ОНЛАЙН КУРС: тиянақты білім бе, әлде табыс па? Избранное

Среда, 17 Август 2022 04:20 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 2111 раз

Пандемия адамзат өміріне көптеген өзгеріс әкелді. Соның ішінде білім жүйесіне қашықтан оқытудың түрлі платформалары енгізілді. Яғни ғаламтордың дамуымен білім алудың мүмкіндіктері артты. Бұл оқушы немесе студент, тіпті, ілім алам деген кез келген жастағы адамдар үшін дамуына және әркімнің күн тәртібіне сәйкес келетін кестені орнатуға мүмкіндік берді.

300

 

Сондықтан болар, әлеуметтік желіні ашып қалсаң, кез келген салада білім-білікті жетілдіруге, дамытуға, тіл үйренуге шақыратын түрлі жарнамалардан көз сүрінеді. Соның бірі – онлайн тіл меңгеру курстары. Орыс, ағылшын, түрік, араб... қай тілді меңгергіңіз келеді, үйретуге дайын. Тіл білмейтін адамнан тіпті екі айда оң нәтиже шығарады екен. Мәселен, мектеп қабырғасында үйрене алмаған орыс, ағылшын тілін 2 айда онлайн меңгеру мүмкін бе?
Білім саласында 10 жылдық тәжірибесі бар Жанар Мергенбаева Қызылорда педагогикалық институтының орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын бітірген. Қазіргі уақытта «Russkaya rech» онлайн курсының оқытушысы. Онлайн сабақ беріп жүргеніне төрт жылға жуықтапты. Сол аралықта орыс педагогы
В.Шаталовтың методикасын қолдану арқылы 3 000 студентті оң нәтижеге жеткізген.
– Жасөспірімдердің көбі орыс тілінде грамматикалық қателерді көп жібереді және өз ойын ашық жеткізе алмайды. Тіпті, жұмыс істейтін қызметкерлер де орыс тілін білмегендіктен, іс-қағазды дұрыс толтыра алмай жатады. Осының оң шешімі орыс тілін үйрететін онлайн курстарға қатысу. Курс көмегімен жеке және заман талабына сай онлайн түрде сабақ алу арқылы тілді жетік меңгереді. «Russkaya rech» онлайн курсына қатысу арқылы әр студент уақыты мен ақшасын үнемдейді. Аптасына екі рет, оқу сағаты 45 минут болады. Сабақтар ыңғайлы уақытқа қойылады. Мұғалім әрқашан студентпен байланыста болып, кез келген сұрағына жауап береді. 4 аптаның ішінде орыс тілін меңгеріп, ризашылығын білдірген студенттер жетерлік, – деді Ж.Мергенбаева.
Білім берушілер онлайн курсты табыс көзіне айналдырғанымен, бірінші кезекте сапа мен нәтижеге басымдық беретінін айтады. Ал білім алушылар ше? Олар оң нәтижеге жетіп, аз уақыт ішінде тілді меңгере алды ма?
Онлайн білім алған талапкердің бірі – Ақниет Қалманбай.
– Интернет арқылы алатын білімге қатысты күмәнданудың қажеті жоқ. Ол жерде де құнды ақпараттарға қанық боласың. Бұл дәстүрлі білім алуға қарағанда үнемді және әлдеқайда қолжетімді. Онлайн курстың бір жақсысы – өтілген сабақтарды қайта қарауға мүмкіндік бар. Қайталап отырып, тақырыпты оңай меңгеріп аласың. Бір кемшілігі – курста практикаға қарағанда теория жағын көп түсіндіреді. Сол себепті, менде сөйлеу жағынан қиындықтар бар, – деді Ақниет Қалманбай.
Карантин уақытында еліміздің білім саласы онлайн оқыту жүйесіне көшті. Студенттер мен оқушылар «Zoom» платформасын қолданып, мұғаліммен байланыс орнатты. Бір жарым жылдан астам уақытта онлайн оқығандардың білім сапасы бірінде жақсы көрсеткіш көрсетсе, енді бірінде төмен болды.
– Оқимын деген адамға онлайн сабақ кедергі емес. Дегенмен, онлайнға қарағанда, ұстазбен бетпе-бет көрісіп, үйренген дұрыс деп ойлаймын. Zoom платформасында уақыт шектеулі болғандықтан, көп нәрсе айтып үлгермейсің және түсінбейсің. Ал оффлайн сабақта студенттермен тақырыпты талқылап, білмеген нәрсені сол жерден үйренуге болады, – деді ОҚУ студенті Айдана Абдірахман.

P.S.

Онлайн білім беруші сабақ жоспарын алдын ала видеожазбаға жазып, дайындап, курсқа қатысушыларға береді. Олардың пайымы сабақты игеріп-игермеу әр студенттің талабы мен қабілет деңгейіне байланысты дегенге саяды. Демек, елімізде онлайн курс әлі қарқынды дамымаған деуге болады. Ал білім-білікті терең меңгеруде болашақта мұндай курстарға сұраныс арта берері анық. Әлемде қазіргі таңда уақыт үнемдеуде бірқатар салалар онлайн-дәрістерге көшіп жатыр. Мамандар «оқу-ағарту төңкерісі» деп атап жүрген жүйеде елімізде бәсекелестік артқанда ғана сеңнін қозғалары анық...


Айдана МҰХТАРОВА

Последнее изменение Среда, 17 Август 2022 09:30