Бала күтуші бұл – тиімді бизнес бастама Избранное

Среда, 13 Январь 2021 04:15 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 10771 раз

588a9c86f966fed5e8a3298e0c55cb8c

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасының «Шағын бизнес үшін 100 жоба» кітабындағы бала күтуші агенттігін ашу жобасын тиімді бизнес бастамалардың қатарына жатқызуға болады. Кітапта жобаны қолға алуға 500 мың теңгедей қаражат қажет, өтемділік мерзімі 4 ай уақыт деп көрсетілген.

Бала күтуші қызметі бүгінгі қоғамда сұранысқа ие кәсіптің бірі. Кез келген отбасы, әсіресе жас отбасылар жұмыстан қолдары тимейтіндіктен кейде бала күтушілерді жалдауына тура келеді. Кішкентай балалар тынымсыз ғой, айналасындағының бәрін зерттеп, қолмен ұстап, дәмін татып көруге құмар. Осындай кезде ата-ананың баласын сенімді қолға бергісі келетіні ақиқат. Алайда жеке хабарландырулар арқылы бала күтушіні жалдау қиын. Көбінесе ата-ана бейтаныс күтушіге сенім артуға іштей тартынып, уайымдайтыны рас. Осы ретте отбасыға бала күтушілер агенттігінің көмегі қажет болады.
Сарапшылар мұндай агенттікті ашу – ұтымды бизнес идея екендігін айтады. Лажы болса агенттікте жасы 30-35-тен асқан медициналық немесе педагогикалық білімі бар қыз-келіншектер жұмыс істегені абзал. Кәсіпкер шын мәнінде жақсы мамандарды айналасына топтастыра білсе ғана табысқа жетеді. Бала күтушіні жалдау барысында міндетті түрде ата-анамен келісімшарт түзілуі қажет.
Бала күтуші – жас сәбидің тәрбиешісі, былайша айтқанда екінші анасы. Негізінен 1-6 жас аралығындағы бала тәрбиешісінің қолында өседі. Сондықтан баланы тәрбиелеумен бірге оны мектепке дайындау да соның мойнында. Бала күтушісінің басты міндеттерін атап өтсек, оған мыналарды жатқызуға болады. Мәселен, баланың бөлмесін тазалау, гигиеналық іс-шаралар жүргізу, таза ауада серуендеу, сабақ өту (сурет салдыру, ермексаздан мүсіндер жасату, тақпақ, ән жаттату), кітап оқып беру, ойнату, уақытында тамақтандыру, бала миын дамытатын әртүрлі ойындар ұйымдастыру және қажет болған жағдайда алғашқы медициналық жәрдем көрсету.
«Бір сағаттық бала күтуші» деген де қызмет бар. Ол ата-анада тығыз шаруалар шығып қалып, баланы кімге қалдырарын білмей қалған кезде керек. Мысалы үшін шұғыл іссапарға бару керек болса немесе бір жерде отырыс боп қалса «бір сағаттық бала күтуші» таптырмас көмекші. Мұнда да отбасылар агенттіктің қызметіне жүгіне алады. Тәрбиешіні аз уақытқа жалдаса да бала күтуші өзіне жүктелген міндетті немесе ата-ананың тапсырмасын толық орындауы тиіс.
Агенттікті ашуда бар жауапкершілік директордың мойнында болады. Ол мекеме жұмысын үйлестіруші. Қызметкерлерді іріктейді, бухгалтерлік есеп жүргізеді. Тіпті тапсырыстар қабылдап, телефон қоңырауына да жауап беретін сол. Бұл кәсіптің бір жақсы жері, әлеуметтік маңыздылығы басым. Өйткені бала күтуші қызметіне жұмыссыз жүрген егде жастағы әйелдерді, үйінде бос отырып қалған зейнеткерлерді, арасында жас қыздарды да алуға болады. Тапсырысқа қарай бала күтуші қосымша үй қызметшісі қызметін де қоса атқара алады.
Әсіресе мұндай агенттікті қолға алу Шымкент қаласында тиімді. Оған мегаполистегі демографиялық жағдайдың оң әсері мен халық саны өсімінің жоғары динамикасы себеп. Соған қарай да қалада бала күтушілерге деген сұраныс әрдайым жоғары. Тәрбиешілік қызмет нарығында олардың қызметіне жүгінген ата-аналар тарапынан Шымкент қаласы бойынша ешқандай тапшылық болған емес. Ал агенттіктің жұмысын сәтті жүргізу үшін жақсы жарнама қажет. Оны іске асырудың түрлі жолдары көп. Мәселен, бүгінгі нарықта өзекті болып тұрған әлеуметтік желілер арқылы жарнамалауға болады. Дегенмен ең мықты жарнама адамдардан сол агенттік туралы жақсы сөз есту. Әңгіменің ел ішінде тез тарайтыны белгілі. Сондықтан қоғамда жақсы пікір қалыптасса, соның өзі кез келген мекеме үшін ең үлкен жарнама болып саналады. Ол үшін қызмет сапасы да мақтауға тұрарлықтай болуы тиіс.
Сарапшылар кәсіпті бастауға білім мен тәуекел қажет екендігін алға тартады. Бизнес адамнан батылдықты, нартәуекелді қажет етеді. Босқа армандап қиялдағаннан ешнәрсе шықпайтынын, аздап болса да алға қарай қадам баса беру керектігін айтады мамандар. Сондықтан бала күтуші агенттігі идеясы ұнап жатса, іске сәт!

 

Ә.НҰРЖІГІТҰЛЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Бахтияр Тайжан. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.