Қалған ағаштарды отырғызу жұмыстары толығымен желтоқсан айында аяқталады. Бұл туралы Шымкент қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әбілхайыр
Бақытқалиұлы баспасөз брифингінде баяндады.
–Шымкент қаласы қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасына қарасты қала аумағында 891 шақырымды құрайтын 443 магистралды көше бар. Аталған көшелердің санитарлық және механикалық тазалау жұмыстарын 5 мекеме атқаруда. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік тарапынан биыл 110 су ұңғымасын қазу жоспарланған. Қазіргі уақытта 84 ұңғыма қазылды. Қысқы маусымға 155 арнайы техника дайын. Өткен жылмен салыстырғанда қар күреуге арналған техникалар саны 87 данаға көбейтілді. Инертті материалдар қорына тоқталсақ 31594м3 құм, 6690 тонна тұз бар, – деді
Ә.Бақытқалиұлы.
Сондай-ақ, брифингте ерекше қорғалатын табиғи аймақтарда атқарылатын жұмыс барысы және жоспарымен таныстырды. Ондай аймақтардың бірі дендрологиялық саябақ болып табылады. Ғылыми аймақта орналасқан жылыжай арнайы кленкамен жабдықталып, қыс мезгіліне дайындалған. Жылыжай аумағында гинко, каркас, эводия, анар, лапина, хилокатальпа, барбарис, ленкоран альбициясы, қызыл арша сынды 30-дан астам ағаш түрлері өсірілуде. Дендросаябақ аумағындағы жарық шамдар толығымен ауыстырылып, ағаштардың жай-күйін түгендеу, бағалау және топырақ құрамын анықтау мақсатында сараптама өткізілген. Сараптама қорытындысына сәйкес, жалпы ағаштар саны — 74 560 түп, бұталар саны — 4 615 түп, ал ағаш-бұталардың гендік қоры 214 түр екендігі анықталыпты.
Айта кетейік алдағы жылы индустриалды аймақтарға да ағаш отырғызу қолға алынады. Сондай- ақ егілген әрбір ағаштың жай-күйін, өсуін бақылайтын «Жасыл екпе» атты екпе паспорты жобасы іске асырылады.
Гүлнұр БАЛАБАСОВА