Оразаны қалай өткiзiп жүрмiз?

Пятница, 24 Июнь 2016 05:55 Автор  Опубликовано в Дін Прочитано 5524 раз

Жанды рухани азықтандырып, нәпсімізді ауыздықтайтын отыз күн оразада әр мұсылманның жүрегіне мейірім орнайтыны анық. Бұл айда барша мұсылман жұртына таң атқаннан күн батқанға дейін ауыз бекітіп, ішіп-жеуден бас тарту парыз етілген. Қасиетті Құранда: «Ей, иман келтіргендер, күнәлардан сақтанып, тақуалыққа жетулерің үшін сендерге бұрынғыларға парыз етілгендей ораза парыз етілді (Бақара, 185-аят)» делінген. Ел алдында жүрген тұлғалар Рамазан айын қалай өткізуде? Осы орайда, өңірімізге белгілі азаматтар арасында қысқаша сауалнама жүргізген едік.

Бакытжан-ЖаксыкуловБақытжан ЖАҚСЫҒҰЛОВ,
Шымкент қалалық №4 Л.Тәжиева атындағы спорт мектебінің директоры:

– Әр жыл сайын Алла Тағала бізге күнәміздан арылып, үлкен сауапқа бөленетін мүмкіндік береді. Әрине, әр түрлі жағдайларға байланысты біз бұл сауаптан қағылып қалып жатамыз. Алайда, қолымнан келгенше ауыз бекітіп, күнәлардан арылатын мүмкіндікті жібермеуге тырысамын. Жалпы өзім соңғы бірнеше жыл қатарынан Ораза айларын асыға күтіп, ауызымды бекітетінмін. Биыл өздеріңіз білетіндей әлем назары ауатын Рио олимпиадасы өз желкенін көтермек. Өзім таяуда Филиппинде өткен Азия чемпионатынан оралдым. Сондықтан биыл ауыз бекіте алмадым.

 


БатырханБатырхан СӘРСЕНХАН,
ақын:

– Құдайдың нұры түскен айдың маңызы ерекше. Пайғамбарымыз (с.а.с.) «Рамазанның бастапқы он күні Рақым ету, ортаңғы он күні күнəлардан арылу, соңғы он күні тозақ отынан құтылу» деген. Аптап ыстықта тұтқан ораза о дүниеде қалқан болар деген ниетпен рамазан айында мейлінше Құдайға жақындауға тырысудамыз. Кешқұрым ауызашарда бауырлармен қауышып, бірімізге-біріміздің мейіріміз артатыны бар. Мешіттерде шамасы жеткендер күн сайын ауызашар беруде. Бұл қуантады. Мұсылмандардың бірлігін нығайтатын мерекелердің көп болғаны жақсы. Мұндайда Абайдың: «Біріңді, қазақ, бірің дос көрмесең, істің бəрі бос» дейтін қанатты сөзі ойға оралады.
Нақты мықтап биылдан бастап тұтудамыз. Қазақта «ас ішіп ауырғанша, аш жүріп ауырма» деген сөз бар.Тамақтан өтетін өнімнің сапасы мен мөлшеріне мəн бермеуден болатын дерт түрі шаш етектен. Əрі аш жүргенде ғылымға тиісінше көңіл бөлуге болатынын түсіндім. Ізденіс ауқымы кеңи түседі. Мінез бекиді.



ҒалымжанҒалымжан ҚАЛЫБАЕВ, 

театр артісі:

 

– Биылғы Рамазан айы 36 жылда бір келетін аптап ыстыққа сәйкес келіп тұр. Бұл да, Алланың құлдарына деген мейірімі шығар. Күн ыстық болған сайын оның сауабы да мол болады. Рамазан айында денсаулығын сылтау етіп ораза ұстамайтын бауырларымыз бар. Бұл – дұрыс емес. Негізі көп аурудың шипасы – осы ораза. «Жақсы ас – ем, артық ас – у» деген бар қазақта. Уақытымен ішкен ас керемет көңіл күй, күш-қуат береді. Мөлшерінен асып, қанағатшылықты ұмытып ішкен ас у болады. Рамазан отыз-ақ күн. 
Меніңше, қасиетті айымызда болатын діни жоралғылар орындалып жатыр. Осыдан бір-екі күн бұрын үлкен ауызашарға бардым. Сол жерде керемет жарапазандар айтылды. Негізі, жарапазан ифтар уақыты болғаннан кейін басталып таңғы сәресіне дейін жалғасатын мереке ғой. Жарапазанның ішінде тілек, бата, дұға да бар. Үйге келген жарапазаншыларды құрметпен қарсы алып, сый-сыяпатын беру керек.

Нұрбол НЫШАНБАЙ,
Алуа ТҰРСЫНХАН, 
Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ студенттері

Последнее изменение Пятница, 24 Июнь 2016 06:07
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.