Шымкент аумағында бүгінде ауыл шаруашылығына жарамды жер көлемі 56,6 мың га құрайды. Биыл егістік жерлердің 27,5 мың гектары игеріліп, әртараптандырудың нәтижесінде дәнді-дақылдар – 11,4 мың га, майлы дақылдар – 3,6 мың га, мал азықтық дақылдар – 8,9 мың га, картоп – 0,5 мың га, көкөніс және бақша дақылдары – 3,1 мың га алқапқа егілді. Егістіктен 87,1 мың тонна өнім жиналады деп күтілуде. Күзгі жиын-терім жұмыстарын жүргізу үшін дихандарға 44,3 тонна жанар-жағармай жеңілдетелген бағамен – 245 теңгеден босатылады.
Бүгінде қалада жылу беру маусымына дайындық жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасуда. Жалпы, республика бойынша 593 шақырым жылу желілеріне жөндеу жұмыстары жоспарланып, бүгінде оның 64,4 пайызы жөнделген. Жұмыстар 50-ден 75% дейін орындалған өңірлер арасында Шымкент қаласы бар. Мегаполисте қолданыстағы жылу жүйелерін қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.
№1 қазандықтың жөндеу жұмыстарын 20 қыркүйекке дейін аяқтау жоспарланған. Бөлек орналасқан 23 жылу қазандығынан бүгінде 19-ы қысқы маусымға дайын, қалған қазандықтар бойынша әзірліктер 15 қыркүйекке дейін толық аяқталады. Сондай-ақ қаладағы 2076 көпқабатты тұрғын үйдің жылу жүйелерінің дайындығын күшейтіп, 1 қазанға дейін аяқтау жоспарланған.
Премьер-Министр жергілікті әкімдерге тиісті министрлікпен тығыз байланысып, егістіктердегі шараларды уақтылы жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ осыған дейін жылу беру маусымында жіберілген кемшіліктерді ретке келтіріп, дайындықтарды күшейтуді ескертті.
Жалпы, қаланың қысқа дайындық жұмыстарының барысы, күзгі жиын-терімге қатысты шаралардың барлығы да М.Дүйсенбекұлының тікелей бақылауында. Бұл ретте апта сайын тұрақты мониторинг жүргізіліп отыр.