биыл 13 көпқабатты үйдің құрылысын аяқтау жоспарланған
Елімізде тұрғын үймен қамту ісі жылдан-жылға жанданып келеді. Ал миллионды қала атанудың аз-ақ алдында тұрған Шымкент қаласында мемлекеттік бағдарламалар арқылы баспана кезегіне тұрғандар саны 30 мыңға жуықтады. Қазіргі таңда мегаполисте бірқатар көпқабатты тұрғын үй құрылысы аудан-ауданда бой көтеріп үлгерді.
Мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында тұрғын үй құрылысы облыс көлемінде жоспарға сай жүргізілуде. Бағдарламада екі бағыт бар. Оның бірі – жергілікті атқарушы органдар арқылы жүзеге асса, екіншісі «Бәйтерек Девелопмент» акционерлік қоғамы арқылы салынатын үйлер.
Облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлының тапсырмасына сәйкес, Әкімшілік-іскерлік орталығындағы жалпы аумағы 31,6 мың шаршы метрді құрайтын 558 пәтерлік 11 үй «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы пайдалануға берілмек.
Әкімшілік-іскерлік орталығында бүгінде бірінен-бірі асып, көз тартатын құрылыс нысандарының жұмысы қарқын алған. Бұлардың көбі – тұрғын үйлер. Сондай-ақ, орам орталығынан 1200 орындық мектептің құрылысы басталған. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында «ТҮҚЖБ» үлестіретін 11 көпқабатты тұрғын үй кешені де осы аумақта орналасқан.
– Банк облыста «Өңірлерді 2020 жылға дейінгі дамыту» мемлекеттік бағдарламасының тұрғын үйге қатысты барлық жұмыстарын толығымен аяқтады. Қазір «Нұрлы жол» бағдарламасы аясындағы өңірлік жобаларды іске асыруда. Биылдан бастап мемлекеттік жаңа «Нұрлы жер» бағдарламасын қолға аламыз, – дейді «ҚТҮҚЖБ» АҚ ОҚОФ директорының орынбасары Жансерік Нарбайұлы.
Бұрын «ТҮҚЖБ» салымшылары тұрғын үй депозитін ашу үшін алынатын комиссия көлемі шарттық соманың және депозиттің арттыру сомасының 0,55%-ын құраған еді. 2017 жылдың 3 сәуірінен бастап директорлар кеңесінің шешімімен тұрғын үй құрылыс жинақтары шартын жасаған салымшылар депозит ашу үшін банкке жарна төлемейді.
Банк салымшылары тұрғын үй конкурсына қаражаттың тек 50%-ын жинаған соң қатыса алатын. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында қолға алынған тағы бір сәтті бастама: қазір олар баспана бағасының 30%-ын жинаса, конкурсқа қатысу мүмкіндігіне ие болады.
Жансерік Нарбекұлының айтуынша, Әкімшілік-іскерлік орталығындағы 9 қабатты тұрғын үйге конкурс биыл жыл соңына қарай жарияланады.
– Мемлекеттік бағдарлама аясында «ТҮҚЖБ» филиалы арқылы 11 жылдан бері 3,5 мыңнан астам отбасы баспаналы болды. Ал өз бетінше депозитте салым жинақтап, жеңіл пайызбен нарықтан баспана сатып алған тұрғындар одан 3 есе көп. Қазір облыста біздің 46 мың салымшымыз бар. Олар банкте 24 миллиард теңге жинақтап отыр, – дейді Ж.Есімов.
Прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері және халықтың барлық санатына арналған тұрғын үйлерді салу бойынша Банк пен «Шымкент» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы келісім жасаған. Онда 2017 жылы жалпы аумағы 46,2 мың шаршы метрді құрайтын 13 үйдің құрылысын аяқтау жоспарланған. Әкімшілік-іскерлік орталығында құрылысы жүріп жатқан көпқабатты үйлердегі барлық пәтер саны – 622. Жоба бойынша 9 қабатты нысандардың 1-ші қабаты сауда-саттық орындарына және басқа да қызметтерге арналмақ.
Әкімдік бағытымен салынатын тұрғын үйлердің 1 шаршы метрі 140 мың теңгеден аспайды. Ал жекеменшік үйлердің бағасы инженерлік коммуникацияларды қоса есептегенде, шаршы метрі 180 мың теңгеден бағаланып отыр.
Қорыта айтқанда, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 2018 жылға дейін банк желісі арқылы облыста 226,2 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған.