Кәріз мәселесі біртіндеп шешіліп келеді

Пятница, 19 Апрель 2024 07:34 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 244 раз

kariz-maselesi

Шымкент қаласында 81 елдімекеннің 78-і сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілсе, Құрсай, Сайрам, Қайнарбұлақ елдімекендері ауыз суды кестемен тұтынады. Биыл осы аталған елді мекендер мен Қайтпас-1, Бозарық тұрғын алабының жаңа құрылыс аумақтарын ауыз сумен толық қамту жоспарлануда.

Осының нәтижесінде елді мекендерді ауыз сумен қамту деңгейі 100%-ға жетеді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз жиынында Шымкент қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы басшысының орынбасары Азат Қайнарұлы мәлімдеді.

Брифинг барысында басқарма тарапынан өткен жылы атқарылған жұмыстар мен жетістіктер, 2024 жылға арналған жоспарлар айтылды.

Басқарма басшысы орынбасарының айтуынша, қаладағы ең өзекті мәселе – кәріз жүйесі. Шаһардағы 25 шағынауданның халқы, яғни 713,5 мың адам кәріз жүйесімен қамтылған. 2023 жылы 9 нысанның құрылыс жұмыстарына 8,6 млрд. теңге бөлініп, көпқабататты тұрғын үйлермен қоса 60 мыңға жуық адам кәріз жүйесіне қосылуға мүмкіндік алды.

Сонымен қатар, 2024 жылы 2 магистральды кәріз коллекторының (Тұраннан КОС-қа дейінгі магистраль, Шымсити коллектор) және 6 ішкі орамдық жүйенің (Мирас-Шапағат-2, Нұртас, Тұран, Айқап, Қайтпас-1, Солтүстік-Батыс) құрылыс жұмыстарын жүргізуге бюджеттен 12,8 млрд.теңге жоспарланып отыр. Құрылыс жұмыстары сәуір айынан басталды.

Электр жарығымен қамтамасыз ету бойынша қазіргі таңда 81 елдімекен толық сапалы электр қуатымен қамтылған.

2024 жылы 4 елді мекеннің (Сайрам, Бозарық, Асар-2, Құрсай) жаңа құрылыс аумақтарын сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету бойынша 2024-2025 жылдарға жоспар құрылған.

– Жақында ғана Асар-2 елді мекенінде РП-10кВ электр станциясы іске қосылды. Жергілікті халықты сапалы жарықпен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар былтыр қараша айында басталды. Қала басшысының тапсырмасына сәйкес құрылыс мерзімінен бұрын аяқталып, нәтижесінде 1150 абонент үздіксіз электр қуатына қол жеткізді, – деді Азат Қайнарұлы.

Шымкент қаласы бойынша орталық маңызы бар 747 көшенің 522-сі жарықтандырылған. 2023 жылы 90 көше жарықтандырылып, көрсеткіш 69%-дан 70%-ға өскен.

2024 жылы басқарма тарапынан Тұран шағынауданындағы магистральды 13 көшені жарықтандыру, аудан әкімдіктері тарапынан 5 аудан көлемінде 1000-ға жуық көшені жарықтандыру жоспарлануда.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.