәсімдері мен жоралғыларын атқару міндеті болып табылады. Сондай-ақ, имам қызметі тек бес уақыт намазға имамдық етумен шектелмейді. Имамның уағыз айту, діни рәсімдерді атқару, мешітке келген әрбір жамағаттың сұрағына жауап беру, рухани іс-шараларды ұйымдастыру сынды өзіне жүктелген жұмыстары болады. Сондықтан қабылданған Тұжырымдамаға сәйкес дін қызметкерлерінің, яғни Бас имам, наиб имам, ұстаз, молда, азаншылардың лауазымдық міндеті мен мәртебесі айқындалды. Бұдан былай дін мамандары жоғары лауазымды қызметтерге кезең-кезеңімен сатылап тағайындалатын болады. Және бұл форумда қабылданған келесі құжат – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұстанымын айқындайтын «Ханафи мәзһабы мен Матуриди сенім мектебі – Қазақстандағы Исламның дәстүрлі жолы» атты құжат. Бұл құжатты қабылдаудағы негізгі мақсат – дәстүрлі мәзһабымыз – Әбу Ханифа мәзһабын жалпы халық арасында, әсіресе жастар арасында кеңінен насихаттау болып табылады. Форум соңында «Ислам және Өркениет» атты ІІ Республикалық имамдар форумының арнайы үндеуі қабылданып, қатысушылардың бірауыздан мақұлдауына ие болды. Бұл үндеуде еліміздің мұсылмандарын бірлікке, татулыққа шақырып, халықты ұлтымыздың әдет-ғұрыптарын сыйлауға, зайырлылық принциптерді ұстануға және Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауында діни экстремизмді насихаттаудың алдын алу, әсіресе, интернет пен әлеуметтік желіде оның жолын кесу, радикалды көзқарасқа «мүлде төзбеушілікті» қалыптастыру қажеттігін атап өткені жеткізіліп, оны сөзсіз қолдау қажет екендігі айтылды. Және жоғарыда айтылған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұстанымын айқындайтын «Ханафи мәзһабы мен Матуриди сенім мектебі – Қазақстандағы Исламның дәстүрлі жолы» аталмыш құжатты қабылдаудағы, сөйтіп оны қолданудағы негізгі мақсат - Әбу Ханифа мәзһабының қағидаларын жалпы халық арасында, әсіресе жастар арасында кеңінен насихаттау болғандықтан, осы - бір мәзһабтың қағидаларын насихаттау арқылы діндарлардың ауызбіршілігін нығайтуға, шеттен сұғылып келген радикалды көзқарасты топтардың арандатушылықтарының жолын кесуге, олардың мұсылмандардың арасына жік салуына жол бермеуге қол жеткізетін боламыз. Алла тағала «Алі Имран» сүресінің 103-аятында: «Алланың арқанын (дінін) бекем ұстаныңдар және фирқаларға (түрлі топтарға) бөлінбеңдер» деп нұсқау берген. Бұл аяттағы «Алланың арқанын (дінін) бекем ұстаныңдар» дегеннің мағынасы – әркім өзінің Елінде қалыптасқан «әһлүс сүннә уәл жамаға» жолын, яғни мазһабын ұстануы және одан басқа топтарға бөлініп кетпеуі туралы айтылған. Сондықтан түрлі топтарға бөлініп алауыздық туындату Алланың нұсқауына қайшы әрекет жасау болып табылады. Біздің еліміздегі «Сәуадүл ағзам» жамағаты, яғни, қалыптасқан ең көп санды жамағат – Әбу Ханифа мәзһабы болып табылады. Сондықтан осы мазһабты ұстану бізге міндет, сондай-ақ басқа шеттен сұғылып келген түрлі пиғылдағы топтардың үгіттерінен жиренуіміз де қажет. 

Бірақ, өкінішке орай елімізге сұғылып кіргендеріне небәрі 20-25 жыл ғана болған, өздерін «сәләфилерміз» деп атайтын, алайда шынайы сәләф салихтарға ешқандай қатысы жоқ топ (ағым) өкілдері біздің Әбу Ханифа мәзһабына негізделген рухани кодымызды жоққа шығармақ болып: «Қазақтар осы кезге дейін таза дінді ұстанған емес, таза Исламды енді біз алып келдік» деп, сан ғасырлық тарихымыздағы діннің атқарған орасан рөлін бұрмалауға әрекет етуде. Және олар өздерін таза Исламды ұстанушылар деп дау салғандарымен, шын мәнінде олар мұсылмандардың арасына жік-бүлік салып Исламдық құндылықтарды жоюшылар болып табылады. Олар жер бетінің түрлі аймақтарында орын алып жатқан лаңкестік әрекеттердің барлығын «Ал-каида», «ИГИЛ» және солар сияқты тағы бірнеше лаңкестік ұйымдардың еншісіне таңып, тек соларды ғана айыптап, оларды лаңкестіктің қайнар көздері ретінде көрсетіп келеді. Ал негізінде олар лаңкестіктің қайнар көздері емес, тек оның салдары ғана. Ал оның түп себебі, яғни қайнар көзі – олар ұстанған «сәләфизмнің» идеологиясында. Ал бұл идеологияның негізі Ибн Тәймия мен Ибн Қаййымның Ибн Абдилуәххәб жетілдірген тағылымының тереңінде жатыр. Негізінен бұлардың ақидасы бүлік шығаруға өте бейім әрі жоқ жерден мін тапқыш болып келеді. Сондай ақау қасиеттерінің салдарынан, олар «Бидғат жасаушылармен жихад» деген де қағиданы ойлап тапқан. Бұл аса қауіпті қағида, өйткені ол арабтардан басқа әрқандай ұлттың салт-дәстүрлерін бидғаттардың қатарына жатқыза салуға, сөйтіп оларды орындаушыларға қарсы жихад жариялауға мүмкіндік береді. Негізінде, мұндай қағидаға арқау болатын бірде-бір нақты дәлел Құранда да, хадистерде де табылмайды. Сонда да сәләфилердің ғұламалары өздерінің ойларын шариғат қағидалары ретінде алға тартып: «Бидғатшылардың көбінен табылатыны сияқты, әлбетте, бидғаттар анық діннен қайтуға (шығуға) сүйрейді» деп пікір айтады. Ал расында бұл пікірді қолдайтын ешқандай дәлел жоқ. 

Олар өздерінен басқаның бәрін Ислам ақидасы мен қағидаттарын дұрыс түсінбейтіндіктері үшін айыптайды. Дегенмен бұған таңданудың қажеті жоқ, өйткені өздерінен басқаның бәрін білімсіз деп айыптай салу сәләфилерге біткен әдет. Сәләфилер біздің елімізде қол жеткізіліп жатқан орасан зор жетістіктерді көруден қатты қорқады, сондықтан оларды мойындағылары келмей «шариғатқа сай келмейдіге» шығарғылары келеді. Бірақ айды етекпен бекітіп болмағанындай, еліміздегі орасан зор жетістіктерді де жасыруға болмайды. Қандай елдің шариғат қағидаларына сай келетіндігі немесе сай келмейтіндігін ғұламалар Құран мен хадистердің үкімдеріне сай зерттеп, зерделеп, қағидаларын шығарып дайындап қойған. Әне сол қағидалар негізінде айтар болсақ, әрбір нәрсенің өз өлшеуі болғанындай, шариғаттың да өзіне тән өлшеулері бар. Осыған байланысты әрқандай ел шариғатта мақталған елдердің қатарына кіруі үшін Құран мен сүннада баяндалған 6 (алты) шартқа сай келуі керек. Бұл алты шарттың бесеуі Құран аяттарында, біреуі хадистерде баяндалған. Бұл шарттарға сай келетін ел «Көркем ел» деп аталуға да болады. 

Міне осы аталған алты шарт - «көркем ел» болу үшін қойылатын шарттар болып табылады. Енді осы алты шартқа біздің елдегі жағдайды салыстырып көретін болсақ: 

1-шарт: Көркем елдің белгілерінің бірі: «Көркем елде» бейбітшілік болуы, яғни, соғыс жағдайларынан аман болуы шарт. Аллаға шүкір, еліміздегі дәстүрлі ынтымақ пен ауызбірлік, көршілерімізбен арамызда орнаған шынайы достық қарым-қатынас – бейбіт өмір сүрудің кепілі. Демек, біздің ел бұл шартқа дәл сай келеді.

2-шарт: Көркем елдің халқы жайбарақат өмір сүретін болуы, яғни, тіршілік көзін іздеп өзге жұрттарда қаңғып, қиыншылықта жүрмеуі керек. Аллаға шүкір, еліміз Құранның бұл шартына да сай келеді. Халқымыздың дарқан пейіліне жараса Алла тағала кең байтақ жеріміздің үстін де, астын да қазынаға толы етті. Және Елбасымыздың дана басшылығының шарапатынан ел экономикасының үздік дамуы, халықтың ал-ауқатының күрт жақсаруына септік болды. Соның нәтижесінде азаматтарымыз тіршілік көзін іздеп басқа елдерде сабылып жүруге мұқтаж емес. Осындай жақсылықтарға жеткенімізге шүкір дей отырып, бұл шартқа да лайықты екендігімізді аңғарамыз.

3-шарт: Көркем елдің жері құнарлы болса да, құнарсыз болса да өсімдігі берекелі өніп шығып, берекелі өнім беруі. Әлбетте, еліміздің бұл шартқа да сай келуіне ешқандай дау жоқ. Еліміз егемендік алғалы адамзаттың басты азығы астықтан жыл сайын жоғары өнім алып келе жатқанымыз және еліміздегі диханшылық алқаптары жыл сайын гүлденіп, бау-бақшаға айналып, алқаптары кеңейіп келе жатқаны аятта аталған бұл шартқа да сай келетіндігін дәлелдейді.

4-шарт: «Көркем елдің» ырзығы әртараптан ағыл-тегіл келіп жататын болуы. Яғни, сол елдің өзінде өндірілмейтін азық-түліктер мен бұйымдарды саудагерлер, кәсіпкерлер басқа жақтардан ағыл-тегіл жеткізіп тұратын болуы. Еліміз дербестік алған (тарихи тұрғыдан) аз ғана уақыт ішінде, біз өзіміздің тіршілігімізге қажетті заттардың көбін өзімізде өндіруге қол жеткіздік, ал табиғи жағдайларға байланысты біздің аймақтарда өндірілмейтін жеміс-жидек сияқты және басқа да заттар біздің ырзығымыз ретінде алыс-жақын елдерден қажетті мөлшерде жеткізіліп тұр. Бұл көрініс еліміздің төртінші шарттың да талабына сәйкес келетіндігін көрсетеді.

5-шарт: Алланың берген жақсылығы мен нығметтеріне шүкіршілік ету. Бұл Аллаға иман келтіріп, оған құлшылық ету, адамдардың емін-еркін құлшылық жасауына мүмкіндік туғызу. Олай болса еліміз «көркем елдің» бұл шартына да сай келеді. Өйткені, осыдан санаулы ғана жылдар бұрын атеистік идеологияның құрсауында өмір сүріп келген халқымыз бұғаудан босап, кәрі-жасы жамағат болып мешіттерде еш кедергісіз өздерінің құлшылық рәсімдерін атқаруға бет бұрды. Қалаларымыз бен ауылдарымызда жаңа мешіттер бой көтеріп, жыл санап қажылар саны артуда. Құрбан айт мемлекеттік мейрам болып тойлана бастады. Діни басылымдар кеңінен таратылып, ғұламаларымыздың әсерлі уағыз насихаттары жүректерді тербеп, бүкіл әлемдердің жаратушысы Раббымызды тануға жол көрсетіп келеді. Бұл әрекеттер риясыз шүкіршіліктің белгілерінен болып табылады. Демек, Құранда келтірілген бес шарттың талаптарына еліміз түгелдей сай келіп тұр. 

6-шарт: Хадистерде келген алтыншы шарт ел басшысының ізгі де әділетті болуына қатысты. Атап өткеніміздей, қайсы бір ел алдыңғы қойылған бес шартқа сәйкес келсе, онда оның басшысы расында ізгі де әділетті болғаны және ол сол елге Алла тарапынан берілген сыйлық, маңдайына біткен бақ-дәулет деген қағиданы ескеретін болсақ, еліміз аталған шариғи талаптардың алтауына да сай келетіндігіне көз жеткіземіз және біздің Елбасымыз Қазақстан халқына Алла тағала тарапынан сыйлық етілген үлкен сыйлық, маңдайына біткен бақ-дәулет екендігін аңғарамыз. Бұл дегені, біздің еліміз шариғат тұрғысынан «көркем ел» деп аталуға лайық, сондықтан оның дәрежесін түсірмек болатын келімсек топтардың өшпенді сөздері қаңқудан басқа нәрсе емес екендігіне көз жеткіземіз. Мұны еліміздің барша мұсылмандары білуге, сөйтіп осындай ұлы игілікке жеткізген Алла тағалаға шүкіршілік етуге тиіс. 

Лайым жаратқан Алла елімізді аман, шаңырағымызды биік, іргемізді бекем еткей!

 

Зәріпбай ОРАЗБАЙ, 
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы
ғұламалар кеңесінің мүшесі

Последнее изменение Среда, 17 Май 2017 05:01
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.