Ескерткіштер – ел тарихы

Пятница, 19 Апрель 2024 06:46 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 231 раз

eskertkish

Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күні 1984 жылдан бастап дәстүрлі түрде 18 сәуірде аталып келеді. Айтулы күнді 1983 жылы ЮНЕСКО жанындағы Ескерткіштер мен көрнекті орындарды қорғау мәселелері жөніндегі Халықаралық кеңес Ассамблеясы белгілеген. Бұл тарихи ескерткіштерді сақтау және мәдени мұраны қорғау мәселелеріне қоғамның назарын аудару.

Қазақстан Республикасының аумағындағы тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау, қалпына келтіру және пайдалану ісі 2019 жылы 26 желтоқсанда қабылданған «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңының талаптарына сәйкес атқарылып, реттеледі.

Осы Заңның 5-бабына сәйкес, тарихи және мәдениет ескерткіштерге:

1) Археология ескерткіштері;

2) Қала құрылысы және сәулет ескерткіштері;

3) Ансамбльдер мен кешендер;

4) Киелі объектілер;

5) Монументтік өнер құрылыстары жатады.

Археологиялық ескерткіштерге – тұрақтар, қалашықтар, көне кесенелердің, қоныстардың, бекіністердің, өндірістердің, арналардың, жолдардың қалдықтары, қорымдар, қорғандар, некропольдер, тас мүсіндер, петроглифтер, ежелгі елді мекендердің тарихи-мәдени қабатының учаскелері және адамның өмірі мен қызметінің ізі бар өзге де орындар жатады.

Ескерткіш – өткен тарихымыздың белгісі. Әрбір ескерткіштің тарихи мағынасы зор. Ескерткіштер – ел тарихы, ал тарихи-мәдени мұра – халық тарихының аса маңызды айғағы.

Қазақ жерінде тарихы терең, мән-мағынасы жоғары қасиетті өлкелер жетерлік. Сондай киелі жерлерді бауырына басқан аймақтың бірі – Шымкент қаласы. Шымкент қаласы аумағы археология ескерткіштері қатарында Шымкент қалашығы (б.з.д. ІІ-б.з.ХІХ ғ.ғ.) жатады. Шымкент – 2200 жылдық тарихы бар еліміздегі ең көне қалалардың бірі.

«Шымкент ескі қалашығы» Шымкент қаласының оңтүстік бөлігінде Бадам және Қошқар ата өзендерінің арасындағы биіктікте орналасқан. Қалашық б.з.д ІІ ғасыр мен ХІХ ғасырдың екінші жартысын қамтиды.

2003-2004 жылдары әкімшіліктің қолдауымен, 2004-2008 жылдары «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасымен археологиялық қазба жұмыстары жүргізілген. Археологиялық қазба жұмыстарын археолог, тарих ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі Бауыржан Байтанаев басқарған. 2003-2020 жылдардағы қазба нәтижесінде қаланың 2200 жылдық тарихы бар екендігін дәлелдеген.

Шымкент қаласы орталығында өзінің тарихи өзегі – Цитаделін сақтап қалған Қазақстандағы жалғыз   қалалық құрылым болып табылады. Қалашық өз заманында үш бөліктен тұрған: Цитадель, Шахристан және Рабат.

2019 жылдың қараша айында ЮНЕСКО-ның шешімімен қаланың 2200 жылдық тарихи жасы мойындалып, 2020 жылғы Халықаралық іс-шаралардың тізіміне енгізілді.

Қалашықтың жалпы аумағы 4,5 га жерді қамтиды. Бастапқы келбеті сақталынған археологиялық аймақ – ашық аспан астындағы музей. Қазба жұмыстары нәтижесінде қалашықта әртүрлі кезеңдердің мәдени қабаттары ашылған:

- Х-ХІІ ғасырларға тиесілі Қарахан мемлекеті дәуірінің тұрғын үй жайларының орны;

- ХVІ-ХVІІ ғасырларға тиесілі Қазақ хандығы түсындағы тұрғын үйлердің орындары;

- ХVІ – ХІХ ғасырларға тиесілі Жасанды су тоғаны (Хауыз);

- Қазақ хандығы тұсындағы Ұстахана орны;

- Бекініс дуалдары және оған жапсарлас орналасқан казармалық бөлмелер;

- Бекініс дуалдарында орналасқан мұнаралардың орындары;

- Қалашықтың ішкі бекінісі - Цитадель орны;

- ІІ-ІV ғасырларға тиесілі Діни ғибадатхананың орны;

-Жер асты қоймасының орны және т.б. қазба орындары ашылған.

Археологиялық аймақтың 3,0 га жерінде зерттеу жұмыстары, консервациялық және реставрациялық жұмыстары жүргізілген. Бұл археологиялық нысан жасалуы мен дизайны жағынан өзінің түпнұсқасына жақын, бастапқы келбеті мен бекініс жүйесіне келтірілген. Шахристанның Оңтүстік шығыс және шығыс аймағына қазба жұмыстары жүргізіліп консервацияланған.

Қазіргі таңда ескі қалашықтың шығыс аймағында жануарлардың сүйектерінен, керамика бөлшектерінен төселген жол, тұрғын үй жайларының арасынан өтіп, шахристанның солтүстік бөлігіне дейін созылған. Бұл жолдың бойында қыш ыдыстар өндіру шеберханасы мен тереңдігі 12 метрді құрайтын құдықтың орны болғандығын болжанып отыр.

Сонымен қатар, Шымкент қалашығында қазба жұмыстардың нәтижесінде   цитадельдің оңтүстігінде орналасқан б.з. ІІ-ІV ғғ. ғибадатхана ашылды. Бұл діни ғибадатхана археологиялық қазба жұмыстардың нәтижесінде толықтай консервацияланған.

Қамалдың қорғаныс қабырғасына жапсарлас салынған шығыс мұнарасының өзіндік тарихы сақталған. Бұл – жаугершілік заманда қала халқына қауіп төнген жағдайда жаудан қорғану қызметін атқарған жерасты бекінісінің құрылысы. Оның үстіңгі бөлігі алыстан келе жатқан қауіптің алдын алу мақсатында тұрғызылып, оған дайындық белгісін беретін қарауылдық қызметін атқарған. Мұнара жолды бағдарлау мен жауды бақылау үшін және келе жатқан жауға қарсы шабуыл жасау   үшін де пайдаланған.

Кешен аумағындағы қазба жұмыстарының нәтижесінде табылған бөлмелер мен қорғаныс мұнарасының орны қайта қалпына келтіріліп, экспозициялық залдары бар үш музей бой көтерген:

- Цитадель музейі;

- Жер асты бекінісі музейі;

- Ұстахана мен ұстаның баспанасы музейі;

Бүгінде «Ескі қалашықты» келіп тамашалаушылырдың саны артуда. «Шымкент ескі қалашығы» – жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген Қазақстан Республикасының археологиялық объектісі.

 

Н.ТӨЛЕЕВА,
«Шым қала» тарихи-мәдени кешенінің ғылыми қызметкері

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.