Ерекше архитектуралық үлгіде бой көтерген демалыс орны қала орталығындағы «Қиял әлемі» саябағы жанынан орын тепкен. Бейбітшілік көшесінің Республика даңғылынан Әл-Фараби алаңына дейінгі бөлігі тұтас демалыс орнына айналып, су бұрқақтары орнатылды. Көпшілік сейіл құратын аймақтағы жаяу жүргіншілер жолы 12 сәулеттік мүсінмен ерекшеленеді. 200-ге жуық сәндік ағаш егіліп, бір бөлігі көгалдандырылды.
Салтанатты рәсімде қала әкімі тұрғындарды мерекемен құттықтады.
– Өздеріңізге белгілі, Елбасының биылғы 19 маусымдағы Жарлығымен Шымкент республикалық қала дәрежесін алып, жаңа тарихи кезеңі басталды. Миллион тұрғыны бар мегаполис күн сайын көркейіп келеді. Міне, мерейлі мереке – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнінде де қаламызда жаңа Арбат ел игілігіне беріліп отыр. Бұл көрікті аймақ Шымкент тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орнына айналатынына сенімдімін! - деді
Ғабидолла Әбдірахымов.
Қала әкімі осы демалыс орнын салуға атсалысқан әр қызметкерге алғыс білдірді. Шымкенттіктерді мерекемен Зауытбек Қауысбекұлы мен Жансейіт Қансейітұлы да құттықтап, миллионды қалада атқарылып жатқан тындырымды істерді атап өтті.
Айта кетейік, бұл Арбат тек көркімен ғана емес, қала тұрғындарының тынығуына ыңғайлы болуымен ерекше. Демалыс орнының бір бөлігі шығармашалық иелеріне шабыт сыйласа, суретке түсуді ұнататын жандарға арнайы селфи-аймақ жабдықталған.
Сондай-ақ, Арбаттың ортасында граниттен Қазақстанның атлас-картасы жасалды. Жалпы ұзындығы 430 метр аймақта көлік қатынасына шектеу қойылып, екі қапталдан велосипедпен серуендеу үшін арнайы веложолақ салынған. Ал Арбаттың екі жағындағы үйлердің қасбеттері көріктендірілді.