Шымкентте жаңа әуежай салынады Избранное

Пятница, 20 Октябрь 2017 09:48 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 4894 раз

Бұл туралы ОҚО сәулет және құрылыс басқармасының басшысы Еркін Жүсіпов облыс аймағында жүргізіліп жатқан құрылыс барысы жөніндегі брифингте мәлімдеді.

shymkala-83-3

Басқарма басшысы өңірімізде атқарылған және алдағы жұмыс жоспары туралы айтты. Ағымдағы жылдың 9 айында басқарма жұмысы 99 пайызға орындалған. Сонымен қатар, қала және аудан аймақтарынан 40-тан аса сәулеттік жобалар әзірленген.

Ал алдағы уақытта қолға алатын жобалардың ішінде қала ішінде парктер салу. Өңірімізде «Шатқал» бағдарламасы бойынша 17 шатқал Шымкент қаласын кесіп өтеді. Сол 17 жерден үлкен саябақтар бой көтермек. Әрқайсысының көлемі 4-5 шақырымды құрайды. Мәселен, жоба бойынша Бозарықтың айналма жолында үлкен Университеттік қалашық бой көтереді. Сол екі ортаға «Ұлы Дала елі» саябағы салынып, тарихи-мәдени ескерткіштер қойылмақшы. 

Сондай-ақ, брифингте қаладағы жаңа әуежай туралы сөз болды. Жоспарға сәйкес қазіргі әуежай кеңейтіліп, қала сыртынан жаңа әуежай салынатын болады. 

– Шындап келгенде қаладағы әуежай талапқа сай келмейді. Біріншіден, ол жерде әскери базаларымыз бар. Екіншіден, келіп-кететін ұшақтардың барлығы қала үстімен ұшады. Және қонақтарға қызмет ету үшін тарлық етеді. Қазірше кеңейту жұмыстарын жасайтын боламыз. Ескі әуежай өз орнында қалады. Бұлардан кейін бізде жергілікті ұшу және кіші авияция пайда болады, – дейді ОҚО сәулет және құрылыс басқармасының басшысы Еркін Наурызбайұлы. 

Қазір жаңа әуежайдың орнына екі нұсқа ұсынылып отыр. Бірі қаладан 20-30 шақырым қашықтықтағы Түркістан бағытында Ордабасы аумағында. Екіншісі, Түлкібас ауданы бағыты бойында. 

Сонымен қатар, темір жол вокзалын да ауыстыру жоспарда бар. Нақтырақ айтсақ, жүк және жолаушылар вагонын екі жақтан қабылдау. Ал қазірше ескі вокзалды кеңейту, жаңбыр, қардан қорғайтын бастырмалар салу жұмыстары жүргізілетінін мәлімдеді. 

Қала ішіндегі «Шымтөбенің» орнында бұрын «Қарауылтөбе» болған. Бұл Шымкенттің ең биік жерінде және қақ ортасында орналасқан. Сол жерде үлкен аймақты барлайтын, шолып қарайтын ғимарат болады. Бұл бүкіл қаланы көретін мұнара ғана емес, мұражай, тамақтанып, сейіл құратын орталық болмақ. 

Бұлардан бөлек, «Ескі қалашықтағы» төбешіктің және Қошқар ата өзенінің бойында «Арбат» салынады деп күтілуде. 

Шымкент қаласында дәл қазір «Шымкент сити» қалашығының құрылысы жүріп жатыр. Сол жерде 10 мың орындық «Шымкент Арена» спорт сарайы пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, өнер орталығы мен Оқушылар сарайының жобалары да әзірленген.

Сапарғали ҚАНАТ

2015 жылы Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «J-Group Production» аутсорсинг компаниясында журналист, сценарист, «Білім-Инновация» ХҚҚ-на қарасты «Сана» журналында журналист болып еңбек еткен. 2017 жылдың қаңтарынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.