Дана бабалардың атынан қажылыққа барады

Пятница, 11 Сентябрь 2015 05:44 Автор  Опубликовано в Дін Прочитано 4515 раз

dana babalardin atynan 37Қажылық сапары мен Құрбан айт мерекесіне орай «Оңтүстік ақпарат» баспасөз орталығында брифинг өтті. Оған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өкіл имамы Ахметжан қажы Керімбек, ОҚО бойынша өкіл имамының орынбасары Мұхамеджан Естеміров және Шымкент қалалық А.Қаттани мешітінің бас имамы Бағдәулет Абдрахманов, сонымен қатар облыстағы қажылық ұйымдастырушы туристік фирмаларының басшылары мен мешіт имамдары қатысты.

Брифингтің басында облыстың бас имамы А. Керімбек діни басқарманың қолдауымен өңірімізде атқарылып жатқан игілікті істерге тоқталып, оларды жан-жақты баяндап өтті.
– Облыстық орталық мешіттің тікелей ұйытқы болуымен ағымдағы жылдың 1-30 тамызы аралығында облыс бойынша «Мектепке жол» қайырымдылық шарасы жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Оған өңіріміздегі барлық аудан, қалалалардағы мешіттер атсалысты. Жалпы, аталған акция аясында облыс көлемінде 1572 көмекке мұқтаж отбасыға жалпы құны 7 миллион 800 мың теңге шамасында көмек көрсетілді. Сондай-ақ, облыс әкімдігінің қолдауымен Шымкент қаласында орналасқан «Шымкент» және «Сарыағаш» медреселерінің жанынан имамдардың білімін жетілдіру курстары бойынша наурыз-мамыр айларында 212 имам білім алып шықты. Ал, қалған 965 имам қыркүйек-желтоқсан айларында білімдерін жалғастырмақ, – деді Ахметжан қажы Керімбек.
Бас имам брифингте облыстағы діни оқу орындарының бағыт-бағдарын түсіндіріп, ондағы бітіруші түлектердің жұмыспен тиісті деңгейде қамтамасыз етіліп отырғанын да тілге тиек етті. Бас имамның мәлімдеуінше, биыл облыстағы «Шымкент» медресесін 31 ер және 18 қыз-бала, ал «Сарыағаш» медресесін 24 шәкірт бітіріп шыққан. Ал, «Нұр Мүбарак» Ислам мәдениеті университетінің 15 студенті оқуын тәмамдап, елге келіп қызмет етуде. Айта кетерлігі, бұл оқу орындарын бітіруші шәкірттердің бәрі де бүгінде толық жұмыспен қамтылып отыр.
Жиында имамдар биылғы қажылық сапары мен Құрбан айт мерекесіне қатысты ойларын ортаға салып, осы мәселелер бойынша БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.
– Мұсылманның қасиетті парызының бірі – қажылықты орындау. Бұл орайда биыл республика бойынша 4000 азамат қасиетті сапарға аттанады. Оның ішінде 1800-ге жуығы (45%) біздің облыстың еншісінде. Ерекше атап өтерлік жайт, биыл қажылыққа елімізден тікелей әуе рейстері ашылып отыр. Қазақстан мен Сауд Арабиясы Корольдігі арасында қабылданған меморандумға сәйкес, еліміздің қажыларын тасымалдау құқығы «FlyNas» халықаралық әуе компаниясына берілді. Енді Алматы-Жидда-Мәдина-Алматы бағыты бойынша тікелей рейстер орындалады. Қажылардың ұшып кету уақыты үстіміздегі жылдың 11-16 қыркүйек, ал ұшып келу уақыты 27 қыркүйек пен 7 қазан аралығында жүзеге асады, – дейді ОҚО бойынша өкіл имамының орынбасары Мұхамеджан Естеміров.
Қазіргі таңда қажылыққа ниет еткен облыстағы азаматтар тіркеуге алынып, оларға екпе жұмыстары аяқталыпты. Сапарға шығатын жолаушылар үшін облыстық мешітте қажылық кезінде атқаратын ережелер мен тәртіптерін түсіндіруге арналған бірнеше курстар өткізілген. Жалпы, биыл облыстан қажыларға жетекші ретінде үш имам аттанбақ. Сонымен қатар, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының демеушілігімен екі ауыл имамы қажылыққа тегін барып- келу құрметіне ие болып отыр.
Брифингте белгілі болғандай, Елбасы Н. Назарбаевтың бастамасымен өтетін «Қазақ хандығына – 550 жыл» мерекелік шарасына орай, шариғат талабына сәйкес, биыл қазақ билері мен хандары атынан бәдел қажылық ұйымдастырылмақ.
– Мұндағы мақсатымыз – халық қадірлеген даналардың өнегелі істерін дәріптеу, олардың рухына тағзым ету, – дейді ОҚО бойынша өкіл имамы Ахметжан қажы Керімбек. – Халыққа түсінікті болу үшін баяндап кетейік, бәдел – бұрын қажылыққа барып келген адамның өзге адамның атынан жасалатын қажылық делінеді. Аталған шара тұңғыш рет қолға алынып отыр. Бұл парызды орындау мақсатында облыс имамының орынбасары Мұхамеджан Естеміров үш жүздің басын қосқан қазақтың көрнекті тұлғасы Абылай ханның атынан, шешендігі мен турашылдығы арқылы халықтың жүрегінен орын алған әз Төлеби бабамыздың атынан Төлеби ауданының бас имамы Самат Анарбаев бәдел қажылық парызын өтеп қайтуға ниеттеніп отыр.
Жиын барысында Шымкент қалалық А.Қаттани мешітінің бас имамы Бағдәулет Абдрахманов сөз алып, Құрбан айт мерекесі және құрбан шалудың сауабы мен тәртібі туралы түсіндіріп өтті. Оның айтуынша, қасиетті Құрбан айт мерекесін қала мешіттерінде жоғары деңгейде атап өту үшін бірқатар жұмыстар қолға алынған. Яғни, алдағы айт мерекесі күндері мешіттерде ұлттық-салт дәстүрге сәйкес өткізіледі. Онда ұлттық ойын түрлерінен сайыстар ұйымдастырылып, мерекелік дастархан жайылады. Еске сала кетейік, биылғы Құрбан айт намазы Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша 24 қыркүйек күні сағат 08.00-де бір уақытта оқылады.

С. ТАСТАНБЕК

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.